-->
Главная » Статьи » Медицина

Сынықтар

Сынықтар

Барлық хирургиялық аурулардың арасында сынықтардың алар орны өте жоғары. Сондықтан да олар травматологиялық науқастардың 39-50% құрайды. Жарақаттың бұл түрінің алдын алу мен емдеу қазіргі заманғы травматологияның кезек күттірмес міндеттерінің бірі.

Әрбір хирургтің травмотология негіздерін терең зеріттеп, игере білуін күнделікті тәжірибеде  көз жеткізуге болады. Теориялық және практикалық білімсіз хирург бұл салада түрлі жарақаттарды толық емдей алмайды, сонымен қатар әскери және бейбітшілік уақытындағы сынақтарды да анықтап, алғашқы көмек көрсету оңай емес.

Сынық – дегеніміз патологиялық үрдістің (ісік, остеомиелит) немесе жылдам әсер етуші күштің ықпалынан болған сүйек тұтастығының бұзылуы мен жұмсақ тіндердің зақымдалуы жатады.

Сынықтардың жіктелуі.

Сынықтардың  бірнеше жіктелулері белгілі.

Сынықтар себептері мен пайда болу жолдарына байланысты іштен туа және жүре пайда болғандар болып екіге бөлінеді.

Туа пайда болған сынықтар құрсақішілік кезінде қалыптасып, кездейсоқ жиі жағдайда, көпше түрде кездеседі және олар нәрестенің қаңқасының кемшіліктерінен болады. Туа пайда болған сынықтардан босану кезінде нәрестені шығаруға жұмсалған күштің әсерінен болған сынықтарды ажырата білген жөн (тоқпан жіліктің, ортан жіліктің, бұғананың сынақтары).

Жүре пайда болған сынықтар жарақаттық және патологиялық болып екіге бөлінеді. Жарақаттық сынық деп – белгілі күштің (механический) әсерінен сау сүйектің тұтастығының бұзылуын айтады. Ал патологиялық сынық болса сүйектегі әртүрлі аурулардан қалыптасатын зақымдалу мен қабыну, асқыну, шіру, т.б. өзгерістердің салдарынан дамиды (остемиелит, туберкулез, сифилис, эхинококк, жаралы ісіктер). Патологиялық сынықтар көбінесе сау сүйектерде сынық тудыра алмайтын әлсіз жарақаттардың  әсерінен болуы мүмкін (мысалы: «Қол ауруы» сырқаты).

Сынықтарды ашық және жабық, - деп бөлудің зор маңызы бар.

Ашық сынық, - деп жарақаттанған сүйек бөлігінің аймағындағы тері мен кілегейлі қабаттың тұтастығының бұзылуын айтады. Бұл сынықтар өте қауіпті болып саналады, өйткені ол уақытта залалдану мен қабыну қаупі жоғары болады. Тері қабатының зақымдануы – сынық тудырушы күштің әсерінен немесе өткір сүйек сынықтарының теріні зақымдануынан және сырқатты тасымалдау әсерлерінен де болуы мүмкін. Ашық сынықтар жиі жұмсақ тіндердің жаншылып, жыртылуымен қабаттасады.

Жабық сынықтар – инфекция үшін кедергі болып саналатын тері мен кілегей қабықшаларының жарақаттануымен қабаттаспайды.

Орналасу жеріне байланысты сынықтар: эпифизарлы, метафизарлы, диафизарлы болып бөлінеді.

Эпифизарлы сынықтар – сынықтардың ең ауыры және олардың бітісуіне қолайсызы болып саналады. Сынықтың бұл түрінде сұйектің буын жағы ұшының жылжуы мен шығуы (буынішілік сынықтар) бір мезетте қабаттасуы жиі кездеседі (шығумен асқынған сынық).

Сынық сызығы жиі жағдайда буын іші арқылы өтеді және сұйек сынықтарының арасына ығысқан  буын сұйығы (синовиальная) кіреді. Ол сынықтың жазылуына кедергілік туғызады (буын – ішілік сынықтар). Кейде  балаларда жиі кездесетін тек эпифиздің бөлініп, жұлынуы ғана байқалады (эпифизеолиз). Эпифизарлы шеміршектің сұйектенуінен соң эпифизиолиз өте сирек кездеседі. Сынықтың бұл түрінің даму себебі көбінесе жылдам қозғалыстың әсерінен сүйектің жалғасқан аймағында бұралуының салдарынан болады (кәрі, тоқпан, асықты жіліктің эпифизиолиздері).

Метафизарлы сынықтар (буын маңайында) - сүйектің кемікті бөлігінің (метафиз) зақымдануы көбінесе сынықтың екі бөлігінің бір – бірімен байланысымен қабаттасады, сондықтан оларды тірескен немесе түйіскен сынықтар дейді. Өйткені, бұл жағдайда бір сүйек екіншісіне еніп кетеді. Сүйек қабы (периост) мұндай сынықтарда зақымданбайды, сықырлау болмайды және еш уақытта жылжымайды.

Әсер етуші күштің ерекшелігіне (механизм) байланысты сынақтардың қалыптасуы:

Тікелей соғудың салдарынан;

Сығылудан;

Қайырылудан;

Бұралудан;

Сүйектің жұлынып, бөлектенуінен, - пайда болады.

Тікелей соғудың әсерінен көбінесе шеткергі бөлігі едәуір жылжыған, көлденең сынықтар жиі кездеседі. Сығылудан болған сынықтар – сығылған (компрессионные) сынықтар деп аталады. Мысалы: парашютист аяғына секіріп түскенде омыртқа жотасының бойында қалыптасқан тіреліс қысым күшінен жарақаттықалған омыртқаның сынуы, шығуы, жаншылуы, бөлектенуі, жұлын-жүйке түйіндерінің қысылып, жарақатталуы мүмкін.

Қайырылудан болатын сынықтар – сүйектің өз серпінділігінен аса қайырылып, үшбұрышты сына тәрізді сынық құрай зақымдалуы байқалады.

Сұйектің тік ұзын бойымен бұралуының әсерінен туындаған сынықтар – спираль немесе винт тәріздес, - деп аталады. Бұл жағдайда сынық күштің әсер еткен аймағынан тыс жерде орналасады және де сүйектің екі жағының бір ұшы бекітілген қалыпта болуға байланысты тосыннан дамыған бұлшық еттердің күшті жиырылуынан сіңірлі байламдар мен еттер бекітілген сүйек бөліктерімен бірге жұлынып, опырылып, жылжып, ығысып кетеді.

Зақымданудың дәрежесіне байланысты сынықтар толық және толық емес болып бөлінеді.

Толық сынық – сүйектің тұла бойының тұтастығының жойылуымен сипатталады.

Толық емес сынық – сүйек тұтастығының жартылай, толық емес зақымдануымен, сүйек қабының серпінділігіне байланысты болады.

10 жасқа дейінгі балаларда сүйекқабының серпінділігіне байланысты сынық болған жағдайда да сүйек қабының зақымдануы болмайды. Мұндай сынықтарды сүйек қабы астының, - сынықтары деп атайды. Бұл сынықтарға тән ерекшелік - сынған сүйек бөліктерінің жылжуының жоқтығы, сондықтан оларды «жасыл бұтақ» немесе «текті» сынықтарға жатқызады.

Сынық жазықтығы бағытының сүйектің ұзын бойымен қалыптасуына байланысты мынандай сынықтарды ажыратады:

а) Көлденең – егер сынық жазықтығы сүйек диафизінің бойынан көлденең өтсе. Сынық беттері тегіс емес, кетікті, бұжырлы, болады. Бұл сынықтар әлбетте тікелей әсер еткен жарақаттың салдарына байланысты болады. Кейде көлденең сынықтар ұзын бойлы жарылумен қабаттасып «Т»- немесе  «V»– тәріздес сынықтар құрайды.

б) Ұзын бойлы сынықтар – егер сынық жазықтығы сүйектің ұзын бойымен сәйкес келсе.

в) «Спираль», «Винт» тәрізді сынықтар  - егер сүйектің өзі ұзын бойынан бұралған болса, сынық жазықтығы «спираль» тәрізді болады.

г) Қиғаш сынықтар – егер сынық жазықтығы сүйек бойынан қиғаш бұрыш жасай өтсе. Бұл сынықтар ығысып, жылжығыш келеді.

Сынықтар жалғыз және көп болып бөлінеді. Көп сынықтар асқынған және асқынбаған болып кездеседі.

Асқынғанға жататындары – барлық ашық сынықтар және тамырдың, жүйкенің, ішкі ағзалардың зақымдалуымен, остемиелитпен асқынғандар кіреді.

Егер сырқаттарда бір мезетте, мысалы, тоқпан жілік пен ішектің жарылуы кездессе мұндай жарақаттар  аралас (сочетанные) зақымдануларға жатқызылады.

Сынықтардың сипаты мен клиникалық белгілері

Сынықтардың клиникалық сипаты мен көріністері жалпы және жергілікті белгілерден құралады.

Жалпы белгілеріне келсек, олар: сынық аймағындағы күшті ауырсынудың әсерінен пайда болатын – шок, зақымданған ұлпалардың ыдырап, езіліп, сіңірілуіне байланысты дене қызуының көтерілуі – 38-39° және зәр құрамындағы белоктың, қан тұйіршіктерінің пайда болуымен сипатталатын бүйрек қызметінің бұзылуы, жүйке, жүрек, тыныс алу, зат алмасу, иммундық, қан қорыту жүйелерінің әлсізденіп, өзгеруі орын алады.

Сынықтың сипат көріністері болып жергілікті белгілері саналады: ауыру сезімі; қозғалу қызметінің бұзылуы; жергілікті пішінінің бұзылуы немесе жарақаттанған аяқ – қолдың қысқаруы немесе ұзаруы; сүйек бойының еріксіз қимылы, сынықтардың ығысып, жылжуы, үйкелесіп, сықырлауы.

І. Ауыру сезімі – сынықпен қатар пайда болады, тыныштықта басылып, сәл қозғалыстан үдее түседі. Ал, кейбір жүйке жүйесінің аурулары бар сырқаттарда ауыру сезімі онша байқалмайды. Сипап сезу арқасында айқын шектелген ауырсынудың арқасында сынықтың сипаты мен көрінісін және орнын анықтауға болады.

ІІ. Қозғалу – қимылдау қызметінің бұзылуы – бұл белгі барлық сынықтарда түрлі дәрежеде кездеседі. Кейбір сынықтарда қозғалу қызметінің бұзылуы аса байқалмайды. Ал, аяқ-қолдың ығысып, жылжыған сынықтарында аяқ –қол қызметінің бұзылуы өте айқын байқалады.

ІІІ. Сүйек бойындағы еріксіз қозғалыс. Сүйек бойында анықталған көрнекті еріксіз қозғалыс сынықтың айқын белгісі болады. Ол диафизарлы сынықтарда айқын анықталса, түйіскен сынықтарда, жалпақ сүйек (жауырын, қабырға) сынықтарында өте сирек байқалады.

ІV. Сынықтардың үйкелісіп, сықырлауы – сүйек  сынықтарының бір-біріне ығысып қозғалуы мен жылжуынан пайда болады. Бұл белгіні тексеру өте қауіпті, сондықтан оны өте ұқыпты жасау қажет. Олай болмаған жағдайда сүйек бөлшектерінің жылжуы көбейіп, қан тамырлары, ұлпалар, ағзалар мен жүйке талшықтарының зақымдануы мүмкін.

V. Жергілікті пішінінің өзгерісі. Сынық орны мен қалпының өзгерісі -сүйек сынықтарының жылжуымен тығыз байланысты болады. Сынықтың жылжуы білінер – білінбес, ал кейде өте айқын болуы мүмкін. Сондықтан зақымданған қол – аяқты сау жағымен салыстырып қарауды негізгі ереже ретінде қабылдау керек. Сынықтың жылжуы бірнеше себептерден туындайды:

1.           Сынық тудырушы күш әсерінен;

2.         Еттің қайта тартылуы (ретракция) мен тітіркендіргіш әсерге (рефлекторно) жиырылуынан;

3.           Жарақат кезінде құлап жығылғандағы дене салмағының әсерінен;

4.         Сырқатты дұрыс тасымалдамаудан, сақтандыру шараларын дұрыс жүргізбеуден, қалыпты орындамаудан;

Кей жағдайларда жиырылған еттің тартылуы белгілі сүйек сынықтарының ығысып, жылжуына әкеліп соғады. Мысалы: ортан жіліктің жоғарғы үштігінде сынуы кезінде орталық сынық алдыға және артқа қарай жылжып, ал шеткергі сынық артқа және ішке жылжиды, бұл жілікке бекітілген еттердің жиырылумен түсіндіріледі.  Жылжып ығысудың бірнеше түрлерін ажыратады:

а) Бұрыш жасай жылжу – бұл жағдайда сынықтардың ұзын бойы сынған жерде бұрыш құрастырады. Бұл жылжу әрекет жасаған күштің ықпалымен және ет жиырылуының әсерімен түсіндіріледі.

б) Ажырай жылжу  - сүйек сынықтарының сүйектің ұзын бойымен алшақтауы, көбінесе көлденең сынықтарда жиі кездеседі,

в) Ұзын бойымен жылжуы – сүйектің бір жақ сынығы оның екінші жақ сынығының бойымен ұзын бойына жылжиды (көбінесе ұзын түтікті сүйектер сынығында кездеседі).

г) Шеттеп жылжу – екі жақ сынықтың біреуінің  өзінің ұзын бойымен жылжып бұрылуы арқасында қалыптасады.

Сынықты анықтау науқастан сыртартудың (анамнез), тексеріп көрудің, рентгенологиялық зерттеулердің анықтамаларына негізделеді. Сынықты дұрыс емдеу үшін диагнозын дұрыс қою жеткіліксіз. Негізінде сынықтың түрін, орталық және шеткергі сынықтың жылжу сипатын және олардың өзара орналасу қатынасын анықтаған жөн.

Анамнез – сыртарту жарақаттың қалыптасуы мен жарақат тарихы туралы деректерді анықтауға мол қолғабысын тигізеді. Сыртарту арқылы жарақат алғаннан соң науқастың аяқ – қол қызметін пайдалана алған – алмағанын анықтауда дәрігер көп мәліметке ие болады немесе алғашқы көрсетілген көмектің көлемі мен сипатын анықтауға қол жеткізеді. Сырқаттың шағымынан аурудың басталған уақытын, оның орналасуын, күшеюінің себептерін, жарақаттанған аяқ-қолдың қызметінің қалпын анықтауға болады. Жарақаттанған ауданды сырт көзбен қарағанда сау аяқпен, сау қолмен салыстыра қарауы керек. Осылай қараған жағдайда зақымданған жерде ұлпалардың ісінуін, қалпының өзгеруін, қысқаруы мен ұзарғанын, еріксіз қозғалысын, сүйектің сықырлы үйкелесін анықтау диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі. Зақымданған қол немесе аяқта шеткергі тамыр соғысын және саусақтардың қозғалысын тексеру керек. Ол тамыр – жүйке тұтамының тұтастығын анықтау үшін керек болады. Сол сәтте ауруда шоктың, ішкі ағзалардың араласқан зақымдануының, көп сынықтардың бар –жоқтығын анықтаған жөн. Зақымданған қолдың немесе аяқтың қысқарған мөлшерін анықтау үшін сау аяқпен немесе қолмен салыстырмалы түрде өлшеген дұрыс саналады. Сынықтың сипатымен, ығысып жылжуын анықтау үщін рентгенологиялық зерттеу жүргізіледі. Рентгенологиялық қызмет тәулік бойынша көрсетіліп, сынығы бар сырқаттарды емдеуді бастау да, жүргізу де, аяқтау да рентгендік түсірістің бақылауында болуы қажет. Рентгенограмма екі кеңестікте  істелуі жөн – көлденең (фас) және қырынан (профиль).

Балалардың зақымдануы  кезінде, оларда сүйектену үрдісінің толықсыздығын ескере отырып рентгенге түсіруді сау жағымен салыстыру үшін сүйектену ядролары мен эпифиз бойын анықтап қарауымыз сынық бағытын дұрыс түсінуге көмектеседі.

Сынақтарды емдеуде алғашқы көмек негізгі көрсетілер емдердің қатарында саналады және сүйек сынықтарына сақтықпен қарауды талап етеді. Өйткені мұндай ықылас сүйектердің одан әрі таюына және жылжуына жол бермейді. Бұл мәселе транспорттық жабдықтармен құрсаулап (шина) таңумен немесе байлап бекініс (иммобилизация) жасаумен шектеледі. Ашық сынықтар кезінде жараны залалданудан сақтау үшін асептикалық байлам салу қолданылады. Ауыру сезімінің күшін азайту үшін транспорттық  бекіністі зақымдану алған жерде таңу жөн, ауруды сонан соң тасымалдаған дұрыс. Науқас киімін аса ұқыптылықпен шешу керек, олай болмаған жағдайда тігіс бойымен кесу керек. Тасымалдау жансыздырушы дәрілерді еңгізгеннен соң ғана орындалуы шарт. Сынықты бекіткенімізде бекітуші таңғыш жоғары және төмен орналасқан екі буынды міндетті түрде бекіткен болуы керек, ал сан сүйек сынығында - үш буынды бекітуі қажет (жамбас – сан, тізе, сирақ – аяқ буындары).

Әрбір емдеу мекемесінде және жедел жәрдем машинасында транспораттық, құрсау (шина) жабдықтары болуы керек.  Бұл құрсау жабдықтары (шина) жетерліктей мықты, қолдануға қарапайым болулары керек. Сымнан жасалған құрсау жабдығы ең қолайлы да ынғайлы болары сөзсіз.

Крамер жабдығы тоқпақ жілік, білек және сирақ сүйектерінің  зақымдануында құрсаулап бекіту үшін жұмсақ мақталы жаялықпен қоса пайдаланылады. Ортан жіліктің сынуында Дитерихстің транспорттық құрсау жабдығын жиі қолданады. Кейбір кемістіктеріне қарамастан жамбас, сан, тізе, сирақ буындарының сынықтарында қолданатын құрсау жабдықтарының барлығынан қолайлысы осы жабдық болып табылып келеді. Дитерхис құрсауын қайың, қарағай ағаштарынан жасайды. Кейінгі кездері тот баспайтын жеңіл металлдан жасалып жүр. Транспорттық құрсаулап бекіту үшін лонгеттік гипсті таңғыштарды қолданады. Жалпы транспорттық құрсаулап бекіту  алғашқы дәрігерге дейінгі көмек болып саналады. Оны төтенше жағдай болған жерде салады (цехта, шахтада, құрылыста, көшеде, егін жайда). Көп жағдайларда арнайы құрсау жабдықтарының болмауына байланысты сәтсіздікке ұшыраған жерде қолға түскен нәрселерді (бұйымдарды) қолданады (таяқтар, тақтайшалар, ағаш бұтақтары, мылтық, шаңғы, т.б.). Бұл бұйымдардың ұзындығы 2 буынды қамтуға жетуі қажет болуы шарт. Мұндай үлгілі емес (нестандартные) транспорттық жасанды құрсаулар «ойдан шығарылған» (импровизорованные), -  деп аталады. Қолға түсер бұйымдар болмаған жағдайда зақымдалған аяқты сау аяққа байлайды. Бұл жағдайда сау аяқ бекітуші, құрсаушы жабдық қызметін атқарады. Жабдықтарды қолданып, құрсаулап, бекініс жасағанда аяққа физиологиялық дұрыс қалып берілуі тиіс.

Сүйек сынықтарын емдеудің негізгі қағидалары

Сүйек сынығы бар ауруларды емдеу мәселесі - сырқат өмірін сақтау, сүйек анатомиясының тұтастығын қысқа мерзімде қалпына келтіру, сырқаттың еңбекке жарамдылығын, аяқ-қолдың қызметін қалпына келтіру сияқты мақсаттарды алдына қояды.

Сүйек сынығы бар жарақаттарды тиімді емдеу мынандай негізгі қағидаларға негізделген:

Сынығы бар сырқаттарды емдеу кезек күтпес хирургияның көмегіне негізделуі керек. Емдеу мекемесіне түскен ауруды тәуліктің қай уақыты болмасын клиникалық, рентгенологиялық зерттеуден өткізіп, сыныққа алғашқы жедел өңдеу шараларын жасайды. Мұндай кезек күтпес шараларға хирургиялық араласу, ішкі ағзалардың зақымдануында көрсетілер шаралардан басқа жараны алғашқы хирургиялық өңдеу де, сынық бар жерді жансыздандыру, сынықтарды түзету мен гипстік таңғышты қолдану да жатады. Жарақат алғаннан кейінгі ертерек кезеңде сынықты қалпына салып дұрыстау оңай болса, кешіктірілген уақытта жиналған қан (гематома) мен ісіктің ұлғаюынан және еттің қайта тартылуынан кәдімгі тәсілдермен сынықтарды орнына салып, түзету қиынға соғады, ал кейбір кездері тіпті іске аспайды. Көпке созылған ауыру сезімі,  зақымданған аяқ-қолының тағдырына деген қорқыныш уақытша құрсаулап бекіту жасалғанына қарамастан сырқаттың психологиялық жағдайын нашарлатады. 

Категория: Медицина | Добавил: admin_ (13.12.2013)
Просмотров: 9166 | Теги: Сынықтар | Рейтинг: 4.2/4
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: