-->
Главная » Статьи » Разные

Топырақты негізгі өңдеудің технологиясы.
Жер жыртудың түрлері. Жер қыртысын қайырмалы плугтармен жыртудың негізінен мынандай екі түрі бар: аударып жырту және текшелеп жырту. Жыртудың мұндай түрлерін қолдану өңделетін жердің физикалық-механикалық қасиетіне байланысты. Жер қыртысының физикалық-механикалық қасиетіне топырақ құрамындағы өсімдік тамыр мен сабақ қалдықтары, осы қалдықтарға байланысты беріктігі және оны ұсақтауға керекті энергия шамасы, т.с.с. жатады. Осындай қасиеттеріне байланысты жер қыртысын тың және тыңайған, мәдени, сортаң жерлер деп бөледі. Осыған қосымша құнарлы қабаттың қалыңдығына байланысты құнарлы немесе құнарсыз топырақтар деп те бөледі. Тың және тыңайған, немесе мәдени топырақтың қыртысын аударып жыртады, ал сор басқан топырақтың құнарлы қабатын қалыңдату үшін текшелеп жыртады. Топырақты аударып өңдеудің үш түрі бар (1.1.-сурет); толық аударып жырту (1.1. а - сурет), жартылай аударып жырту (1.1.6 - сурет) және мәдени жырту (1.1.в - сурет). Толық аударып жыртуды көбінесе жер бетін жақсарта өңдегенде қолданады және сыдыра жыртқыш плугтармен жүргізеді. Мұндай жырту кезінде жер қыртысы тілініп 180° аударылады. Бұл кезде үстіңгі қабаттағы арамшөптер мен өсімдік қалдықтары аударылған қыртыстың астында қалады. Бірақ тілінген екі қыртыс аралығындағы жапсарда өсімдік сабақтары жасырылмай, ашық қалады. 1.1.-сурет. Жер жырту түрлері: а-толық аудару; б- жартылай аудару; в- мәдени жырту. Топырақты жартылай аударып жыртуды тың және тыңайған жерлерді игергенле қолданады. Ол үшін қайырмалы плугтарды шолақ түренсіз пайдаланады. Бұл кезде плугтың қайырмасы аударған жер қыртыстары бір-біріне сүйене қисайып жатады (1.1.6-сурет). Мұнда да тілінген екі қыртыс аралығындағы жапсарда жасырылмаған өсімдік қалдықтары қалады. Соңынан шымдарды бұзу үшін ауыр тырмаларды пайдаланған кезде ондай өсімдік қалдықтары жер астына жасырылады. Жерді мәдени өңдеу үшін шолақ түрені бар қайырмалы плугтарды пайдаланады. Бұл кезде шолақ түрен, жапсараралықтағы қабатты кесіп, айдаудың түбіне түсіреді, ал негізгі корпус қалған қыртысты аударып оның үстін бастырады (1.1.в - сурет). Сөйтіп жапсараралықта жасырылмаған өсімдік қалдықтары қалмайды. Оған қосымша, арамшөп тұқымдары көп кездесетін жоғарғы беткі қабат (қалыңдығы 8-12 см) айдаудың ең төменгі тереңдігіне көміледі. Мұндай әдіспен жер жыртудың мәдени жерлер үшін маңызы үлкен. Топырақты текшелеп жыртуды сор басып кеткен құнарсыз топырақтарда қолданады. Ондағы негізгі мақсат - жылдан-жылға топырақтың жоғарғы құнарлы қабатын қалыңдату. Мұндай өңдеуді текшелі плугтармен жүргізеді. Текшелеп жырту сор топырақгың төмендегідей ерекшелігіне байланысты. Сор басқан топырақ негізгі үш қабаттан тұрады (1.2. а - сурет). Ең жоғарғы қабат А - құнарлы қабат, ол өте жұқа, өсімдікті жеткілікті қоректендіре алмайды. Сондықтан бұл қабатты өңдеу арқылы қалыңдату керек. Ортаңғы Б қабатта сор басқан ең жарамсыз топырақ болады. өңдеу кезінде бұл қабатты өсімдік тамыры жетпейтін тереңге көму қажет. Ең астыңғы үшінші В қабаттың да құнарлылығы шамалы, бірақ оны пайдалануға болады. Бұл үшін А қабатымен араластырса, топырақтың құнарлығы артады. Сөйтіп астыңғы В қабатын ортаңғы қабаттың үстіне шығару қажет. Осы қабаттардың орындарын ауыстыру үшін, текшелеп жырту әдісі қолданылады және ол текшелеп жыртатын плугтармен іске асырылады. 1.2.-сурет. Топырақты текшелеп жырту: а-жырту технологиясы; б-топырақ қабаттарының ауысу схемасы; А-құнарлы қабат; Б-сортаң қабат; В-құнарсыз қабат. Текшелеп жырту технологиясы мынандай ретпен атқарылады (1.2.а - сурет). Плуг алғашқы жүрісін жасағаннан кейін топырақ қыртыстары I жағдайдағыдай орналасады. Бұл плугта үш корпус бар. Бірінші және үшінші корпустар (алдынан санағанда), ортаңғы корпусқа қарағанда, жоғары орналасқан. Плуг екінші жүріс жасаған кезде мынадай құбылыс болады. Бірінші корпус А қабатын кеседі де үшінші В қабатындағы текше үстіне түсіреді. (суретгегі II жағдай). Ортаңғы корпус басқа корпустарға қарағанда оңга қарай ығысып орналастырылған және оның қайырмасы конус тәрізді. Ол корпус бірінші корпус аударып кеткен А қабаты мен оның астында жатқан В қабатын кеседі де көтеріп келесі текшенің үстіне шығарады (суреттегі III - жағдай). Үшінші корпус Б қабатын аударып босаған үшінші қабаттың орнына түсіреді (І-жағдай). Жұмыс осы жоғарыда баяндалған ретпен атқарыла береді. Сонымен текшелеп жыртқаннан кейін, А қабатты ең үстінде, В қабаты ортасында, Б қабаты ең астында орналасады (1.2.б-сурет). Соның нәтижесінде кұнары бар А мен В қабаты өсімдік тамыры жететін тереңдікке орналасады да құнарсыз Б қабаты ең терең үшінші қабатқа көміледі. 1.3. Жерді негізгі өңдеуге арналған машиналар Плугтардың жұмысшы мүшелері. Плугтар жер қыртысын аударып жыртуға арналған. Мұндай өңдеу кезінде арамшөптер мен өсімдік қалдықтары тереңге көміледі және себілген тұқымның өніп шығуына қолайлы жағдай жасалады. Плугтың өзі негізгі және қосымша жұмысшы бөліктерден тұрады. Негізгі жұмысшы бөліктер (1.З.-сурет) тікелей топырақ өңдеуге қажетті жұмыстарды атқарады, ал қосымша бөліктер сол негізгі жұмысшы бөліктерге қызмет етеді. Плугтың негізгі жұмысшы бөліктері: негізгі корпус, шолақтүрен және пышақ. 1.3.-.сурет. Плугтың негізгі жұмысшы мүшелері: 1-өкше; 2-тақтайша; 3-қайырма; 4-тірек; 5-түрен; 6-шолақ түрен қайырмасы; 7- шолақ түрен тірегі; 8-болт; 9, 12-хамут; 10- шолақ түрен; 11-дискілі пышақ; 13-иінді тірек; 14-қырлы шайба; 15-аша; 16-өлшегіш сызқыш. Негізгі корпус жер қыртысын астыңғы жағынан кеседі, кесілген қыртысты көтеріп аударады және ұсақтайды. Бұл жұмыстарды атқарушы негізгі корпус (1.З.-сурет) түреннен 5, қайырмадан 3, әріс тақтайшадан 2 және тіректен 4 құралған. Олар өзара біріктіріліп бекітіледі. Түрен жер қыртысын астыңғы жағынан кеседі де аз ғана көтеріп қайырмаға береді. Ол түрен кесіп берген жер қыртысын жоғары көтереді де бір жанына қарай аунатады. Бұл кезде топырақ ұсақталады, топырақ бетіндегі арамшөп тұқымдары мен өсімдік қалдықтары бар қабат астына түседі де көміліп қалады. Плуг қайырмасының ұсақтау және аудару қабілеті оның құрылысына байланысты болады. Плуг қайырмаларын құрылысына қарай негізінен цилиндр бетті, мәдени бетті, жартылай винттік бетті және винттік бетті қайырмалар (1.4.-сурет) деп төрт түрге бөледі. Қайырма бетінің әртүрлі болуы сол бетті жасаушы түзудің қайырма бойымен жоғары көтерілген сайын жүріс бағытымен жасайтын бұрышының өзгеру заңдылығына байланысты. Егер сол бұрыштың өзгеруі 0 - 2° болса, цилиндр, 2 - 7° болса мәдени, 7- 15° кезінде жартылай винтті, 15° шамасынан жоғары винттік беттер жасалады. 1.4.-сурет. Қайырма түрлері: а-цилиндр бетті; б-мәдени бетті; в-жартылай винттік бетті; г-винттік бетті. Цилиндр бетті қайырма жер қыртысын жақсы ұсақтайды, бірақ нашар аударады. Сондықтан арамшөп тұқымдары мен өсімдік қалдықтары жасырынбай, жер бетінде қалып қояды. Цилиндр бетті қайырмалар жылдам жүруге арналған плугтарда қолданылады. Мәдени бетті қайырмалар топырақ қыртысын әрі жақсы ұсатады, әрі жақсы аударады. Біздің елімізде көп таралған мәдени бетті қайырмалар. Топырақты негізгі өңдеуден өткізетін барлық плугтар осындай қайырмалармен жабдықталған, олар мәдени топырақтарды өңдеу үшін қолданылады. Жартылай винттік қайырмалар топырақ қыртысын нашар ұсақтайды, бірақ жақсы аударады, олар тың және тыңайған жерлерді, ауыр, өте байланысқан топырақтарды өңдейтін плугтарда қолданылады. Сол сияқты топырақты арнайы өңдеуден өткізетін плугтардың барлығы да дерлік жартылай винттік бетті қайырмалармен жабдықталады. Винттік бетті қайырмалар жер қыртысын мүлде ұсатпай, үздіксіз лента түрінде 180° аударып тастап отырады. Мұндай қайырмалар біздің еліміздегі шаруашылықтарда кең түрде қолдау тапқан жоқ. Тек кейбір арнаулы плугтарда ғана қолданылады. Шолақ түрен жер қыртысын 10-12 см жыртады да кесілген қыртысты қайырмасымен борозда түбіне аударып түсіреді. Оның соңынан келе жатқан негізгі корпус жер қыртысын аударып оның үстіне тастайды, сөйтіп борозда түбіндегі қабат толық жабылып қалады. Шолақ түренге трапециялық лемех бекітіледі, ал қайырмасы мәдени бетті болады. Шолақ түрен бөліктерінің негізгі корпустағы осындай бөлшектерден айырмасы - шағын болады. Шолақ түрен рамаға арнайы болт 8 пен хомут 9 арқылы бекітіледі. Осындай бекітудің көмегімен тіректі жоғары-төмен және рама бойымен жылжытуға болады. Пышақтың негізгі атқаратын жұмысы-жер қыртысын тік бағытта тілу, құрылысы жөнінен пышақ жалпақ дүзді және дискалы болып екі түрге бөлінеді. Жалпақ дүзді пышақтар негізінен арнайы жер өңдейтін плугтарда қолданылады. Ол тасты жерлерде, жоғарғы қабаты өте қатты топырақтарды үлкен тереңдікте жыртады. Жалпы жұмысқа арналған плугтар дискалы пышақтармен жабдықталады. Тың және тыңайған жерлерді жыртқан кезде мұндай пышақ- плугтың әрбір корпусының алдына қойылады, ал мәдени жерлерді жыртқанда тек артқы корпустың алдына бекітіледі. Себебі тың және тыңайған жерлерді жыртқанда ол әрбір корпусқа жер қыртысын тік бағытта кеседі де плуг сүйреуді едәуір жеңілдетеді, ал мәдени жерді жыртқан кезде топырақ тік бағытта оңай кесілетіндіктен, пышақ плугтың сүйреу күшіне әсер ете қоймайды. Негізгі корпус топырақты тік бағытта кеспейді, жыртады. Плуг жүріп кеткеннен кейін топырақ борозда түбіне өздігінен құлап түседі. Агрегаттың келесі жүрісінде борозда дөңгелегі оның үстімен жүреді де белгіленген жырту тереңдігін бұзып жібереді. Осындай жағдай болмау үшін мәдени топырақты жыртқан кезде соңғы корпустың алдына дискалы пышақ қояды да ол борозда қабырғасын түзу етіп кеседі. Сөйтіп корпус жүріп өткеннен кейін борозда түбі таза болып жатады. Дискалы пышақ рамаға иінді тірек 13 (1.З.-сурет) арқылы хомутпен 12 бекітіледі, ол тірекке аша 15 мен қырлы шайба 14 арқылы жалғасады. Аша мен қырлы шайба дисканың жұмыс кезінде көлденең бағытта бұрылуына мүмкіндік береді. Тас немесе қатты зат кездескенде диска бұрылып кетеді де сынудан аман қалады. Дисканы иінді тірек арқылы реттеп орналастырады. Оны реттеу кейінірек баяндалады. Аспалы плугтардары қосымша бөлшектерге тірек дөңгелегі жатады. Ол жұмыс кезінде плугтың салмағын өзіне қабылдайды және жырту тереңдігін белгіленген мөлшерде ұстап жүреді. Берілген тереңдікті өзгерту үшін оның винтті механизмін бұрайды. Ол кезде дөңгелекпен корпус аралығындағы қашықтық өзгереді, яғни жырту тереңдігі өзгереді. Трактордың плуг тіркелетін аспалы механизмдері екі нүктелі және үш нүктелі аспалы механизмдер болып екіге бөлінеді. Екі нүктелі аспалы механизмдер көбінесе шынжыр табанды тракторларға көп корпусты плугтарды жалғастыру үшін пайдаланылады. Аз корпусты плугтарда қосымша реттейтін болаттары бар, көлденең брус болады. Мұндай плугтар үшін үш нүктелі алмалы механизімдері қолданады. Оларды реттеудің де ерекшеліктері бар. Төменде плугтардың жұмыс кезіндегі технологиялық реттеулеріне тоқталамыз.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 2516 | Теги: Топырақты негізгі өңдеудің технолог | Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: