-->
Главная » Статьи » Стандарттау

Стандартты құрастыру тәртібі.

Стандартты құрастыру тәртібі.

 Стандартты құрастыру тәртібі «Мемлекеттік стандарттарды құрастыру тәртібі» 1.2- 2002 ҚР СТ келтірілген. Стандарт ҚР-ның  мемлекеттік стандарттарының құрастырылу, келісімдеу, бекіту, мемлекеттік тіркеу, басылып шығарылу, жаңартылу (өзгерту, қайта қарау) және тоқтату тәртібін бекітеді.

Стандарт ережелері мемлекеттік басқару органдарымен, стандарттау бойынша техникалық комитеттермен, ғылыми-техникалық, инженерлік, қоғамдық ұйымдар және бірлестіктермен, ұйымдастырушылық-құқықтық формаларға, бағынушылығы мен азаматтылығына тәуелсіз мемлекеттік стандарттарды құрастыру жұмыстарына қатысатын басқа да заңды және жеке тұлғалармен қолданылуға тиісті.

 Стандарт жобаларын құрастыруды ҚР-ның мемлекеттік стандарттау жоспарларының, техникалық комитет (ТК) жұмыстарының бағдарламасының (жоспарының) және стандарттарды құрастыру бойынша келісім-шарттарының тапсырмасымен сәйкес немесе өз еркімен стандарттау бойынша ТК, мемлекеттік басқару органдары, басқа да заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.

 Стандарттарды құрастыру кезінде ҚР-ның әрекеттегі құжаттарды: заңнамаларды, мемлекеттік стандарттау жүйесінің стандарттарын, техникалық регламенттерді, республикада қызығушылық тудыратын шет елдердің халықаралық, аймақтық және ұлттық стандарттарын басшылыққа алу керек.

Стандарттарды құрастыру кезінде ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, тәжірибелік-технологиялық, жобалық жұмыстардың нәтижелері, патентті зерттеулер нәтижесі және отандық және шетел ғылымының, техника мен технологиясының жетістіктері туралы басқа да мәліметтер пайдаланылады.

Стандарттарды құрастырудың келесі тәртібі қарастырылады:

1   кезең – стандартты құрастыруды ұйымдастыру;

2 кезең- стандарт жобасын құрастыру (алғашқы редакция) және оны келісімдеу;

3 кезең – стандарт жобасының соңғы редакциясын құрастыру және бекітуге беру;

4 кезең – стандартты бекіту және мемлекеттік тіркеу;

5 кезең -  стандартты басып шығару.

Ескерту: Құрастырудың түрлі кезеңдерін біріктіруге рұқсат етіледі.

Стандарттарды құрастыру, мәтіндеу, көркемдеу, мазмұндау және белгілеу ҚР СТ 1.5 – 2008 сәйкес болу керек.

 Стандарттарды құрастыру алдында өкілетті орган кәсіпорнына стандарттарды құрастыру бойынша тапсырыстарды дайындап, көрсету керек. Қажет жағдайда стандарттар өз еркімен құрастырылуы мүмкін, осы кезде жұмыста қайталану (дублирование) болмас үшін құрастыру бойынша мәлімет өкілетті органға жіберілу керек.

Мемлекеттік стандарттау бойынша тапсырыстарды дайындау және көрсету, жұмыс жоспарын құрау ҚР 1.7-2003 СТ сәйкес жүргізіледі. Тапсырыста стандарттарды құрастыру қажеттілігінің негізделуі келтіріледі.

Тапсырысқа бастапқы материал ретінде стандарт жобасы немесе стандартты құрастыру бойынша техникалық тапсырма берілу керек.

Құрастырушы-ұйым стандарт жобасын құрастыруды ұйымдастырады.

Жұмыс тобы стандарт жобасын және оның түсіндірме жазбасын (записка) дайындайды.

Стандарт жобасының түсіндірме жазбасында келесі ақпарат көрсетіледі:

- сәйкес құжаттардың көрсетілуімен стандарт құрастыру негіздемесі;

- стандарттау объектісінің қысқаша сипаттамасы;

- стандарт жобасының Қазақстан республикасы заңнамасына, техникалық регламенттерге, халықаралық (аймақтық) нормаларға, стандарттарға, ережелер мен ұсыныстарға, сонымен қатар шетел мемлекеттерінің ұлттық стандарттарына сәйкестілігі туралы мәліметтер;

- стандарт жобасының стандарттау бойынша басқа нормативті құжаттармен байланысы туралы мәліметтер және олардың қайта қаралуын, өзгертілуі немесе тоқтатылуы бойынша ұсыныстар;

- стандарт жобасының пікірге жіберу және келісімдеу туралы мәліметтер;

-      ақпарат көздері;

-      стандарттау объектісінің патентті тазалығы туралы мәліметтер (қажет жағдайда);

- шетел аналогтарымен салыстыру туралы мәліметтер (бар болса);

Қарастыру мен бекіту үшін құрастырушы-кәсіпорын өкілетті органға стандарт жобасының соңғы шығарылымын екі данада (мемлекеттік және орыс тілдерінде) жібереді, олардың біреуі бірінші, құрастырушы-ұйымның жетекшісінің қолы қойылған бірге жіберілетін хаты бар болу керек.

Стандарт жобасына өнім үлгісі, жалпы көрінісінің сызбасы (қажет жағдайда) немесе ірі өнімнің фотосуреті және бір экземплярда келесі құжаттар бірге жіберілу керек:

- стандарт жобасына түсіндірме жазбасы;

- өкілетті орган бекіткен форма  бойынша пікір туралы ақпарат;

- стандарт жобасының келісімделгенін растайтын құжаттардың түпнұсқасы;

-      стандарт жобасының соңғы шығарылымын қарастыру бойынша жұмыс тобы отырысының хаттамасы (оны өткізген жағдайда);

-      қабылдаушы комиссия (дегустациялық комиссия, (көркем-техникалық Кеңес) отырысының хаттамасы немесе өнімді сынау актісі (қажет болса).

 Өкілетті орган стандарт жобасын қарастырып, оны бекіту, қайта құрастыруға (жөндеуге) қайтару немесе құрастырудан босату туралы шешім қабылдайды.

Мемлекеттік стандарттар Өкілетті орган қаулысымен (постановление) әрекетке енгізіледі.

Стандартты әрекетке енгізу күні оны бекіткен уақыттан бастап бір жыл өткеннен кейінгі мерзімнен ерте емес уақытта белгіленеді.

Барлық бекітілген мемлекеттік стандарттар Өкілетті орган бекіткен тәртіпте мемлекеттік стандарттардың Мемлекеттік реестріне енгізіледі.

Қажет жағдайда мемелкеттік стандарттар құрастырушы-кәсіпорынға қайта құрастыруға немесе құрастырудан босатуға қайтарылуы мүмкін.

Стандарттарды құрастырудан босату себептері болуы мүмкін:

- стандарт жобасының міндетті талаптарға, ҚР-да енгізілген стандарттар мен техникалық регламенттерге сәйкес келмеуі;

-      стандартты құрастыру кезінде туындаған келіспеушіліктерді жоя алмау жағдайы;           

-      егер құрастырылып жатқан стандарт жобасында республика территориясында әрекетінің тоқтатылуы қарастырылмаған жағдайда әрекеттегі мемлекеттік және/немесе мемлекетаралық стандарттардың талаптары қайталанса.

  Өкілетті орган бекітілген мемлекеттік стандарттар туралы ақпаратты «ҚР-ның Мемлекеттік стандарттары» (ИУ СТ РК) айлық ақпараттық көрсеткіштерде басып шығарады.

 Бекітілген мемлекеттік стандарттар Өкілетті орган бекіткен тәртіп бойынша басылып, таратылады.

 Стандарттардың тексерілуі мен жаңартылуы экономика, халық қажеттіліктеріне, мемлекеттің қорғаныс жағдайына және халықаралық талаптарға сәйкестілігін қамтамасыз ету мақсатымен жүзеге асырылады.

Егер әрекеттегі мемлекеттік стандарттың 50% жоғары көлемі өзгертуге ұшыраса, әрекеттегі стандарт өзгертулер бекітілген соң бірден  қайта қарастырылу керек немесе қайта басылып шығарылу керек.

 Стандарттың өзгертулерін құрастыру бекітілген тәртіпте жүргізіледі.

 Стандартты тексеруді стандарт құрастырушы-ұйым ҚР-ның мемлекеттік стандарттау жоспары бойынша 5 жылда бір рет жүргізеді. Тексеру қорытындысы бойынша стандарттың әрекет ету мерзімін ұзарту, өзгерістер енгізу, қайта қарау немесе тоқтату туралы құрастырушының ұсыныстары көрсетілген акт жасалады.

Тексеру актісі жұмыс тобының отырысында қарастырылады немесе мүдделі, ертерек стандартты келісімдеген ұйымдардың мекен-жайына жолданады. Стандартты тексеру актісі бойынша келіспеушіліктер стандарт жобасы сияқты тәртіпте шешіледі.

 Стандартты тоқтату берілген стандарт бойынша өндірілетін өнім шығарылуы (қызмет көрсету, процестердің жүзеге асырылуы) тоқтағанда, берілген стандарт орнына стандарттау бойынша басқа нормативті құжат құрастырылғанда, сонымен қатар халықаралық стандартты тікелей қолдану кезінде жүзеге асырылады.

Стандартты тоқтату қажеттілігі туындағанда құрастырушы Өкілетті органға стандартты тоқтату туралы ұсынысты, орнына қандай құжат әрекет ететіндігі туралы ақпаратты немесе алмастырылусыз стандартты тоқтату туралы ақпаратты жолдайды.


Категория: Стандарттау | Добавил: admin (28.10.2013)
Просмотров: 2261 | Теги: Стандартты құрастыру тәртібі. | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: