-->
Главная » Статьи » Менеджмент

Менеджменттің мәні және даму қағидалары

Менеджменттің мәні және даму қағидалары.

Өндірістің экономикалық тиімділігін арттыру, прогресшіл техника мен технологияны енгізу, түрлі ресурстарды ұтымды пайдалану есебінен түсімді арттыру және көздеген мақсаттарға жету жолында «Менеджмент» курсы зор ықпал етеді. Менеджменттің ғылым ретінде қалыптасуы және даму кезеңдерін анықтайды. Сонымен қатар Қазақстанда менеджмент теориясы мен практикасының қалыптасуы туралы қарастырылған.

Негізгі терминдер: ғылыми менеджмент, бихевиористік мектеп, топ менеджмент, ловер менджмент, мугле менеджмент

Дәрісте қарастырылатын сұрақтар:

1.     Менеджменттің даму кезеңдері

2.     Басқарудың негізгі мектептері

3.     Қазақстанда менеджменттің дамуы

 

1.     Менеджменттің даму кезеңдері

 

Басқару өнері және басқару туралы ғылым адамдардың топ болып жұмыс істеу жағдайында және қоғамның үш саласында – саяси, экономикалық және сыртқы қауіптен қорғану кезінде қолданылған.

Ертеден-ақ адамдар тобын шоғырландырып, белгілі бір бағытта жұмыс орындауға жетекшілік ететін ерекше қабілеті бар адамдар қажет болған. Мысалы, египет пирамидаларын салу соншалық көп адамдарды ұйымдастыру, басқару шеберлігін талап еткені белгілі.

Менеджменттің теориясы мен практикасының дамуы бірнеше кезеңдерге бөлінеді:

І кезең – ежелгі кезең. Алғашқы қауымдық құрылыста ру басшысының, қауымдық жетекшінің көмегімен, басшылығымен бірігіп тіршілік еткен. Б.э. дейінгі басқару принципінің жан-жақтылығын зерттеп сипаттама берген адам Сократ (470-439 жж.) болды. Платон (б.э. дейінгі 428-348 жж.) мемлекеттік басқарудың түрлерін талдаумен бірге басқару органдарының фугкцияларын анықтаған, ал Александр Македонский (б.э.дейінгі 356-323 жж.) әскерді басқарудың теориясы мен практикасын дамытты.

ІІ кезең – индустрияның даму кезеңі (1776-1890 жж.). Бұл кезеңде мемлекеттік басқарудағы еңбек бөлінісінің әртүрлі формаларын анықтап, мемлекет пен мемлекет басшысының міндеттеріне сипаттама берген ғалым – Адам Смит.

ІІІ кезең – басқаруды бір жүйеге (систематизация) келтіру кезеңі (1856-1960 жж.) Басқару ғылымы үнемі даму үстінде. Сондықтан басқару бағыттары, мектептері өзгеріп, жетіліп отырады. Қазіргі менеджмент ХІХ ғасырдағы өнеркәсіп революциясы кезінде туындаған. Өндірістің алғашқы түрлерінде, фабрикаларда адамдарды жұмыспен қамту және оларды біріктіріп, жұмысқа бағыттау қажеттілігі туындаған. Міне сондай жағдайда қабілетті жұмысшыны үйретіп, оқытып, кәсіпорын иесінің мақсатын орындау үшін пайдаланған. Олар – алғашқы менеджерлер болатын.

ІV кезең – ақпараттар кезеңі (1960 ж. – қазіргі уақытқа дейін).

2.     Басқарудың негізгі мектептері

Менеджмент саласындағы алғашқы зерттеулер классикалық мектеп арқылы жүргізілген. Алғашқы менеджерлердің көңіл аударған келелі мәселелерінің бірі өндірістің тиімділігі болды. Өндірістің тиімділігі жұмыс орнының ыңғайлылығына, жұмысшының бейімділігі мен шеберлігіне, әртүрлі жұмыстарға жұмсалатын шығындарға тікелей байланысты. Менеджменттің классикалық мектебінің өкілдері осындай мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Сол кездегі ғылыми ізденушілердің көзқарасы бойынша менеджмент дегеніміз өнер деп санады, себебі кез-келген адам жетекшілік, басшылық қызметін атқара алмауы мүмкін.

Жоғарғы дәрежедегі нағыз менеджерлердің мінез-құлқының өзіне тән ерекшеліктері мен қабілеті болуы тиіс. Мінез құлық белгілерінің концепциясын қарастыру сәтінде «Менеджмент ғылым ба?» - деген сұрақ туындайды.

Менеджментті ғылым ретінде қарастырып, ғылыми басқарудың негізін салған Ф.Тейлор (1856-1915 жж.) ғылыми басқару мектебінің дамуына жол ашты.

Өзінің «Управление фабрикой» (1903 ж.), «Принципы научного управления» (1911 ж.) деген еңбектерінде Ф.Тейлор еңбектің түрлерін сараптап, жұмысшылардың еңбегіне хронометраж жасап, тиімділігін арттыру арқылы еңбекті ғылыми ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Сөйтіп Ф.Тейлор менеджмент саласында революцтя жасап, менеджменттің ғылыми мектебі пайда болды.

Басқарудың класикалық мектебінің енді бір түрі әкімшілік басқару мектебі болып саналады. Әкімшілік басқару мектебі менеджердің ролі мен қызметі жөніндегі мәселелерді зерттеген. Бұл идеяның негізін қалаған француз ғалымы А.Файоль (1841-1925 жж.) Ол менеджменттің қазіргі кездегі қолданылып жүрген мынадай функцияларын анықтаған: жоспарлау, ұйымдастыру, мотивация және бақылау.

Классикалық мектептің негізгі белгісі өндірістің тиімділігін арттырудың ең қолайлы жолын іздеу болып табылады.Классикалық мектеп әлемдік басқару ғылымының алғашқы іргетасын қалады.

30-шы жылдары менеджмент саласында адамдардың қарым-қатынасы мектебі пайда болды.Оның негізін қалағандар психологтар мен социологтар. Бұл жағдайда ең басты көңіл аударатын мәселе, жұмысшының орындайтын міндеті емес, оның өзінің жеке басы, мінез-құлқы, көңіл-күйі болып табылады.

Өндіріс тиімділігін арттыруда жұмысшының жеке басына қамқорлық, оның көңіл-күйі, демалысы, еңбек ақысының мөлшері де үлкен роль атқарады. Адамдардың жеке басына көңіл аударған бірінші ғалым Р.Оуэн болды. Басқа ғалымдармен бірге М.П.Фоллет те осы бағыттағы ғылымды дамыта отырып, басшылық стилін талдап, оның түрлерін анықтады.

Адамның жеке басының қажеттілігін қанағаттандыру еңбек мотивациясына ықпал ететіндігін, мотивация теориясының құрылымынанықтаған А.Маслоу. Ол адамдарда кездесетін қажеттілік иерархиясын ашып көрсетті.

Ал ақпараттар кезеңінде, яғни басқарудың дамыған мерзімінде математика мен компьютерді, электронды есептеу техникасын кеңінен қолдану арқылы басқаруды жетілдіруде мүмкіндік туды.

Басқару шешімдерін қабылдау, оңтайлы шешімдерді анықтау, есептеулер мен салыстыру арқылы және математикалық әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылатын болды. Басқаруда мәліметтер мен ақпараттарды қолдану кезеңі сандық мектеп өкілдері теориясымен дамыды. Сандық мектеп теорияшыларының ойынша басқарудың концепциясын дайындау, жоспарлау математикалық талдаулардың нәтижесі арқылы ғана жүзеге асады. Шын мәнінде қазіргі заманда әрбір өркениетті елдің табыстарға жетуі математикалық-техникалық прогрестің көмегі екендігіне сөз жоқ.

3. Қазақстандағы менеджменттің дамуы

Менеджмент туралы сөз болғанда біз ең бірінші Әбу Нәсір Әл-Фарабиді еске аламыз. Әбу Нәсір Әл-Фараби (870-950 жж.) ғылымның әр алуан саласында аса маңызды, құнды пікірлер, тұжырымдар қалдырған кемеңгер ғалым, данышпан ойшыл, энциклопедист адам болған.

Әл-Фараби басқару мен патшалық құруға, яғни жоғары өкіметтің негізі болып табылатын басқару саясатына зор мән берген. Ұлы ойшыл басқару екі түрлі болады деген: «Егер басқару әділеттік бағытқа жеткізетін әрекеттерді, мінез-құлықтарды, ер қасиеттерін нығайтса, ол – қайырлы басқару. Оған мойын ұсынатын қалалар мен халықтар – қайырлы қалалар мен халықтар» - дейді ол. Ұлы ойшылдың ойынша бұл принциппен қабыспайтын басқару қиялдағы бақытқа ғана жеткізеді. Шындығында ол бақыт бола алмайды. Өйткені ол қаладағы теріс әрекеттер мен жаман қасиеттерді нығайтады, сондықтан ондай басқару – надандық басқару болып саналады.

Әбу Нәсір Әл-Фараби азаматтық ғылым туралы еңбектерінде саясат пен этиканың арасындағы өзара тығыз байланысты талдай отырып, мемлекеттік қайраткерлердің алдына қойған мақсатын жүзеге асыруда және бақытқа жетуде қажетті жағдайлар жасауда өз көрінісін табатын «мемлекетті басқару өнеріне» баса назар аударды. Ол бұл мәселені өзінің саяси идеясына сай нақтылайды. Оның ойынша басқару өнерінің басты бір ерекшелігі – адамдпр мен әлеуметтік топтардың үйлесімдігіне жету, яғни олардың мұң-мүддесін ескеру. Бұл мәселе қазіргі біз өмір сүріп отырған тарихи кезеңдегі қоғамда, атап айтқанда, аса ірі әрі ауқымды экономикалық және әлеуметтік өзгерістер болып жатқан еліміз үшін өте маңызды.

Еліміз өркениетті ел қатарына жету үшін халықты азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз ететін, кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді басқара білу өзекті мәселелердің ең бастысы екеніне сөз жоқ.

Қазақстанда менеджмент негіздеріне арналған оқу құралын ең бірінші 1992 жылы ағылшын ғалымдарының теориясын негізге ала отырып, Орал ауыл шаруашылығы институтының профессоры К.Ғ.Ахметов жазып шығарды. Осыдан кейін басқару академиясының профессоры К.Б.Бердалиевтің басшылығымен «Басқару негіздері» оқулығы баспадан шықты.

Қазіргі жағдайда республиканың мектептерінен бастап, барлық жоғары және орта білім беретін оқу орындарында менеджмент негіздерін оқытып, үйрету бағдарламаға енгізілді. Оның себебі нарықтық экономикада өндірістің тиімділігін арттырып, өнім өндіріп, оны сатып, пайда келтіру үшін, тұтынушылардың сұранысынан шығатындай тауар және қызмет ұсыну тек қана кәсіпорынды басқарудың барлық қыр-сырын толық білген жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан да елімізде менеджмент теорияларын жан-жақты меңгеріп, оны өмірде қолдана білу кездескен жағдайларға байланысты шешім қабылдауға бейімделіп, менеджментті дамыта түсу әрбір басшының міндеті.

Осы уақытқа дейін менеджменттің бірнеше анықтамалары белгілі. Ғылым ретінде менеджменттің теориялық негізін қалаушы ағылшын ғалымы Ф.Тейлордың анықтамасы бойынша «Менеджмент дегеніміз – ережелер мен принциптерге (қағидаларға) негізделген шынайы, іргелі ғылым». Осы ереженің дәлелі ретінде Ф.Тейлордың алғаш рет менеджментті ғылым ретінде талдай келе, өзінің ғылыми еңбегін жазды («Управление фабрикой», 1903 г.). Мұнда ол фабрикада жұмысшылардың еңбегін мамандандыру, мөлшерлеу, жұмыс мөлшеріне қарай еңбек ақы төлеу, т.б. басқаруды ғылыми негіздеу жолдарын айқындапберді. Тейлор ілімін көрнекті зерттеушілер жалғастырып, өмірдегі пайдасын атап көрсетті.

Республикамыздың нарықтық экономикаға өтуіне байланысты барлық кәсіпорындарда «менеджер» қызметі пайда болып, қазіргі менеджерлер, бұрынғы жоғарыдан бұйрық арқылы ғана өз міндетін орындайтын басшы емес, әр істің басы-қасында болып, ұйымның барлық деңгейіндегі іс-әрекеттерге қанық, іс жүзінде болып жатқан жағдайларды талдау арқылы шешім қабылдап, оны жүзеге асырушы маман, қызметкерлер. Ондай қызметкерлер менеджмент негідерін толық меңгерген, менеджерге қойылатын талаптарды нақты білетін, басқаруда бар теориялармен ғана шектелмей, ой-өрісі жоғары, жаңашыл, кез-келген тұйықтан шығатын, тапқырлық қасиеті мол, жедел шешім қабылдауға қабілетті адамдар болуы тиіс.

Кәсіпорын жұмысының нәтижесі ондағы әр саланы басқаратын менеджерлердің біліктілігіне, іс-тәжірибесіне, сөйлеу шеберлігіне тікелей байланысты болғандықтан, ұйым мүшелерінің де көзқарасы, көңіл-күйі өзгеріп отырады.

Америка менеджмент мектебі менеджерге мынадай талаптар қояды:

- басшы өз ісіне сенімді болуы, батыл мақсат қойғыш, табанды болуы және осы қасиеттерін қол астындағыларға көрсете білуі тиіс;

- басшы қуғындаушы болмауы тиіс, нағыз басшы қарамағындағыларды баулып алға тартады;

- басшы ұйымдастыру және басқару туралы ғылымды жетік білуі тиіс;

- басшы қатал, әрі талап қойғыш болуы тиіс;

- сынды қабылдай білуі, өзі де әділ сынай білуі тиіс;

- басшы жылы шырайлы, әдепті болуы тиіс;

- әзілдей білуі және әзіл-қалжыңды түсіне білуі тиіс, адамдардың көңіл-күйі жақсы болса, еңбек өнімділігі артады;

- табандылық пен өжеттілік;

- тәуекел етуге дайын тұру (біреуге жалтақтамай іске бел шешіп кірісу);

- болып жатқан өзгерістерді жіті қадағалау;

- байланыс орнатуға қабілеттілік (коммуникабельность).

Осы аталған талаптармен қоса басшы қоғам мүддесін өз мүддесімен қатар қоятын адал, жаны таза, парасатты адам болуы тиіс. Мысалы республикада нарықтық экономикаға өту кезінде шаруашылықтарды жекешелендіру процесі көбінесе кейбір шенеуніктердің шешімі арқылы жүзеге асып, мемлекет байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, ұйым мүшелеріне шаруашылықтың дамуы үшін айтарлықтай ештеңе қалмады.

Бұл жағдай басшылардың қоғам игілігінен гөрі өзінің жеке басының мүддесін ойлайтын, тәрбиелілігі, адамгершілігі төмендігінен болып отыр. Кейбір даңғой басшылар «астымдағы тағым – басымдағы бағым», деп түсінеді де кәсіпорынныңжұмысын өркендетуден гөрі, бар қаражатты өзінің жеке басының пайдасына жұмсап, ұйымды күйретеді.

Әрбір кәсіпорын өркендеп, дамуы үшін ең бірінші оның басшысы жан-жақты білімді, өндіріс технологиясын жақсы білетін, алдағыны болжай алатын, қарамағындағы адамдармен, әріптестермен іскерлік қарым-қатынас орната алатын, жан-дүниесі таза, өзіне өзі есеп бере алатын адам болуы керек.

Нарықтық экономикаға дейін республикаға белгілі ғалымдар менеджмент терминін қолданбай, барлық жағдайда басқару, басқаруды ұйымдастыру деп келді. Оның себебі, социалистік қоғамда «Менеджер» деген сөз капиталистік ұғым болып саналды. К.Маркс өзінің «Капиталында»: «Менеджер дегеніміз – жалдамалы қызметкер» - деген. Ал қызметкерді жалдау деген, қанаумен тең болды.

Менеджердің міндеттері:

1. Басшы қызметкерлерді іріктеп, жұмысты жүйелеп бөліп, әрқайсысының міндеттерін анықтайды;

2. Әрбір қызметкерлердің ролін белгілеп, ұйымның құрылымын құрады;

3. Еңбек ақы құрылымын анықтап, қызметкерлердің штаттық кестесін белгілейді;

4. Жұмыс барысын бақылау арқылы мақтау немесе жазалау шараларын қолданады;

5. Еңбек нәтижесіне байланысты жоғарылату, төмендету және жұмыстан босату шараларын қолданады.

Менеджер осы аталған міндеттерді орындай отырып, басқару ісінде, адамдармен қарым-қатынаста өзінің аса бағалы қасиеттерін көрсете білуі керек.

Категория: Менеджмент | Добавил: admin_ (13.12.2013)
Просмотров: 20326 | Комментарии: 1 | Теги: Менеджменттің мәні және даму қағида | Рейтинг: 3.9/8
Всего комментариев: 1
1 таншолпан   (01.04.2014 00:55)
менеджмент


Имя *:
Email:
Код *: