-->
Главная » Статьи » Разные

Жатканың жұмыс технологиясы
 Жоғарыда айтылғандай, жатқаның екі түрі бар: комбайн жаткасы және дестелік жатка. Олардың көптеген механизмдері бірдей болады. Сондықтан комбайн жаткасына тоқталып, дестелік жатканың ерекшеліктерін ғана атап өтеміз. Комбайн жатка бөлігі мынадай тораптардан тұрады (3.22.-сурет): А – жатка, В – аралық қондырғы, С – көлбеу камерасы. Осы тораптарда мынандай механизмдер орналасқан: қалбағай, кескіш аппарат, тасымалдаушы механизм, көлбеу транспортер, беріліс механизмдері және теңестіруші механизмдер. Бұлардың барлығы жатка қорабына бекітіледі, ал жатка қорабы көлбеу камера мен теңестіргіш механизм арқылы молотилка қорабына бекітіледі. Қалбағай орылатын астық сабақтарын кескіш аппаратқа жақындатып ұстап тұрады, кесіліп орылғаннан кейін ары қарай тасымалдаушы механизмге жеткізеді. 5.2.-сурет. Комбайнның жатка бөлігі: 1-қорап; 2-ілмек; 3-төменгі білік; 4-қақпақ; 5- жоғарғы білік; 6-жоғарғы білік шкиві; 7-көлбеу камера тасымалдағышы; 8-битер; 9-табан; 10-шнек; 11-саусақты механизм; 12-кескіш аппарат; 13-қалбағай; А-жатка; В-аралық қондырғы; С-көлбеу камера. Қалақшалы қалбағайда негізгі жұмысты атқаратын қалақшалар радиус бағытына орналасқан. Олар бекітілген тармақтар (сәуле сияқты таралған ағаштар) шеңбердің радиус бағытында тұрады да қалбағай білігіндегі крестовинаға бекітіледі. Қалақшалар жасайтын шеңбердің ортасы осы қалбағай білігінде жатады. Қалбағай білігі ағаш подшипникте айналады. Ол айналу кезінде қалақшалар өсімдік сабақтары арасына кіреді де оларды кескіш аппаратқа қарай қисайтып жақындатады. Кесіліп орылғаннан кейін тасымалдаушы механизмге жеткізеді. Өсімдік сабақтары жығылып жатып қалмаса, ұйысып шатаспаса қалақшалы қалбағайлар жұмысты жақсы істейді. Ал керісінше болса оның жұмысы қиындайды. Себебі, жұмыс кезінде қалақшалардың жер бетімен жасайтын бұрышы үнемі өзгеріп отырады. Тіпті астық сабақтарының арасына кірерде қалақшалар жалпағымен бағытталады да, сабақ аралықтарына ене алмай, оларды басып үстінен өтіп кетеді, сөйтіп қалбағай өзінің қызметін атқара алмайды. Сондықтан қалақшалы қалбағайлар дестелі жаткаларға ғана қойылады. Олар астықты сабақтары жатпай, шатыспай тұрған кезінде орады. Эксцентрикті универсал қалбағай барлың комбайн жаткаларында болады. Бұл қалбағайда жоғары айтылган кемшілік болмайды. Арнаулы эксцентрикті (центрі ауытқыған) механизмнің көмегімен қалбағай айналған кезде оның қалақшалары жер бетімен жасайтын бұрышын өзгертпейді, яғни олар өзара параллель қозғалыс жасайды. Әсіресе өсімдік сабақтары арасына енерде қалақшалар тік бағытта бір қырмен кіреді де жалпақ жанымен сабақтарды итеріп кескіш аппаратқа жақындатады. Аталған эксцентрикті универсал қалбағай сабағы ұзын немесе орташа астықтарды оруға ыңғайлы болады. Ал өте қысқа сабақты астықты орғанда, оның жұмысы нашарлайды. Себебі кескіш аппарат пен тасымалдаушы механизм аралығында "өлі аймақ" пайда болады, яғни кесілген сабақтарды қалбағай тасымалдаушы механизмге жеткізе алмайды. Қысқа сабақтар тасымалдаушы механизмнің алдында топталып жиналады да кескіш аппараттан сырғып жерге шашылып ысырап болады немесе көп болып топталған күйінде беріліп, бастырғыш аппараттың жұмысын зақымдайды. Қазіргі астық комбайндарында негізгі қолданылып жүргені - экспентрикті универсал қалбағай. Сондықтан оның құрылысына, жұмысына және оны реттеуге кеңірек тоқталамыз. Эксцентрикті универсалды қалбағай ағаш подшипниктер арқылы ұстағышқа жылжымалы түрде бекітілген. Сол себепті қалбағайды кескіш аппаратпен салыстырғанда, ілгері-кейін жылжыта аламыз. Сол сияқты ұстағыштың түбі трубаға пісіріліп бекітіліп, ағаш подшипник арқылы жатка қорабына бекітілген, ал орта шенінде гидроцилиндр қойылған. Сондықтан ұстағышты гидроцилиндр арқылы көтеріп түсіруге болады. Бұл кезде ұстағыштың трубадағы түбі подшипникте айналады да қалбағай бекітілетін ұшы көтеріліп түсіріледі. Сол арқылы қалбағайды орылатын астық сабағының биіктігіне лайықтап реттейді. Эксцентрикті құрсау центрі роликтері бар тізгін ұстағышпен жалғасқан. Тізгін ұстағыш қалбағайдың ағаш подшипнигіне тіркелген кронштейнге бекітіледі. Ол жерде төрт тесік бар. Сол тесіктер арқылы эксцентриктің центрін жылжытуға болады, яғни ол кезде саусақтардың еңкею бұрышы өзгереді, сүйтіп саусақты тырмалар тік бағыттан артқа қарай 30°, 15° бұрыш жасап және алға қарай 15° бұрыш жасап еңкейеді. Саусақтар түтікке тесіктер арқылы өтеді де ортасынан шплинт пен ұстатылады. Түтіктің екі жеріне қалақша бекітілетін кронштейн бар. Ондағы тесік ұзыншақ. Сол арқылы қалақшаны саусақ бойымен жылжытуға болады, тіпті кейбір кезде оны алып тастайды. Қалбағай қозғалысты сына белдікті вариатордан шынжырлы беріліс арқылы алады. Осы вариатор көмегімен қалбағайдың айналыс жылдамдығын жұмыс кезінде тоқтатпай-ақ өзгерте беруге болады. Оның жұмыс принципі сына белдік арқылы жалғасқан екі шкивтің біреуінің арасын ашып, екіншісін жағындатқан кезде жұмысшы диаметрлері өзгеруінен болатын беріліс санының өзгеруіне негізделген. Жетекші шкивтің екі дискісі аралығын алыстатып немесе жағындатып тұруды гидроцилиндр атқарады, ал жетектелуші шкивтің дискілерін қозғау үшін серіппелер қойылған. Вариатордың жетектелуші шкивінен шынжырлы беріліс арқылы қалбағай білігіне айналыс беріледі. Қалбағай білігіндегі жұлдызша білікпен сақтандырғыш муфта арқылы жалғасқан. Егер қалбағай сынатындай үлкен кедергіге кездессе, сақтандырғыш муфта берілісті тоқтатады. Оның жұмыс принципі үйкеліс күшіне негізделген. Қозғалысты бір-біріне үйкеліс беттері арқылы беретін екі диск бар. Олардың біреуін қалбағай білігіне, екіншісі жұлдызшаға берік бекітеді де серіппемен қысады. Серіппенің қысу күшін өзгерту арқылы үйкеліс күшін де өзгертеді. Қалбағайдың барлық тетіктерін жұмыс жағдайына қарай реттеп отыру керек. Сонда ғана істелген жұмыс сапасы талапқа сай болады. Реттеу жұмыстары төмендегідей жүргізіледі. Қалбағай өсімдік сабақтарын кескіш аппаратқа жақындатуы үшін, оның жұмысшы қалақшаларының жылдамдығы комбайнның жүре жылдамдығынан көп болуға тиіс. Қалбағай қалақшала-ры жылдамдығы мен комбайн жүріс жылдамдығы екеуінің ара қатынасы 1,2-2,0 шамасындай болса ғана қалбағай өсімдік сабақтарын кескіш аппаратқа жақындата алады. Комбайн жылдамдығы сағатына 7 км шамасына дейін болғанда сол жылдамдықтар қатынасы 1,5-2,0, ал комбайн одан тез қозғалғанда 1,2-1,5 мөлшеріне қойылады. Себебі комбайн жоғарғы жылдамдықпен қозғалғанда сабақтардың қарсылық күші артады. Қалбағай қалакшаларының жылдамдығы, оның бір минуттағы айналыс санына байланысты. Айналыс саны өскен сайын, қалақша жылдамдықтары да артады. Бұл үшін арнайы вариатор қойылған. Сол вариатордың көмегімен комбайнер жұмыс кезінде қалбағайдың айналыс санын өзгерте алады. Вариаторға қосымша қалбағай айналыс санын жетектеуші жұлдызшамен де өзгертуге болады. Жетектеуші жұлдызша тісінің саны 18 болған кезде вариатор көмегімен қалбағайдың айналыс санын 16,5-41,5 шамасына дейін өзгертуге болады, ал жетектеуші жұлдызша тісінің саны 20 болған кезде қалбағайдың айналыс санын 20-52 шамасына дейін өзгертуге болады. 20 тісті жұлдызшаны комбайн жоғарғы жылдамдықпен жұмыс істегенде қолданады. Қалбағайдың қалыпты жұмыс істеуі өзінің айналыс санына ғана байланысты емес, оның кескіш аппаратқа сәйкес орналасуына да байланысты. Ол үшін қалбағайды екі бағытта да (тік бағытта және көлденең бағытта) жылжытуға болады. Егер қалбағай тік бағытта дұрыс реттелмесе, кесілген сабақтарды шнекке жеткізе алмайды. Себебі, өсімдік сабақтары оның қалақшаларынан асып түседі немесе сырғып жерге түсіп қалады. Көлденең бағытта дұрыс реттелмесе, онда шнек жұмысын нашарлатады. Өзі жүретін комбайндарда бұл екі бағыттағы реттеулер арнаулы механизм арқылы өзара үйлестірілген. Сондықтан комбайнер жұмыс кезінде қалбағайды тік бағытта ғана гидравликалық механизм көмегімен реттейді. Ал қалбағайдың тік бағыттағы қалпына сәйкес, көлденең бағытта да өздігінен реттеліп қалыпқа келеді. Қалбағайдың жұмыс кезіндегі реттелуі дұрыс болуы үшін оған жұмыс алдында мынадай тексерулер жүргізіледі. Қалбағай білігі салмақ күшінің әсерінен майыспай, түзу бағытта тұруы тиіс. Егер білік майысқан болса, қалбағай жұмысы жалпы нашарлаумен қатар, білік басына бекітілген жұлдызша жұмыс кезінде бір жазықтықта айналмайды, сөйтіп тез тозады немесе шынжырдан шығып кете беретін болады. Сондықтан білікті түзу қалыпқа келтіру керек. Ол үшін шпренгельдердің тарту күшін бір қалыпқа келтіреді, яғни көп күшпен тартылған шпренгель жағына білік майысып тұрады. Ондай шпренгельдерді босатып, соған қарама-қарсы шпренгельді тарту қажет. Қалбағай білігі кескіш аппарат бағытына параллель орналасуға тиіс. Тік бағыттағы қалбағай білігімен кескіш аппараттың ара қашықтығы жатқаның оң жағында және сол жағында бірдей болуы керек немесе 10 мм ғана ауытқу жіберуге болады. Мұндай ара қашықтықтардың бірдей еместігі қалбағай бекітілген түтіктің майысуынан болады. Сондықтан ондай түтікті түзетіп қалыпқа келтіреді. Қалбағай мен кескіш аппаратқа үстінен қараған кезде олар өзара параллель болуы керек. Параллель болмаса, қалбағай подшипнигі бекітілген жылжымадағы қамытты босатып, тиісті бағытқа жылжыту қажет. Қалбағай қалақшаларындағы саусақтардың ұшы мен кескіш аппарат арасындағы қашықтық, қалбағайдың ең төменгі қалпындағы кезінде 20-25 мм болуға тиіс. Егер одан ауытқу болса, қалбағайдың жұмыс кезіндегі реттелуі бұзылады. Ол қашықтықты қалыпқа келтіру үшін гидроцилиндрдің қалбағай ұстағышына жалғасқан жеріне компенсатор қойылған. Сол компенсатордағы қосалғы гайканы кіргізе немесе шығара бұрап, көрсетілген қашықтықты қалыпқа келтіреді. Қалбағай қалақшаларындағы саусақтардың ұшы мен шнектің винтті лентасы арасындағы қашықтық, қалбағай ең төменгі қалыптағы кезінде 15 мм болуға тиіс. Егер ол қашықгық осы көрсетілген мөлшерден көп болса, қалбағай жұмыс кезінде кесілген сабақтарды шнекке тақап бермейді де сабақтар кескіш аппарат үстіне жиналып қалады, ал көрсетілген шамадан кіші болса, кесілген сабақтардың шнек бойымен жылжуына кедергі жасайды. Сондықтан қалбағай білігінің подшипнигі бекітілген жылжыма қамытты босатып, тартқыш бойымен керекті бағытқа қарай жылжытады. Егер эксцентрлі механизмнің тізгін ұстағышын алдынан санағанда бірінші тесікке бекітсе, қалбағай қалақшалары алға қарай 15 градусқа бұрылады. Қалақшалардың мұндай қалпы биіктігі бір метрден артық және тік тұрған астықты жинау кезінде сақталады. Эксцентрлі механизмнің тізгін ұстағышы екінші тесіеке бекітілсе, қалбағай қалақшалары тік бағытта болады. Мұндай кезде биіктігі бір метрден аспайтын және тік тұрған астық жиналады. Сабақтарының биіктігі бір метрден қысқа және өзі құлап қалған астықты жинау үшін эксцентрлі механизмнің тізгін ұстағышын үшінші тесікке бекітеді. Осы кезде қалбағай қалақшалары артқа қарай 15 градусқа бұрылады. Сабақтары бір метрден биік және құлап шатысып қалған астықты жинау үшін эксцентрлі механизмнің тізгін ұстағышын төртінші тесікке бекітеді. Осы кезде қалбағай қалақшалары артқа қарай 30 градусқа бұрылады. Қалбағай қалақшаларына ағаш тақтайша бекітілген және оларды орнынан саусақ бойымен жылжытуға болады. Сабақтары құламай тік тұрған және шатыспаған астықты жинау үшін ағаш қалақшаларды түсіріп, ең төменгі қалпына қояды. Сабақтары шатысқан, бірақ құлап жатпаған астықты жинау үшін қалақшаларды орта қалпына қояды. Себебі, одан асып тұрған саусақтар шатысқан сабақтардың арасына тез кіре алады. Жығылып қалған астықты жинау үшін қалақшаларды мүлде алып тастайды. Сабақтары өте аласа астықты жинау үшін ұшына қосымша белдік шегелеп жалғайды. Осы баяндалған реттеулерді орындағаннан кейін қалбағайды комбайншы жұмыс кезінде реттей алады және жиналатын астық ерекшелігіне қарай мынандай басқа да реттеулер жүргізеді. Астық сабақтарының биіктігіне байланысты гидравликалық механизм көмегімен қалбағайды белгілі биіктікке қояды. Кесілген сабақтарға қалбағай қалақшалары ауырлық центрі тұсынан жанасуы тиіс. Сонда ғана ол сабақтарды шнекке толық жеткізе алады. Егер қалбағай қалақшалары сабақтардың ауырлық центрінен төмен жанасса, онда сабақтар қалақшалардан ауытқып жерге құлайды, ал ауырлық центрден жоғары жанасса, сабақтар қалақшаларға ілікпейді, кескіш аппарат арқылы сырғанап жерге құлайды. Масақты дақылдар сабақтарының ауырлық центрі масақ жақтан өлшегенде оның ұзындығының үштен бір бөлігі тұсында болады. Басқаша айтқанда қалбағай қалақшалары кесілген сабақтар ұзындығының масақ жағынан өлшегенде үштен бірі түсынан жанасуы тиіс. Қалбағайдың айналыс саны дұрыс қойылса, ол өсімдік сабақтарын кескіш аппаратқа иіп алып келеді де, кесілген сабақтарды шнекке жеткізеді. Ал айналыс саны кем болса, сабақтарды кескіш аппаратқа жеткізе алмайды, керісінше оларды кескіш аппараттан алыстатады, айналыс саны артық болса, кесілген сабақтарды жатқаның артына қарай асырып лақтырады және қалақшалар сабаққа қатты ұрылады да, масақтарды сындырып, дәнді үгітеді. Сөйтіп ысырап жасайды. Сондықтан қалбағай жұмысын үнемі қадағалап тексеріп отыру керек. Кескіш аппарат қалбағаймен қисайтып берілген астық сабақтарын кеседі. Кескіш аппараттың бірнеше түрі бар, оларды негізінен тіреп кесетін және тіремей кесетін аппараттар деп екі түрге бөлуге болады. Тіремей кесетін аппараттарда өсімдік сабақтарының өздерінің тірелу қасиеті пайдаланылады. Мұндай аппараттарда пышақ үлкен жылдамдықпен қозғалады. Құрылысы жағынан аппараттар дискілі және шынжырлы болып бөлінеді. Дискілі аппаратта кесетін пышақтар дискінің сыртқы шеңберіне бекітіледі де жұмыс кезінде айналмалы қозғалыс жасайды, ал шынжырлы аппараттар ауыл шаруашылық машиналарында көп қолданылмайды. Оның негізгі себебі - пышаққа аса үлкен жылдамдық керек. Ауыл шаруашылық машиналарында көбінесе тіреп кесетін аппараттар қолданылады. Олардың құрылысы қарапайым өздері сенімді болады. Жұмыс ерекшелігіне байланысты тіреп кесетін аппараттарды үш түрге бөледі: қалыпты биіктікте, орташа биіктікте және аласа етіп кесетін аппараттар. Осы үш түрлі аппараттардың бір-бірінен айырмашылығы, пышақ пен қарсы кесетін бөлшектердің саусақ аралықтарының шамасына байланысты болады. Егер қарсы кесетін саусақтардың ара қашықтығын(қадамын) t0 деп, пышақтардікін 1; деп белгілесек, онда қалыпты биіктікте кесетін аппаратта t- t0 аласа кесетін аппаратта t=2t0 және орташа кесетінде t=ktо болады. Соңғы көрсетілген К бір мен екі аралығындағы шаманы білдіреді. Басқаша айтқанда, пышақтар мен саусақтар қадамы қалыпты аппараттарда тең, аласа кесетін аппаратта пышақтан саусақ екі есе жиі, ал орташа кесетін аппаратта көбінесе 3/4 есе жиі орналасады. Саусақтардың жиі орналасуына байланысты өсімдік сабақтарының кесу кезіндегі иілу шамасы да, кесу биіктігі де әртүрлі болады. Сабақтары құлап шатасқан, арамшөп басқан астықты оруға арналған аппараттардың саусақтары болмайды. Олар өзара беттестірілген екі пышақтан құралады. Қозғалыс біреуіне ғана беріледі немесе екеуіне де берілуі мүмкін. Мұндай кескіш аппараттар көбінесе күріш оратын жаткаларға қойылады. Осы жоғарыда аталған аппараттар ішіндегі кесу сапасы жақсы, кесуге аз қуат жұмсайтыны және сенімдісі қалыпты биіктікте кесетін аппарат болып табылады. Сондықтан барлық астық жинайтын комбайндар қалыпты биіктікте кесетін кескіш аппараттармен жабдықталған. Астық комбайндарында пышақ қозғалысы иінді-шатунды механизмнен алады. Жатканың жұмысшы мүшелеріне қозғалыс беретін карданды біліктің ұшына эксцентрикті саусақ орнатылып, оның басына шарикті подшипнигі бар шатун бекітілген. Шатунның өзегі ағаштан -жасалып, екі ұшына темірден жасалған шоқпар бастар бекітіледі. Оның саусаққа бекитін жоғарғы басы өзекке екі болт арқылы жалғасады, ал тесіктің бірі сопақша етіп жасалған. Сол болтты босатып, шатунның өзегі мен басын бір түзудің бойында жататындай етіп реттейді. Шатунның төменгі басы мен өзек бедерлі пластина арқылы жалғасады және оның тесігі ұзыншақ жасалған. Сол тесік арқылы жылжытып, шатунның жалпы ұзындығын өзгертуге болады. Кескіш аппаратты реттеу кезінде осылай істейді. Шатунның төменгі басы жұмыр топсасы бар күйентеге бекітіледі, ал күйентенің екінші басы жалғастырғыш буын арқылы пышақ басымен жалғасады. Күйентенің жатка қорабына бекітілген жерінде де ұзынша тесік жасалған. Сол арқылы оның да орнын өзгертіп бекітуге болады. Жалғастырғыш буын екі басы да жұмыр топса кіретіндей шұңқыры бар екі пластинадан құралады. Ол екі пластина арасына серіппе салынып, болт арқылы өзара жалғасады. Пышақтың беріліс механизмінің негізгі қызметі карданды біліктің айналмалы қозғалысын пышақтың ілгері-кейінді қозғалысына айналдыру болып табылады. Ол былай іске асады. Карданды білік айналған кезде оның басындағы эксцентрикті саусақ айналмалы қозғалыс жасайды, ал онымен жалғасқан шатунның жоғарғы басы бірге айналады да төменгі басы ілгері-кейінді қозғалатын болады. Сөйтіп, кривошипті-шатунды механизм айналмалы қозғалысты ілгері-кейінді қозғалысқа айналдырады. Шатунның төменгі басымен жалғасқан күйенте тербелмелі қозғалысқа келеді де оның екінші басымен жалғасқан пышақ та ілгері-кейінді қозғалады. Мұндары күйентенің қызметі - шатунның қозғалысын 90 градус бұрып, пышаққа беру. Өйткені шатун мен пышақ өзара тік бұрыш жасап орналасқан. Кескіш аппарат жұмысын реттеген кезде саусақтардың бір түзу бойында жатуын тексереді. Бір түзу бойында жатпаған саусақтар ұшына күшейткіш труба кигізіп, тиісті бағытта майыстырып түзейді немесе балғамен ақырын ұрып түзетеді. Кескіш саусақтардың берік бекітілгендігін тексеру үшін де балғамен ақырын ғана ұру керек. Осы кезде олар металды ұрғандағыдай шыңылдаған дыбыс шығарса, онда саусақтың берік бекітілгендігі, ал дірілдеген дыбыс шығарса, саусақтарды қатайта тарту керек. Саусақтардағы кері кескіш пластинкалардың сынбағандығы және босамағандығы тексеріледі. Сынған пластинкаларды айырбастап, қайта шегелейді. Пышақ дүздері кері кескіш пластинкаларға жанасуы тиіс және олардың арасындағы саңылау алдында 0,5 мм артында 1 мм шамасынан аспауы керек. Бұл шамадан ауытқу болса, пышақ арқалығын тегіс плитаға қойып түзейді. Пышақ дүздері мен қысқыш алақандар арасындағы саңылау 0,1-0,5 мм болуы тиіс. Мұндай болмаса, қысқыш алақандары балғамен ұру арқылы қалыпқа келтіреді. Пышақ басы өзі жүретін бағыттағыш пластинкада жеңіл қозғалуы тиіс. Егер жанасу кезінде өзара тірелетіндей болса, бағыттағыш пластинканы бекітілген орнынан тік және көлденең бағытта жылжытады. Тік бағытта жылжытуға арналған тесігі ұзыншақ жасалған, ал көлденең бағытта жылжыту үшін брус арасына қалтқы қойылған. Кескіш апаратты осылай реттегеннен кейін пышақ қолдан жеңіл қозғалып тұруы керек. Жоғарыда баяндалған әдістермен кескіш аппаратты қалыпқа келтіргеннен кейін, оның жұмысын реттейді, яғни шалғы дүздерінің осьтері мен саусақ осьтері, эксцентриктің өлі нүктесіне (шалғының екі шеткі қалпы) дәл келуі керек. Бұл осьтер дәл келмесе, кесу сапасы нашарлайды. Өйткені шалғының екі шеткі қалпындағы жылжу жылдамдығы нольге тең. Ал осы кезде шалғы дүзінің осі екі саусақ арасында болса, кесілуге тиісті сабақтар кесілмей қалады. Сондықган шалғы дүздері екі саусақ арасында үлкен жылдамдықпен қозғаллуы тиіс. Егер шалғы дүздерінің осьтері мен саусақ осьтері шалғының шеткі жағдайына дәл келсе ғана шалғы дүздері екі саусақ арасында үлкен жылдамдықпен қозғалады. Шалғы дүздерінің осьтерін дәл келтіру үшін эксцентрикті бұрап, өлі нүктесіне сәйкестейді. Енді шалғы дүздері осьтері мен саусақ осьтерінің дәл келуін тексереді. Тура келмесе, шатунның ұзындығын өзгертеді. Тасымалдаушы механизмдер жатканың екі шетіндегі орылған астықты ортасына жинап, оны көлбеу транспортерге немесе десте түсетін тесікке жеткізу қызметін атқарады. Дестелі жаткаларда тасымалдаушы механизм ағаш планкалы, кендір маталы транспортерден тұрады. Ол жұмыс кезінде айналып тұрады. Кесілген сабақтарды қалбағай осы транспортердің үстіне жатқызады. Транспортер қозғалысы десте түсетін тесікке қарай бағытталғандықтан, оған жеткен астық сабақтары сол тесіктен жер бетіне десте болып түседі. Алым кеңдігі шағын жаткаларда десте түсетін тесік бір шетінде жасалады да оған қарай бір ғана транспортер тасиды. Ал алым кеңдігі өте үлкен жаткаларда екі транспортер орнатылады да олар астықты жатканың екі шетінен бірдей десте түсетін тесікке қарай тасиды. Өнімі аз, сирек өскен астықты қосарланған дестеге салады. Ондай жаткалардың екі шетінде де десте түсетін тесік жасалады да транспортер реверсивті (бағыт өзгерткіш) механизммен жабдықталады. Ондай жаткамен жұмыс істеген кезде агрегат бір жүрісінде дестені оң жағына, ал кері қайтқанда сол жағына түсіреді. Сөйтіп екі жүріп өткенде қосарланған бір десте салынады. Астық комбайндарының жаткасындағы тасымалдаушы механизм мүлде бөлек жұмыс істейді, яғни ол кесілген астықты дестеге емес, бастырушы аппаратқа жеткізеді. Бұл механизм винттік бетпен жасалған қалақшалары бар шнектен, саусақты бергіш қондырғыдан және көлбеу траспортерден құралады. Шнек жатканың ен бойына орналасқан. Оның екі жағына бағыттары оң винттік және сол винттік қалақшалар пісіріліп бекітілген, ал ортасында саусақты бергіш қондырғы орналасқан. Жұмыс кезінде шнек айналмалы қозғалыс жасайды. Сол кезде винттік бағытпен жасалған қалақшалар қалбағай берген астықты жатқаның ортасына жинайды, саусақты бергіш қондырғы оны көлбеу транспортерге жеткізеді. Саусақты бергіш қондырғы шнектің оң жақ осіне бекітіледі. Ол ось жатка қорабының оң жағына шығып тұрады. Сол шығып тұрған ұшына тұтқа бекітілген. Осьтің екінші ұшы шнектің ортасына өтеді. Сол ұшына саусақ осімен жалғайтын тізгін орнатылған. Сөйтіп саусақ осі шнек осінен алшақталған иін жасайды. Ол иін жатканың алдыңғы жағына бағытталып тұрады және оған саусақ түптері айналатындай етіп бекітіледі. Саусақтардың ұшы ағаш подшипник орнатылған көздер арқылы шнектен шығып тұрады. Шнек айналған кезде онымен бірге саусақтар да өз осінен айналады. Сонда олар жатқаның алдыңғы жағында шнек сыртына көп, ал артқы жағында аз шығады, өйткені саусақ осі айналмай бір орында тұрады. Оның қандай жағдайда орналасатындығын ұшына бекітілген тұтқа арқылы реттейді. Осындай құрылысты саусақтар жұмысты былай істейді. Шнек айналған кезде олардың ұштары шнекпен бірге айналады да жатканың алдыңғы жағында (шнектің иінге жағын жерінде) шнектен сыртқа көп шығады. Ол жерде берілетін астық сабақтарын іліп алып, шнектің астымен көлбеу транспортерге қарай жылжытады да өздері шнек ішіне бірте-бірте кіріп қысқара береді. Астық көлбеу транспортерге жеткенде, яғни жатканың, артқы жағында (шнек иіннен алыстағанда) саусақтар шнек ішіне мүлде жасырынып қалады. Осылай қозғалу нәтижесінде саусақтар өздерімен бірге астықты ілестірмейді. Кесілген сабақтарды топтамай дер кезінде жылжытып отыру үшін шнектің винтті қалақшасы мен жатка түбінің ара қашықтығын реттеу керек. Бұл қашықтық мөлшерін өзгерту үшін, шнек жатка қабырғасына арнаулы винтті механизм арқылы бекітілген. Сол винтті механизм арқылы шнек қалақшасы мен жатка түбінің ара қашықтығын 6-35 мм шамасында өзгертуге болады. Ол үшін шнек плитасын бекітіп тұрған болтты босатып, винтті ұзартады немесе қысқартады. Жиналатын астық массасы аз болса, шнектің винтті қалақшасы мен жатка түбінің ара қашықтығын жағын шамаға, масса көп болса, ара қашықтықты үлкен шамаға қояды. Саусақтардың ұшы мен жатка түбіндегі саңылауды да жиналатын астық шамасына қарай өзгерту керек. Оның тұтқасын жатқаның артқы жағына жылжытқан кезде саусақ ұшы мен жатка түбі арасындағы саңылау азаяды. Бұл жағдай сабақтары қысқа және орташа астықты жинағанда қолданылады. Ал тұтқаны алдына қалай жылжытқанда саңылау ұлғаяды. Бұл жағдай ұзын сабақты астықтарды жинау кезінде қолданылады. Көлбеу транспортер камера ішінде орналасқан. Оның міндеті - жаткадағы орылған астықты молотилкаға қарай көтеріп жеткізу. Ол транспортер темір планкалар бекітілген шынжырдан құралған. Көлбеу камераның жоғарғы басындағы жетектеуші білік подшипникке берік етіп, ал төменгі жетектелуші білік камера қорабына қалғымалы етіп орнатылған. Сондай құрылысы арқасында көлбеу транспортер тасымалданатын астық шамасына байланысты орналасу қалпын өзгертіп отырады, көп болса да аз болса да бірқалыпты жұмыс істейді. Көлбеу камера - жатка мен молотилканы жалғастыратын бөлік. Оның төменгі жағында бір нүктеге жатка топсалы күйде жалғасқан. Сондай бөліктің көмегімен, көлбеу камерамен салыстырғанда, жатка қорабы ұзындығы және көлденең жазықтықта қозғала алады. Ол үшін топса шар тәрізді етіліп жасалған. Көлбеу камераның жоғарғы басы молотилка қорабына қамыт арқылы топсалы түрде бекітіледі. Ол топса камераны ұзындығы бойындағы жазықтықта ғана қозғауға мүмкіндік береді, яғни жатқаны жол жүру қалпына көтерген кезде көлбеу камера осы топса арқылы айналып, оның төменгі жатка жалғанған басы көтеріледі. Жатқа қорабы жұмыр топсадан басқа, екі нүктесімен теңестіргіш механизм арқылы жоғарғы топсамен, яғни молотилка қорабымен жалғасады. Ондағы мақсат жұмыс кезінде жатканың жер бедеріне икемделу мүмкіндігін арттыру болып табылады. Егер жатқаның барлық салмағы (бір тоннаға жуық) тірек мүшесіне түсетін болса, онда ол жерге басылып кіріп кетеді де жатка өзінің жұмыс қабілетін жоғалтады. Қалыпты жұмыс істеу үшін жатқаның тірек мүшелері жер бедерін бейімді түрде икемделіп жұмыс істеуі керек. Ол үшін тірек мүшелеріне түсетін күш көп болмауы тиіс. Осы үшін мұндатеңестіргіш механизм қойылған. Теңестіргіш механизмге жатканың негізгі салмағы түседі, ал салмақтың аздаған бөлігі ғана (250-300 Н.) тірек мүшелеріне түседі. Теңестіргіш механизм жатқаның оң жағына және сол жағына орналасқан. Олардың құрылысында айырмашылық жоқ және олар тартқыштардан, серіппелерден, реттегіш болттардан құралған. Теңестіргіш механизмнің негізгі бөлігі серіппелер жиынтығы болып табылады. Ол тартқыштар арқылы төменгі ұшымен жаткаға, реттегіш болттар арқылы жоғарғы ұшымен молотилка қорабына жалғанады. Төменгі топсаға жатқа салмағы түседі де серіппелерді керіп тұрады. Серіппелердің керілу күшін реттегіш болттар арқылы өзгертуге болады. Ол кезде жатканың тірек мүшелеріне түсетін күш мөлшері де өзгереді. Жатқаның тірек мүшелері жер бетімен сырғитын шана тәрізді жасалған. Оны тірек төсемі деп атайды. Ол жатканың екі шетіне қойылған. Олар жұмыс кезінде жер бетімен сырғанап жүреді де жер бедеріне қарай жатқаның және кескіш аппараттың қалпын өзгертіп отырады. Тірек төсемдерін жатка қорабына үш түрлі қалыпта бекітуге болады. Осы кезде тірек төсімі мен жатка қорабының ара қашықтығы өзгереді. Олай болса, онымен бірге кесу биіктігі де өзгереді. Сол қондырғы көмегімен жатқаның кесу биіктігін 100, 130 және 180 миллиметрге қоюға болады. Жер бедеріне қарай жатқаны осы үш биіктіктің біреуіне қояды. Егер жердің беті тегістеу болса, ең төменгі биіктік шамаға, ал онша тегіс болмаса, жоғарғы биіктікке қояды. Тірек төсемі жер бетімен сырғанап жүруі үшін оған небәрі 250-300 Н. ғана күш түсуі тиіс. Сонда ғана ол жер бедеріне икемделіп жүре алады. Егер ол күш 300 Н. шамасынан көп болса, тірек төсемі жерді қазып кетеді. Оны азайту үшін теңестіргіш механизм серіппелерін тарту керек. Егер тірек төсеміне түсетін күш 250 Н. шамасынан аз болса, онда ол жерден тез көтеріледі, яғни дөң жер кездескенде секіріп кетеді. Сөйтіп кесу биіктігі бір қалыпты болмайды. Кейде орылған аңыздың беті ойлы-қырлы болып, сатыланып жатады. Мұндай жағдайда теңестіргіш механизм серіппелерін босату керек. Жоғарыда көрсетілген реттеулер, яғни жатқаны белгілі кесу биіктігіне қою мен теңестіргіш механизм реттеулері, жер беті құрғақта қатты болғанда ғана дұрыс болады. Ал комбайн ылғи құрғақ жерде ғана жұмыс істемейді. Мысалы, күріш жинау кезінде балшықты жерде немесе кейде үлкен тасты жерлерде де жұмыс істейді. Мұндай кездерде жатканың кесу биіктігін тірек төсемі арқылы басқаруға болмайды, ол сынып қалады. Сондықтан комбайн тасты немесе балшықты жерде жұмыс істегенде теңестіргіш механизмді ажыратып тастайды. Ол үшін оның рычагын корпус жаткасына бекітеді, яғни транспорт қалпына келтіреді. Енді жатканың кесу биіктігін комбайнер гидравликалық механизм арқылы реттейді. Егер комбайн түсімі өте жоғары астықты жинаса және бұл кезде өте баяу жылдамдықпен жұмыс істейтін болса, онда тірек төсемдеріне небәрі 100 Н ғана күш түсетін етіп реттеу тиімді. Бұл кезде астық ысырабы өте аз болады, ал комбайн ақырын (2 км/сағатқа дейін) жылжитындықтан жатка секірмейді. Мұндай жағдай көбінесе жатып қалған күрішті ору кезінде ұшырасады.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 2350 | Теги: Жатканың жұмыс технологиясы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: