-->
Главная » Статьи » Разные

Топырақ өндейтін машиналардың жұмыс технологиясы
 Топырақты механикалық өңдеу әдістері Топырақ өңдеудің негізгі мақсаты – мәдени өсімдіктерден мол түсім алу, яғни ол үшін өсімдіктерге ең қолайлы жағдай туғызу болып табылады. Топырақты өңдеу кезінде арамшөптер мен зиянды жәндіктер жойылады, өсімдік қалдықтары топырақты терең қабатына көміледі, органикалық тыңайтқыштар мен минералдық тыңайтқыштар топырақпен араласады және топырақта ылғал жинауға жағдай жасалады. Механикалық өңдеудің осындай артықшылығы болғандықтан, мәдени өсімдіктер өсірілетін топырақ міндетті түрде өңделеді. Топырақты механикалық өңдеу тәсілдерін бірнеше түрге бөлуге болады: негізгі өңдеу, арнайы өңдеу, қыртысты өңдеу және эрозияға қарсы өңдеу. Механизациялық негізгі өңдеу үшін 20-35 см тереңдіктегі топырақ қабатын кесіп алып, оны қайтадан аударып, жердің бетіне жатқызады. Бұл кезде топырақтың бет жағындағы арамшөп тұқымдары мен өсімдік қалдықгары аударылып тереңге түседі де астыңғы қабаты үгітіліп жер бетіне шығады. Кейбір жағдайларда (мысалы, топырақтың құнарлы қабаты тайыз болса) топырақты тайыз жыртады да 35-42 см тереңдіктегі төменгі қабатын қопсытады. Мұндай әдіспен өңдегенде топырақтың құнарлы қабаты төменгі құнарсыз қабатпен бірте-бірте араласады, сөйтіп құнарлы қабаттың қалыңдықы жылдан-жылға арта береді. Топырақты негізгі өңдеуден өткізу үшін Т.С.Мальцев ұсынған тәсіл де қолданылады. Ол үшін топырақты аудармай, 35-40 см тереңдікте, қайырмасыз плугтармен қопсытады. Мұндай өңдеуді 5-6 жылда бір рет жүргізеді. Себебі, топырақ жыл сайын 2-25 см тереңдікте қайта-қайта жыртылатындықтан, оның төменгі қабаты тапталып тығыздалады, сөйтіп ол қабаттың өсімдік үшін пайдасы шамалы болып қалады. Мальцев тәсілімен қопсытқан кезде қатты қабат жоғарғы жұмсақ қабатпен араласады да құнарлы қабаттың қуаты арта береді. Арнайы өңдеуге тың және балшықты жерлерді игеру, плантациялық және текшелеп жыртулар, терең қопсыту, фрезерлеу, ағаш отырғызатын шұңқырларды қазу, т.с.с. жатады. Топырақты мұндай өңдеуден өткізу үшін арнаулы машиналар мен құрал-саймандар қолданылады. Қыртысты өңдеудің мынандай түрлері бар: тырмалау, сыдыра жырту, шлейфтеу (тегістеу), культивациялау, таптау, түптеу, жал жасау, жалды тегістеу және т.б. Мұндай өңдеулер топырақты беткі, тайыз қабатында жүргізіледі. Бұл кезде арамшөптер жойылады, топырақ кесектері уатылады және топырақтың беткі қабаты қопсытылғандықтан, ондағы капилляр түтіктер бұзылып, ылғал буланып ұшып кетпейтін болады. Қыртысты өңдеулер тұқым себу алдында немесе тұқым себілгеннен кейін өсімдік қатар аралығын баптау үшін қолданылады. Эрозияға қарсы өңдеуді жел немесе су әсерінен эрозияға ұшыраған топырақтарды жақсарту үшін жүргізеді. Топырақ эрозиясы кезінде, оның агрегаттық құрамында шаң-тозаңдар тәрізді, өте ұсақ түйіршіктері көбейіп кетеді. Мұндай шаң тозаңдар желдің әсерімен ұшып немесе сумен шайылып ағып кетеді. Егер топырақ бетінде өсімдік қалдықтары сақталып қалса, онда олар желдің немесе судың әсерінен шаң тозаңды бөлшектердің ұшып кетуіне кедергі жасайды. Сондықтан да эрозияға қарсы өңдеудің негізгі мақсаты - жер бетінде өсімдік қалдықтарын қалдырып, терең қабатты қопсыту. Мұндай өңдеуді жазық кескіш культиваторлармен немесе аңызға арналған сеялкалармен жүргізеді. Топырақ өңдейтін машиналардың түрлері. Топырақ өңдейтін машиналарды өңдеу әдістеріне және тракторға тіркелу ретіне қарай бірнеше түрге бөледі. Топырақ өңдеудің механикалық әдістеріне байланысты негізгі машиналар, арнайы машиналар, қыртыс өңдеуші машиналар және эрозияға қарсы қолданылатын машиналар деп төрт топқа бөледі. Топырақты негізгі өңдеуден өткізу үшін плугтар қолданылады, ал олар топырақ қыртысын аударып, аудармай және сыдыра жыртатын болып үшке бөлінеді. Топырақ қыртысын аударып жыртатын плугтар "үйетін" немесе "ашатын" және "тегістейтін" болып екіге бөлінеді. "Үйетін" немесе "ашатын" плугтар топырақ қыртысын бір жаққа қарай ғана (оңға немесе солға) аударады. Топырақты "үйетін" жұмыс кезінде алдыңғы немесе артқы плугты кезек-кезек пайдаланады. Бұл плугты "шөлмекті" деп атау себебі, агрегат ілгері-кейінді жүріп, "шөлмек" әдісімен жыртады. Топырақты негізгі өңдеуден өткізетін машиналар тобына жер қыртысын аудармай жыртатын плугтар да жатады. Бұл плугтарда қайырма болмайды. Ол жұмыс кезінде 35-40 см тереңдіктегі қабатты лемехпен кеседі, аздап қопсытады да сол орнына қалдырады. Мұндай плугтарды қайырмасыз плугтар деп атайды. Топырақ қыртысын өңдеу үшін сыдыра жыртқыш плугтар қолданылады. Мұндай плугтармен жерді 15-18 см тереңдікте аударып жыртады. Бұл кезде жер топырақпен көміледі. Сыдыра жыртқыш плугтың жұмысшы мүшелері де лемех пен қайырмадан құралған және олар негізгі плугтардікінен кіші болады. Топырақты арнайы, өңдеуден өткізуге арналған машиналарға бұталы-балшықты жерді өңдейтін, плантациялық, бау-бақшалық, тасты жерді өңдейтін, текшелік, ормандық, дискілі плугтарды және терең қопсытқыштарды, фрезерлерді, шұңқыр қазғыштарды жатқызуға болады. Бұта-ағаш өскен балшық жерлерді игеру үшін, оларды 25-40 см тереңдікте жыртады. Бұл кезде жоғарғы қабаттағы ұсақ бұталар мен олардың тамырлары қопарылады да терең көміледі. Мұндай плугтардың жұмысшы мүшелері негізгі плугтардікінен өзгеше, яғни олардың шамасы үлкен және берік етіп жасалады. Бұл плугтармен жыртылған бұталы балшық жерлер бірден пайдалануға жарамайды. Себебі оның жер қыртысы сіресіп байланысқан шым болғандықтан, жыртқан кезде үгітіле қоймайды. Ол үшін плугпен аударылған шымдарды қыртыс өңдейтін машиналармен жыртады да әбден үгітілгеннен кейін ғана егіске пайдаланады. Плантациялық, бау-бақшалық, тасты жерге арналған плугтардың да ерекшеліктері бар. Олармен тек арнайы жұмыстарды ғана атқаруға болады. Сол сияқты терең қопсытқыштар, фрезалар да жер қыртысын арнайы өңдеуден өткізеді. Топырақтың беткі қыртысын өңдейтін машиналар мынандй үлкен төрт топқа бөлінеді: тырмалар, культиваторлар, сыдыра жыртқыштар және катоктар. Тырмалармен жер бетін тегістейді, үлкен кесектерді ұсақтайды, арамшөптерді жояды және қыртыс қабатты қопсытады. Осы көрсетілген жұмысты атқаратын мүшелерінің құрылысына қарай тісті, дискалы торлы және шлейфті тырмалар болып бөлінеді. Тісті тырмалардың жұмысшы мүшесі көлденең қимасы төрт қырлы немесе дөңгелек тістерден тұрады. Әрбір тіске түсетін салмақ күшіне байланысты оларды ауыр, орташа және жеңіл тырмалар деп бөледі. Дискалы тырмалардың жұмысшы мүшесі сфера тәрізді болат дискалардан құралады. Бұл дискалар дер бетімен жүргенде айналысқа келеді де өткір жүзімен кесек топырақтарды ұсақтайды, жер бетін қопсытады және арамшөптерді жояды. Мұндай тырмалар көбінесе өңдеуден өткен шымды жерлерді тырмалау үшін қолданылады. Торлы тырмалармен өсімдік өнбей тұрғанда тұқым себілген жердің беткі қабатын қопсытады, ерте өніп шыққан арамшөптерді құртады. Сол сияқты қант қызылшасы мен жүгерінің қатар аралығын сирету үшін де қолданады. Бұл тырмалардың жұмысшы мүшесі пышақ тәрізді өткір тістерден және ұшы доғалданған дөңгелек тістерден тор тәрізді құралған. Сондықтанда олардың жер бедеріне икемделу мүмкіндігі үлкен. Шлейфті тырмалармен өңделген жер бетін тегістейді және көктемде зябьтің бетін қопсытады. Жұмыс кезінде пышақ жер бетін қопсытады, ал шлейфтер ойлы-қырлы бедерлі тегістейді. Культиваторлар жер бетін қопсытуға, арамшөптерді қиюға, топыраққа минералдық тыңайтқыш енгізуге, кейбір өсімдіктерді түптеуге және суару арықтарын қазуға арналады. Қолданылуына қарай олар екіге бөлінеді: тұтас өңдейтін культиваторлар, көбінесе тұқым себер алдында жерді қопсытып, арамшөптерді жою үшін қолданылады, ал қатар аралық өңдейтін культиваторлар өсімдік өнім шыққанан кейін қолданылады. Культиватордың жұмысшы мүшелерінің көптеген түрлері болады және олардың жұмыстары да саналуан. Жер қыртысын тайыз (8-10 см) өңдеуден өткізіп жақсарту үшін сыдыра жыртқыштар қолданылады. Олардың жұмысшы мүшесі сфералық диск болады. Жұмыс кезінде дискілер жер қыртысына еніп айналады да жоғарғы қабатты аударады. Сыдыра жыртқыштарды тұқым себер алдында, айдалған жер бетін қопсытады көбінесе бір жылдық арамшөптері бар жерлерді немесе жүгері мен күнбағардан кейінгі тығыздалып қалған жерлерді өңдеу үшін қолданады. Сонда жер беті қопсытылады, сабақ қалдықтары мен тамырлар ұсақталады және жер беті тегістеледі. Жер қыртысының жоғарғы қабатын өңдеу үшін катоктар қолданылады. Олармен топырақ кесектерін ұсақтайды, жер бетінде ылғалдан пайда болған қабыршықтарды бұзады, қопсытады, топырақты тығыздайды, жер бетін тегістейді. Катоктардың жұмысшы мүшелері әртүрлі болады және олар мынадай түрлерге бөлінеді: сақиналы (олар да әртүрлі болады), тырма тәрізді және тегіс (су құйылатын) катоктар. Атқарылатын жұмыс түріне қарай әртүрлі жұмысшы мүшелер қолданылады. Топырақ эрозиясына қарсы өңдейтін машиналар негізінен екі топқа бөлінеді: жазық кескіш культиваторлар және аңыздық сеялкалар. Мұндай машиналарға қойылатын негізгі талап - жұмыс орындалғаннан кейін өсімдік сабақтарының 80-90% шамасындайы жер бетінде тік қалпында қалуға тиіс. Бұл талап машинаның жұмысшы мүшесіне жазық кескіш пышақтарды қолданғанда ғана орындалады. Сондықтанда эрозиялы топырақты өңдеуге арналған культиваторлар мен сеялкалардың негізгі жұмысшы мүшесі жазық кескіш пышақтар болып келеді.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 5986 | Теги: Топырақ өндейтін машиналардың жұмыс | Рейтинг: 2.0/2
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: