-->
Главная » Статьи » Разные

Плугтың технологиялық процесін реттеу
Плугтың жұмысшы мүшелерін бекіту. Шолақ түренді (1.З.-сурет) плугке мынандай ретпен бекітеді. 1. Шолақ түрен жұмыс кезінде 10 см тереңдіктегі топырақ қабатын аударуы керек. Сондықтан да ол негізгі корпустан а – 10 см биіктікке бекітіледі (берілген тереңдік). Бұл шаманы негізгі корпус түренінің ұшынан шолақ түрен ұшына дейін тік бағытта өлшейді. Көрсетілген шамаға дәл келмесе, шолақ түренді рама бойында жылжытады. 2. Шолақ түренді негізгі корпустың 25-30 см алдында бекіту керек. Бұл қашықтықты түрен ұштарынан өлшейді. Дәл болмаған жағдайда шолақ түренді рама бойымен жылжытады. Егер шолақ түрен мен негізгі корпус аралығы 25 см шамасынан кем болса, жұмыс кезінде екеуінің арасына топырақ тұрып қалады. Ал шолақ түрен 30 см шамасынан алыс бекітілсе, оның аударған топырағы алдындағы басқа корпусқа ұрылады да аударылып, алғашқы қалпына келеді. Сөйтіп жер жырту технологиясы бұзылады. Дискілі пышақты, шолақ түренді орнатқаннан кейін бекітеді. Оның дискісінің осі шолақ түрен ұшымен тік жазықгықпен алғанда бір түзудің бойында жатуы керек, ал дискінің дүзі лемех ұшынан 2-3 см төмен болуға тиіс (1.З.-сурет). Егер бекіту талапқа сай келмесе, дискілі пышақты рама бойымен тиісті жағына жылжыту керек. Плугтың жұмыс істеген кезінде дискілі пышақ пен негізгі корпустың аралығындағы саңылау 1-3 сантиметрден үлкен болса, онда плуг жерді тік жазықтықта екі рет кеседі. Дискілі пышақ бір жерден кеседі де соңындағы негізгі корпус екінші жерден тағы кеседі. Соның әсерінен плугты тартуға қажетті күш артады. Жұмыс кезінде дискілі пышақ негізгі корпустан 1-3 см қашықтықта болмаса, оның иінді осін бұрып тиісті қалыпқа келтіруге болады. Ол үшін иінді ості бекіткен жерінен босатып, арнайы кілтпен тиісті жағына бұру керек. Плугты қажетті тереңдікке қою. Плугты қажеггі тереңдікке қою үшін оны тегіс алаңға жеткізеді де гидравликалық механизм көмегімен жерге түсіреді. Содан соң трактордың гидравликалық тұтқасын "түсіру" қалпынан "жүзбелі" қалпына тез ауыстырады. Плугтың барлық корпустағы лемехтарының ұшы және әріс тақтайшасының өкшесі жерге тиіп тұруы тиіс. Бұл кезде плуг рамасы алаң бетімен параллель болады. Егер корпустар жер бетімен толық жанасып жатпаса және плуг рамасы жер бетіне параллель болмаса, оны аспалы механизмдегі орталық тартқыш пен жанындағы тартқыштардың ұзындығын өзгерту арқылы реттейді. Орталық тартқышпен плугты ұзындығы бойындағы жазықгықта, жанындағы тартқыштармен ені бойындағы жазықтықта реттейді. Реттеу аяқталысымен плугтың тіреу дөңгелегін оның винтті механизмі арқылы берілген шамада көтереді, яғни дөңгелек шеңберінің төменгі нүктесі мен жер арасындағы биіктік берілген тереңдікпен бірдей, немесе одан 1-3 см кем болуы тиіс. Плугтың алым кеңдігін реттеу. Аспалы плуг өзінің техникалық сипаттамасына сәйкес алым кеңдігімен жер жыртуы керек. Үш нүктелі аспалы механизмге арналған аз корпусты плугтардың рама грядильдері жүріс бағытымен параллель болмаса, оны плугтың көлденең брусын реттегіш болттары арқылы тиісті бағытқа жылжыту керек. Бұл кезде плуг рамасы өзінің бағытын өзгертеді. Екі нүктелі аспалы механизмдерге арналған плугтарда қосымша көлденең брус жоқ. Сондықтан да оның рама грядильдерінің бағыты жүріс бағытына параллель болуын қамтамасыз ету жұмыстары астыңғы планкаларды кергіш шынжырлардың ұзындығын өзгерту арқылы іске асырылады. Сол кергіш шынжырлардың бірін ұзартып, екіншісін қысқартқан кезде плуг көлденең бағытта бұрылады да рама грядильдері өз бағыттарын өзгертеді. Плугты жұмыс кезінде реттеу. Жоғарыдағы реттеулердің дұрыстығын жұмыс кезінде тексеріп отыру керек. Бұл арада плугтың берілген тереңдікте жер жыртуына баса назар аударған жөн. Тереңдік дұрыс еместігі анықталған жағдайда тіреу дөңгелегінің винтті механизмін көтеріп-түсіру арқылы қалыпқа келтіруге болады. Плугтың алдыңғы корпусы мен Соңғы корпусының бірдей тереңдікте жыртуын қадағалау керек. Егер алдыңғы корпус соңғы корпусқа қарағанда жерді терең жыртатын болса, аспалы механизмнің орталық тартқышын ұзартады, ал, керісінше, алдыңғы корпус соңғы корпусқа қарағанда тайыз жыртса, ол тартқышты қысқартады. Жұмыс кезінде плуг рамасы жер бетіне параллель болуы тиіс. Егер көлденең бағытта параллель болмаса, корпустар жер қыртысын толық аудармайды да жұмыс сапасы төмендейді. Ол жағдайда аспалы механизмнің жанындағы тартқыштарды ұзартып немесе қысқартып реттейді. Аспалы плугтың қалыпты жұмыс істеуіне жоғарыда көрсетілген реттеулермен қоса мына шарттарды орындау қажет: 1. Гидравликалық механизмнің тұтқасын бейтарап қалпына қоюға болмайды. Себебі бұл кезде плуг пен трактор бір-бірімен берік жалғасады. Жыртылатын жер теп-тегіс болмайтындықтан, плугтың немесе аспалы механизмнің сынуы мүмкін. Сондықтан жұмыс кезінде гидравликалық механизмнің тұтқасын "жүзгіш" қалпына қою керек; 2. Аспалы плугпен жұмыс істеу үшін, аспалы механизмнің гидравликалық цилиндрінің штогіндегі жылжымалы тірегіш сақинаны алып тастайды. Өйтпеген күнде, сақина цилиндр штогін жүзгіш қалпынан қозғалмайтын қалпына келтіреді де механизмдердің істен шығуына себепші болады. 1.5. Топырақ қыртысын өңдеу технологиясы Топырақтың беткі қыртысын өңдейтін машиналар тобына алуан түрлі машиналар жатады және олар арамшөптерді отайтын, топырақты қопсытатын және сол сияқты әртүрлі жұмыстарды атқаратын пышақтармен жабдықталады. Ол пышақтардың бірнеше түрі бар. Төменде ондай пышақтарға жеке-жеке тоқталамыз. Біржақты жазық кескіш пышақтар (1.5.ж-сурет) арамшөптерді кесуге, мәдени өсімдіктердің қатарын сиретуге және топырақты 6 см тереңдікке дейін қопсытуға арналған. Олар оң жақты және сол жақты болып бөлінеді. Дүздерінің өткірлігін 0,5 мм етіп 8-10 градус бұрыш жасап қайрайды. Алым кеңдігі 85, 120, 150, 165, 250 мм. Екі жақты жазық кескіш пышақтар да (1.5.з-сурет) арамшөптерді жоюға, тереңдігін 6 см етіп топырақты қопсытуға арналған. Дүздерінің топырақ бетімен жасайтын бұрышы 18о, оның қалыңдығын 0,3 мм етіп 8-12 градус бұрыш жасап жоғарыдан төмен қайрайды. Алым кеңдігі 145, 150, 260 мм. Екі жақты универсал пышақтар (1.5.3-сурет) арамшөптерді жояды, топырақты 10 см тереңдікте қопсытып ұсақтайды. Дүздерінің жер бетімен жасайтын бұрышы 28 градус пышақтарды тұтас өндейтін культиваторларда қолданады, ал 30 градус болатын пышақтармен 14 см тереңдікке дейін қопсытады. Дүздерін 0,3-0,5 мм етіп 13-17 градус бұрыш жасап жоғарыдан төмен қайрайды. Алым кеңдіктері 220, 250, 270, 330, 380 мм. 1.5.-сурет. Жер бетін өңдейтін құралдар: а – квадрат қималы; б – дөңгелек қималы; в – жебе тәрізді; г, д, е – тор тәрізді тырма тістері; ж – бір жақтылы кескіш; з – екі жақтылы жазық кескіш; и – екі жақты универсал; к – қопсытқыш; л – серіппелі қопсытқыш; м – қоректендіргіш (1-бункер, 2-тірек, 3-түтік); о тісті сфералы диск. Қопсытқыш тістер (1.5.к-сурет) тығыз, байланысқан топырақтарды 15 см тереңдікте өңдеу үшін қолданылады. Бұл тістің ерекшелігі төменгі ылғалды топырақ қабатын үстіне шығармайды. Ол үшін оны иілген тұмсық тәрізді етіп жасаған. Алым кеңдігі 20 мм. Екі жақты қопсытқыш пышақ (1.5. л-сурет) қатты тірекке бекітілгенде тереңдігін 22-25 см, ал серіппелі тірекке бекітілгенде 10-12 см етіп қопсытуға және арамшөп тамырларын сыдырып жұлуға арналған. Оның екі ұшына да дүз жасалған. Бір ұшы тозғанда, екінші ұшын пайдалануға болады. Алым кеңдігі 45- 60 мм. Қоректендіргіш пышақ (1.5.м-сурет) қопсытқыш тістердің бір түрі болып саналады. Қопсытқыш пышаққа түтік 3 бекітілген және оның тірегі 2 бар. Пышақ жерді 16 см тереңдікке дейін қопсытады да түтік арқылы минералдық тыңайтқыштар келіп түседі. Топырақ қыртысын өңдейтін машиналардың жұмысшы мүшелеріне айналатын штанганы, инелі дисканы, түптегіш корпусты, арық қазғышты да жатқызуға болады. Инелі дискамен егісті қопсытады, түптегіштермен картоп түбіне топырақ үйеді, арық қазғышпен суаруға керекті арық қазылады.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 971 | Теги: Плугтың технологиялық процесін ретт | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: