-->
Главная » Статьи » Разные

Шөп тырмаларының жұмыс технологиясы
 Шабылған шөпті шамалы күн кептіргеннен кейін жинау үшін тырмалар пайдаланылады. Олар атқаратын қызметіне және құрылысына қарай бүйір тырма, көлденең тырма болып бөлінеді. Бүйір тырмалардың өзі барабанды және дөңгелек саусақты болып жіктеледі. Көлденең шөп тырмасы көлемді үлкен шабындықгарда шабылған шөпті тырмалап, жалға жиюға арналған. Оның негізгі тораптары мен механизмдері: рама, тістер бекітілген бұрыштамалар, жүріс дөңгелектері, автоматты көтеру механизмі. Тырмалау аппараты тістер бекітілетін бұрыштамалардан, тазалаушы сымдардан құралады. Тырманың бүкіл ұзындығы бойынша жер бедеріне икемді жұмыс істеу үшін тырмалау аппараты үш бөлімнен құралған. Осы бөлімдерді өзара жалғастыратын топсалар шеткі бөлімдерін көлденең бағытта бұруға мүмкіндік береді. Тырмалау аппаратындағы ең негізгі реттеу жұмысы - тістер бекітілген бұрыштамалардың жоғарғы бетін горизонталь жазықтыққа параллель орналастыру болып табылады. Ол үшін көтергіш тартпалардың ұзындығынан өзгерту керек. Бұрыштамалардың жоғарғы беті горизонталь жазықтыққа (жер бетіне) параллель болмаса, тырма тістерінің ұштары жерге тимейді немесе жерге батып кетеді. Дұрыс реттелген жағдайда тырма тістерінің ұштары жерге тиіп тұрады, ал көтерген кезде олардың деңгейі тазалаушы сымдардан асып кетпеуі керек. Тырмалау аппаратын көтеру механизмі автоматтан, автомат құлпынан, көтеру білігінен, кривошиптен және тырма тістері бекітілген бұрыштамаларды көтеретін тартпалардан тұрады. Автоматты іске қосқан кезде тырманың жүріс дөңгелегі толық бір айналыс жасаса, тістерге жиналған шөпті толық тастап үлгереді. Дөңгелек артқа қарай айналғанда автомат істен шықпас үшін, ролигі бар рычагты ұстап тұратын тірек рамаға бекітілген. Қосқыш рычагтың ролигі дискінің ойығына толық енген кезде ілгек тісті муфта тістерінен толық ажырауы керек. Кері жағдайда муфта тістері тез тозады. Толық ажырауды қамтамасыз ету үшін реттеуші болт арқылы серіппені қаттырақ керу керек. Бүйір тырма шабылып, біршама күнге кептірілген шөпті тырмалауға, шабылған шөпті қопсытуға және жалдағы шөпті аударыстыруға арналған. Мұның тырмалау аппараты бір-біріне ұқсас екі секциядан, орталық жұмысшы дөңгелектері бекітілген арнаулы тіркеуіштен тұрады. Әр бөліктің (3.16.-сурет) өзіндік тіркемесі, жүріс дөңгелектері, серіппелі 2 саусақты дөңгелектері 8, алдыңғы және артқы 5 брустары, тірек түтігі 6, көтеру механизмі 9 мен тұтқасы 3 және осы мүшелері орналастырылып бекітілген рамасы 10 бар. Тырманың рамасы пісіріліп жалғасқан екі түтіктен тұрады және олар өзара үш керме түтік арқылы жалғасқан. Брустар арқылы рамамен қосылған тірек түтігі ортадағы пневматикалық дөңгелекпен бірге секцияның үшінші тірегі болып табылады. Тіркеменің рамасына орналастырылған екі орталық жұмысшы дөңгелектер шабылған шөпті қопсытып отырады да, екі бөліктің саусақты дөңгелектері қопсытылған шөптен жал жасап кетеді. Әр секцияда саусақты дөңгелектің алтауы бар және олардың құрылысы орталық жұмысшы дөңгелектердің құрылысымен бірдей. Тырманың тіркемесі екі бөлікті өзара жалғастырады. Бір ғана секциямен жеке тырмалап жинағанда немесе шабылған шөпті қопсытқанда шеткі тартпаны тракторға тікелей жалғастыруға болады. 3.16.-сурет. Жандық тырма схемасы: 1-дөңгелек; 2-серіппе; 3-тұтқа; 4-шөп сыдырғыш; 5,7-брустар; 6-тіреуіш түтігі; 8-саусақты дөңгелек; 9-көтеру механизмінің түтігі; 10-рама. Саусақты дөңгелектердің жерге тиіп, өздігінен айналатындығынан шабылған шөп дөңгелектің жазықтықына перпендикуляр бағытта жылжиды да жал пайда болады. Дөңгелектердің жүріс бағытын өзгерту арқылы екі бөлігімен бірдей дестені, шөпті қопсытуға болады, ал бір бөлігі жұмыс істегенде дестені аударып отырады. Гектарынан алынатын шөптің өнімділігіне қарай саусақты дөңгелектердің жүру бағытын, орналасу бұрышын өзгертіп отырады. Сонымен қатар Соңғы саусақты дөңгелектердің екеуінің де ара қашықтығы реттелуі қажет. Орылған шөпті қопсытқанда дөңгелектер жүру бағытына 45о бұрыш жасайтындай етіп орналастырылады. Тырманың бір бөлігімен жұмыс істегенде дестеленген жалдағы шөп орнынан жылжытылып, аударылады. Атқарылатын жұмыстардың түріне қарай саусақты дөңгелектердің орналасу бұрышы 5-кестеде көрсетілген. Жалдың ені 80-90 см болуы үшін ұзартылатын түтіктер мен тартпаларды А тесігіне бекітеді. Егер жалдақы шөп соңғы екі саусақты дөңгелек арасынан өткізілмей жатса, онда ұзартылатын түтіктер мен тартпаларды А1 тесігіне бекіту керек. Бұл кезде жалдың ені 100-120 см болады. Әр гектардан түсетін шөп өнімділігі 25 - 30 центнерден кем болса, тырманың қамту енін көбейту керек. Ол үшін ұзартылатын трубалар мен тартпаларды Б немесе Б1 тесіктеріне бекітеді. Саусақты дөңгелектерді жүру бағытына 50о бұрыш жасайтындай етіп орналастыру керек. Ортадағы жүру дөңгелектерін сектордың Б тесігіне бекітеді. Жүру дөңгелектері сектордың Г тесігіне бекітілсе, онда тырманы шөп араластыру үшін немесе қопсыту үшін пайдалануға болады. Шөпті тырманың бір бөлігімен тырмалаған кезде (жал жасағанда) немесе жалды аударыстырғанда орталық жұмысшы дөңгелектерді сектордың А, Б немесе В тесіктерінің біріне орналастыру қажет. Тырманы жол жүру кезінде тасымалдау үшін шеткі тартпаларды тіркеме рамасынан және тырма бөліктерінен ажыратады. Екі тартпаны біріктіріп, бір басы оң жақтағы бөлікке, ал екінші басын құлақшаға бекітеді. Бүйір тырмасы жинап, жасайтын шөп жалдары үздіксіз бір тұтас болатындықтан, оны шөп шығымы мол шабындықтарда және шөпті жинап престеу кездерінде пайдаланған өте тиімді болады. Себебі шөп престері үздіксіз шөп жалдары бойымен жүріп отырғанда, оның жұмысшы мүшелеріне шөп бір қалыпты беріледі. Көлденең тырмалар жасаған жалдар бір тұтас болмайды. Себебі, әр жолы әкеліп қалдыратын шөп қатары бір-біріне өзара дәл келе бермейді. Осыған байланысты шөп шығымы аз шабындықтарда және шөп престері қолданылмайтын кездерде көлденең тырмаларды пайдалану керек.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 1277 | Теги: Шөп тырмаларының жұмыс технологиясы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: