-->
Главная » Статьи » Разные

Комбайн молотилкасының жұмыс технологиясы
 Комбайнның негізгі бөлігі молотилка болып табылады. Молотилка мынандай негізгі үш бөліктен тұрады: бастырушы аппарат, сабан сіліккіш және електі тазалағыш. Сол механизмдердің көмегімен молотилка астықтарды, дәнді сабан-топаннан тазартады. Тазартылған дән шанаққа, сабан-топан шөмелелегішке жиналады. Жоғарыда аталған механизмдердің жұмысы өзара тығыз байланысты. Егер бұлардың біреуінің механизмі бұзылса, басқаларының жұмыс сапасы нашарлайды. Бастырушы аппарат жаткадан келген астықты бастырады. Бастыру дегеніміз – масақты үгітіп, дәнді одан бөліп алу. Дәнді масақтан ажыратып бөлу үшін негізінен барабанды аппарат қолданылады. Барабанды бастырушы аппараттардан басқа бастырушы аппараттардың бірнеше түрі бар. Олар қазір ғылыми түрғыдан зерттелу үстінде, сондықтан шаруашылықтарда әлі де кең көлемде қолданыла қойған жоқ. Барабанды бастырушы аппараттар екі түрлі болады: тісті және ұрмалы. Тісті барабанды аппарат ұрма барабанды аппаратқа қарағанда ылғалды астықты жақсы бастырады. Бірақ тісті барабанды аппарат ұрмалы аппаратқа қарағанда дәнді көбірек шағады және сабанды өте ұсақтап жібереді. Ұсақталған сабаннан дәнді ажыратып бөлу қиын. Ұрмалы барабанды аппаратпен, тісті аппаратқа қарағанда, астықтың әр түрін бастыруға болады. Онда барабан астына торлы дека қойылғандықтан бастыру кезінде бөлінген дән сабан сіліккішке бармай-ақ, деканың торы арқылы өтіп бірден тазалағышқа барады. Сөйтіп сабан сіліккіштің жұмысын жеңілдетеді. Ал тісті барабандарға мұндай дека қойылмайды, себебі оларңа да тістер бекітіледі. Декасының тесіктері жоқ, бітеу болғандықтан бөлінген дәндердің барлығы сабан сіліккішке барып, сонда бөлініп шығады. Бұл оның жұмысын ауырлатады. Барабанды бастырушы аппарат арқылы астықты екі әдіспен бастыруға болады, бұларды бір фазды, екі фазды әдіс деп атайды. Бір фазды әдіс кезінде бір ғана барабанды бастырушы аппарат қойылады. Ал екі фазды әдіс кезінде астықты бастыру жұмысы кезекпен бірінен кейін бірі атқарылады. Бірінші барабанның айналыс жылдамдығы екінші барабандікіне қарағанда екі есе аз. Бастырылатын астық алдымен бірінші барабанға, айналыс жылдамдығы аз барабанға беріледі. Бұл кезде толық піскен дәндер көбінесе масақтан ажырайды да декадан төмен түседі. Бұл дәндерге үлкен сору күші әсер етпегендіктен ұсақталмай, шағылмай аман болады. Әлі толық пісіңкіремегендіктен үгітілмей масақта қалған басқа дәндер үлкен жылдамдықпен айналатын екінші барабанмен бастырылады. Сөйтіп, екі фазды бастыру кезінде дәннін, шарылу проценті азаяды. Бұл әдіс көбінесе ылңал астықтарды жинау үшін қолданылады. Мысалы, күрішті бастыру үшін немесе солтүстік аудандарда астық жинау үшін осы екі фазды бастыру әдісі қолданылады Бір фазды және екі фазды бастырушы аппараттар жұмыстарында оншама көп айырмашылық жоқ. Екі барабанды бастырып - тазалағыш қондырғының құрылысы (5.4.-сурет) қабылдағыш битерден / 1 /, бірінші бастырғыш барабаннан /2 /, екінші бастырғыш барабаннан /5 /, декалардан /11 және 14 /, қайтарғыштардан / 3 және 6 /, аралық / 4 / және қайтарғыш III битерлерден, бағыттағыш / 8 / және аралық / 13 / торлардан, клавишалардан / 9 /, жапқыштан / 10 /, алдыңғы топты беріліс білігі I 12 I және сіліккіш тақтайшадан / 15 / тұрады. 5.4.-сурет. Екі фазды бастырғыш аппарат: 1-қабылдағыш битер; 2,5-бірінші және екінші барабандар; 3,6-қайтарғыштар; 4-аралық битер; 7-қайтарғыш битер; 8-бағыттағыш елек; 9-клавишалар; 10-жапқыш; 11,14-декалар; 12-алдыңғы топты беріліс білігі; 13-аралық елек; 15-сіліккіш тақтайша. Қабылдағыш битердің / 1 / төрт қалақшасы бар. Ол қораптағы бірінші панелдегі терезе арқылы орнатылады да шарлы подшипниктің қорабымен бекітіледі. Қабылдағыш битер қозғалысты шынжырлы берілістің көмегімен көлбеу камераның жоғарғы білігінен алады. Бастырғыш барабандар / 2 және 5 / масақты ұру арқылы дән бөледі. Ол үшін барабанның бетіне ұрғыштар қойылады. Ұрғыштардың беттері бедерленген және ол бедерлердің оңға немесе солға бағытталуы мүмкін. Сондықтанда оларды кезекпен алмастырып орнату керек. Барабандарды оң жақ панелдегі терезе арқылы орнатады. Барабандар қозғалысты сына белдікті вариатор арқылы басты топтық беріліс білігінен алады. Барабандардың айналыс жылдамдығын осы вариатор арқылы гидроцилиндрдің көмегімен комбайншы кабинада отырып-ақ өзгерте алады. Декалар / 11 және 14 / пісіріліп тұтас бір бөлік етіп жасалған. Ондағы көлденең планкалардың ара қашықтықтары тұрақты емес, айнымалы болып келеді. Алдыңғы / 14 / және артқы /11/ декалардың арасында аралық тор / 13/, ал соңғы деканың артында бағыттағыш тор / 8 / бекітілген. Бастырғыш аппараттағы барабан мен деканың аралығындағы саңылауды комбайншы кабинадағы жұмыс орнынан реттей алады. Комбайнды жасаған заводтың ұсынысы бойынша ол саңылаулар мына төмендегідей болуы керек: алдыңғы барабанда кіре берісінде – 20 мм., артында – 7 мм, ал екінші барабанда кіре берісінде – 18 мм., артында – 6 мм. Аралық / 4 / және қайтарғыш / 7 / битерлер төрт қалақшалы және құрылыстары ұқсас жасалған. Тек айырмашылықтары олардың біліктерінде. Аралық битерді / 4 / қозғалысқа сына белдікті берілістің көмегімен комбайнның оң жағындағы басты топтық беріліс білігімен келтіреді. Қайтарғыш битер / 7 / комбайнның сол жағынан шынжырлы берілістің көмегімен аралық битерден қозғалыс алады. Жаткадан келген астық бастырушы аппаратқа беріледі. Ол кезде көлбеу транспортерден көтеріліп келе жатқан астықтың қозғалыс бағытын бастырушы аппаратқа қарай бұру үшін қабылдағыш битер қойылған. Оның өзі айналып тұратын қалақшалы барабан тәрізді. Ол келе жатқан массаны қалақшаларымен қысып, өзінің астынан өткізеді де бастырушы аппаратқа қарай бағыттайды. Бастыру кезінде негізгі жұмысты ұрмалы барабан атқарады. Ол барабан білікке отырғызылған дискілерден құралады. Шеткі екі диск білікке берік етіп бекітілген, ал ортадағы дискілер білікке жанаспайды. Оның себебі білік ортасын күштен босату болып табылады. Егер ортадағы дискілер білікке күш түсіретін болса, білік аз да болса майысады. Ондай майысу салдарынан үлкен жылдамдықпен айналатын және массасы ауыр бөлшектердің динамикалық тепе-теңдігін бұзады, діріл туғызады, тіпті сынуға себеп болады. Дискілердің аралығы берік планкамен жалғастырылып, ол планкалар үстіне ұрмалар арнаулы болтпен бекітіледі. Прмалар бетінде бедерлі кесіктер бар. Ол кесіктер оңға қарай немесе солға қарай көлбеген болады. Бір барабанға бекітілген оң және сол ұрмалар өзара кезектесіп орналасуға тиіс. Егер кесіктері бір бағыттаңы ғана ұрмалар бекітілсе, онда күш барабанның бір жақ подшипнигіне ғана түсіп, оны тез істен шығарады. Бір барабанға бекіген ұрмалар салмағында да айырмашылық болмауға тиіс. Олай болмаса жоғарыда айтылғандай динамикалық тепе-тендік бұзылады. Егер ұрмалардын біреуі істен шықса, онда бір барабандағы барлық ұрмалар алмастырылады. Оларды алмастырмас бұрын, салмақтарын жеке-жеке өлшеп тексереді. Олардың өзара айырмашылықтары 5 г шамасынан аспауы тиіс. Барабан білігі екі қатарлы шарикті подшипникке отырғызылып, оның қорабы арқылы молотилка қаңқасына бекітіледі. Біліктің бір басына қозғалысқа келтіруші шкив бекітіледі. Ол шкивтің құрылысы төменде вариатор құрылысын қарастырған кезде баяндалады. Дека планкалар мен темір шыбықтардан құралған торулы беттен тұрады. Бастырылатын астық барабан арқылы қозғалып көлденең планкалардың қырларына үйкеліп бастырылады, бұдан ары дәндер масақтан бөлініп тор арқылы дека астына түседі. Дека алдыңғы және артқы жағында білікке отырғызылған. Планкалардың қыры тозған кезде сол біліктен босатып, басқаша ауыстырып қоюға болады. Сонда планкалардың артқы тозбаған қырлары алдына қарайды. Дека бекітіліп, біліктің екі басына барабан мен дека аралығындағы саңылауды өзгертетін механизм орнатылады. Саңылауды реттеу жөнінде төменде баяндалады. Қайтарғыш битер дегеніміз – тісті қалақшалары бар барабан. Оның негізгі қызметі ұрмалы барабаннан үлкен жылдамдықпен шыққан астық массасын қалақшаларымен ұрып, сабан сіліккішке қарай бағыттау болып табылады. Оның астына саусақты тор бекітілген. Қайтарғыш битер астық массасын ұрған кезде сабаннан бөлініп шыққан дәндер сол саусақты тор арқылы өтіп тазалағышқа барады, ал сабан оның бетімен сырғып сабан сіліккішке бағытталады. Бастырушы аппараттың жұмыс сапасы оның реттелуіне тікелей байланысты. Оңан екі түрлі реттеу жүргізіледі. Біріншісі - ұру күшін бастырылатын астық түріне қарай реттеу, яғни барабанның айналыс жылдамдығын өзгерту. Екіншісі – барабан мен деканың арасындағы саңылауды бастырылатын астықтың, физика-механикалық қасиеттеріне қарай өзгерту. Бастырылатын астық түріне байланысты барабанның айналыс санын өзгерту үшін, оны қозғалысқа келтіретін белдікті берілісте вариатор қойылған. Жетектеуші және жетектелуші шкивтердің конструкциялық құрылысы бірдей, бірақ бірінің жұмысшы диаметрі кіші де, екіншісінікі үлкен. Осы екі шкивтің конструкциялық құрылысы бірдей болғандықтан, олардың орындарын ауыстырып бекітуге болады. СКД-5 және СКД-5Р комбайндарында барабанның айналыс санын өзгерту үшін, оны қозғалысқа келтіретін жетектеуші және жетектелуші шкивтердің дискілері жылжымалы етіп жасалған. Қозғалмайтын шкив сына (шпонка) арқылы берік бекітіледі де оның күпшегінде (ступица) қозғалатын шкив сына арқылы жалғасып, қосымша хомутпен бекітіледі. Қосымша қамытты босатып, қозғалатын дискіні ось бойымен қозғалмайтын дискінің күпшегі арқылы жылжытуға болады. Екі дискі қосымша шпилкалар арқылы жалғасқан және араларына тірегіш болттар қойылған. Екі дискінің ара қашықтығын ұлғайту үшін қамытты және екі дискі арасындағы шпилка гайкаларын босатып, тірегіш болттарды кіргізе бұрау керек. Ал кішірейту керек болса, тірегіш болтты шығара бұрап, екінші дискалардан алыстатады, қосымша қамытты босатып, шпилькалардың гайкаларын кіргізе бұрайды. Егер диаметрі кіші шкив жетектеуші (топты беріліс білігінде) болса, онда барабанның айналыс санын вариатор көмегімен 400-750 шамасына дейін өзгертуге, ал диаметрі кіші шкив жетектелуші (барабанның білігінде) болса, онда барабанның айналыс санын 800-1335 шамасына дейін өзгертуге болады. Барабан айналысын өзгерткен кезде мынандай құбылыс болады. Комбайнер кабинадағы тұтқаны бұрау арқылы жұлдызшаны айналдырады. Онымен бірге екі біліктегі бірдей жылжымалы втулканың сыртқы бөлігі ішкі бөлігіне кіре немесе шыға бұралады. Сөйтіп екі дискінің аралығы өзгереді де бір-біріне беріліс саны, яғни айналыс саны өзгереді. Барабанның айналыс санын тұтқа арқылы жерде тұрып-ақ өзгертуге болады. Ол үшін барабанды іске қосып, двигательді аз айналу қалпына келтіреді. Бұдан кейін тұтқаны қолмен тиісті жағына бұрайды. Оны сағат тілі жүретін жаққа бұраған кезде барабанға айналыс саны артады, ал керісінше бұраған кезде айналыс саны азаяды. Барабанның айналыс санын кабинадағы тахометр арқылы бақылап отырады. Жұмысқа кіріспес бұрын барабанды тиісті айналыс санына қояды. Жұмыс кезінде бастыру сапасына қарай өзгертуге болады. Барабанның айналыс саны көп болса, онда шағылып сынған дәндер бункерде көбірек кездеседі және сабан да өте ұсақталып туралады, сондықтан тазалағыш механизмдер дәнді сабаннан ажыратып үлгіре алмайды, дәннің бірқатары сабанға ілесіп кетіп шығынданады. Керісінше, барабанның айналыс саны аз болса, ол астықты түгел басып үлгіре алмайды, сабанмен бірге бастырылмаған масақ болады. Сол сияқты үлкен масса келгенде барабан тығылып қала береді де оның өнімділігі азаяды. Астықты бастыру сапасы барабанның айналыс санына ғана байланысты емес. Бастыру сапасы барабан мен дека арасындағы саңылауғада байланысты. Егер осы саңылау мөлшері дұрыс қойылмаса, онда дәндер сынып шағылады немесе масақтар бастырылмаған күйде сабанға кетеді. Барабан мен дека арасындағы саңылауды реттеу комбайндарда екі түрлі жолмен жүргізіледі. СКД-5 "Сибиряк" комбайндарында эксцентрикті рычаг көмегімен, ал "Нива" мен "Колос" комбайндарында рычагты механизмдер көмегімен саңылауды жұмыс кезінде өзгертуге болады. СКД-5 "Сибиряк" комбайндарында барабан мен деканың арасындағы саңылауды реттейтін механизм (5.5.-сурет) жұмыс басталар алдында және жұмыс кезінде саңылау шамасын реттеуге мүмкіндік береді. Жұмыс басталар алдында саңылауды реттеу үшін деканы 2 және эксцентрикті құрсауымен (обойма) 5 қоса винт 6 арқылы жылжытады. Осылай реттеу арқылы барабан мен дека арасындағы саңылауды ең кіші шамаға қояды да жұмыс кезінде тұтқа 8 арқылы ұлғайта алады. 5.5.-сурет. Бастыру аппаратындағы саңылауды реттеу: 1-эксцентрик; 2-дека; 3-білік; 4-винтті механизм; 5-құрсау; 6-тартқыш; 7-тартқыш; 8-тұтқа; 9-сектор. Бастырушы аппараттағы саңылауды реттеу үшін мынадай жұмыстарды орындау қажет. Тұтқа 8 мен эксцентрикті жалғайтын тартқыштың 7 бір ұшын шығарып тастайды. Комбайнның оң жағындағы (жүріс бағытымен алғанда) эксцентриктің тұтқасын тік төмен қаратып орналастырады. Бастырушы аппараттың алды-артына жасалған саңылау өлшегіш тесіктің қақпағын ашып, барабан ұрмасы мен дека планкасы арасындағы саңылауды өлшейді. Саңылау шамасы алғаш 14Ғ1 мм болуға тиіс. Осы шамадан өзгеше болса, винтті механизм 6 арқылы саңылауды тиісті шамаға келтіреді. Саңылауды өлшеп, оны қалпына келтіріп реттеу жұмысы бастырушы аппараттың оң жағына және сол жағына бірдей жүргізіледі. Винтті механизм арқылы саңылауды тиісті шамаға қойғаннан кейін тұтқаны 8 сектордағы 9 бесінші тесік тұсына келтіреді де тартқышты 7 жалғайды. Саңылаудың дұрыс қойылғандығын тексеру үшін тұтқаны 8 кейін жылжытып, сектордағы 9 бірінші (жоғарыдан) тесікке орнатады, барабан мен дека арасындағы саңылауды жеке-жеке өлшейді. Тұтқа 8 осы қалыптары кезінде бастырушы аппараттың алдыңғы саңылауы 14 мм, артқы саңылауы 2 мм болуға тиіс. Осылайша бастырушы аппаратты жұмыс басталар алдында ретке келтіргеннен кейін, жұмыс кезінде комбайнды тоқтатпай-ақ, қосымша реттеулер жүргізуге болады. Ол үшін комбайншы басқару алаңындағы тұтқаны 8 сектордағы 9 тиісті тесіктерге ауыстырып орналастыра береді. Секторда 9 барлығы он тесік бар. Тұтқаны 8 бір тесікке ауыстырса, барабан мен дека арасындағы саңылау бір миллиметр өзгереді. Сонымен жұмыс кезінде тұтқаның 8 көмегімен бастырушы аппараттың алдыңғы саңылауды 14-24 мм шамасына, ал артындағы саңылауды 2-12 мм шамасына дейін өзгертуге болады. "Нива" мен "Колос" комбайндарында саңылауды реттеу рычагты механизм (3.26.-сурет) арқылы жүргізіледі. Негізгі дека 6 тартқыштар 5 арқылы тұтқамен 4 жалғасқан, ал тұтқа басқару алаңына орналасқан. Мұндаңы саңылаулар да жұмыс басталар алдында және жұмыс кезінде реттеледі. Жұмыс басталар алдында тұтқаны ең шеткі тесікке қояды. Сол кезде "Б" саңылауы 14 және "Г" саңылауы 2 мм болуға тиіс. Керісінше жағдайда реттегіш винт 1 пен тартқыштардың 5 ұзындығын өзгерту арқылықалыпқа келтіреді, ал жұмыс кезінде тұтқаны 4 сектордың 3 басқа тесігіне ауыстыру арқылы саңылауды көбейтеді. Барабан мен деканың арасындағы саңылауды барабанның өн бойымен түгел өлшеу керек, яғни оң жақтағы, сол жақтағы және ортасындаңы саңылаулар шамасы бірдей болуы тиіс. Егер осы шарт орындалмаса, яғни деканың планкалары мен барабан ұрмалары өзара параллель болмаса, онда бастырушы аппараттың бір жағында (саңылау кіші жағында) дәндер шағылып қирайды, екінші жағында (саңылау үлкен жағында) масақ бастырылмай қалады. Бастырушы аппараттағы саңылауды реттеу кезінде барабан ұрмалары мен даканын, ақаусыздығын тексеру керек. Көбінесе тасты жерлердегі астықты бастыру кезінде бастырушы аппаратқа астыққа ілесіп тас келеді, сүйтіп ондағы ұрмаларды немесе дека планкаларын майыстырады. Тас өткендіктен саңылау ұлғаяды да одан масақ бастырылмай өтіп кетеді. Сондықтан да жөңдеу кезінде барабан қамшыларымен дека планкаларының түзулігін арнаулы плитада тексеру қажет. Сабан сіліккіш және дән тазартқыш. Бастырғыш аппараттан астық массасы екі бөлініп шығады. Біріншісі – дека тесіктерінен өткен дәндер мен топан қоспасы, олар тазартқыш механизмге түседі, ал екіншісі – декадан өтпей аппараттың артқы жағына шыққан дәндер мен сабан қоспасы, олар сабан сіліккішке жіберіледі. Сабан сіліккіш механизмдердің де көптеген түрлері бар. Солардың ішіндегі ең тиімдісі клавишты сабан сіліккіштер. Олардың құрылысы қарапайым және өздері сенімді жұмыс істейді. Клавишты сабан сіліккіштер барабанмен бастырылып, сабанмен араласқан дәнді бөліп, тазартқышқа жібереді де сабанды шөмелелегішке жеткізеді. Осы жұмысты атқару үшін ол күрделі қозғалыс жасайды, яғни ілгері-кейін және жоғары-төмен тербеле қозғалады. Жоғары-төмен тербелгенде сабанды сілкеді, оның арасындағы дәнді төмен түсіреді. Дәндер үшін клавиш бетіне тесіктер жасалған. Сабаннан бөлініп төмен түскен дәндер сол тесіктерден клавиштың ішкі қуысына өтеді, ал клавиштың астыңғы беті сырғымалы науа тәрізді және ол көлбей орналасқан. Дән клавиштың түбімен сырғанап, тазартқыш механизмдерге беріледі. Дәндері бөлінген сабандарды шөмелелегішке қарай жылжыту үшін клавиш ілгері-кейінді қозғалыс жасайды. Сөйтіп осы екі тербеліс қосылып күрделі қозғалысқа айналады да сабан бастырғыш аппаратынан шөмелелегішке қарай жылжи береді, осы кезде ондағы дәндер бөлініп, тазартқышқа түседі. Клавиш көрсетілгендей қозғалыс жасау үшін оның алдыңғы және артқы жағы иінді білікке бекітіледі. Артқы иінді білік жетекші де алдыңғы білік жетектелуші. Иінді біліктер айналмалы қозғалыс жасаған кезде оның иінді мойындарында ағаш подшипниктер арқылы бекітілген клавиштер жоғарыда айтылғандай күрделі қозғалысқа айналады. 5.6.-сурет. Бастыру аппаратындағы саңылауды тартқыштармен реттеу: 1-реттегіш болт; 2-қосалқы дека; 3-сектор; 4-тұтқа; 5-тартқыштар; 6-негізгі дека: Сабан сіліккіштері үстіне матадан жасалған екі алжапқыш (фартук) қойылған. Алдыңғы алжапқыш бастырушы аппараттан ұшып шыққан дәндерді тосқауылдап сабанды аздап тежейді, ондағы дәндердің толық бөлінуіне мүмкіндік жасайды. Артқы алжапқыш клавиштерден ұшып шыққан дәнді тосады. Сабаны көп астықты жинау кезінде алдыңғы алжапқышты алып тастау керек. Өйткені ол сабанның қозғалысын тежеп, клавиштың тығылып қалуына себеп болады. Комбайндарңа сөз болып отырған клавиштардың бірнешеуі қойылады. Көбінесе қолданылатындары төрт және бес клавишты сабан сіліккіштер. Төрт клавишты сабан сіліккіште әр клавиш жеке-жеке тербеледі, ал бес клавишты сіліккіште екеуден және үшеуден бірігіп, қарама-қарсы тербеледі. Қазіргі қолданылып жүрген сабан сіліккіштердің негізгі кемшілігі - олардың жұмысы ешқандай реттелмейді. Көптеген зерттеулер нәтижесі олардың жұмыс сапасы тербеліс санына, көлбеу бұрышына және үстіндегі сабан қалыңдыңына әсіресе байланысты екендігін анықтады. Олай болса, сіліккіштердің осы көрсеткіштерін реттелетін етіп жасаудың маңызы зор. Бұл, сөз жоқ, ғалымдарды және өнертапқыштарды ойландыратын мәселе. Дән тазартқыш қондырғы бастырғыш аппарат декасынан бөлініп шыққан және сабан сіліккіштен түскен дән мен топан қоспасынан дәнді бөлуге арналған. Орылған астық бастырғыш аппараттан бір рет өткен кезде бәрі бастырылып, барлық дән масақтан ажырап үлгермейді, бастырылмаған масақтаңы дәндер тазартқышқа келіп түседі. Сондай масақтарды тазартқыш топаннан бөліп, бастырғыш аппаратқа қайтарды. Дән тазартқыш қондырғы (3.27.-сурет) мынадай негізгі бөліктерден құралған: тасымал тақтайшасы 5, електер 20, 21, желдеткіш 9, дән шнегі 12 және масақ шнегі 15. Жұмыс кезінде тасымал тақтайшасы 5 мен електер 20, 21 тербелмелі қозғалыс жасайды. Оларға қозғалыс иінді білік 7 пен шатун 8 арқылы беріледі. Електер мен тірек тақтайшасының бір жақтары аспалармен 5, 14, 19 молотилка қаңқасына топсалы етіп бекітілген. Екі иінді рычагтың 10 жоғарғы ұшына тірек тақтайшасы мен жоғарғы елек станы, ал төменгі ұшына астыңғы елек станы топсалы жалғасады. Енді екі иінді рычагтын жоғарғы ұшы шатунмен бірге тербелген кезде електер де, тірек тақтайшасы да тербелмелі қозғалады. 5.7.-сурет. Дән тазартқыш: 1,3,4-бітегіштер; 2-алдыңғы қалған; 5-тасымал тақтайшасы; 6-алдыңғы аспа; 7-иінді білік; 8-шатун; 9-желдеткіш; 10-екі иінді рычаг; 11- елек станының алдыңғы аспасы; 12-дән шнегі; 13-елек станы; 14- елек станының артқы аспасы; 15-масақ шнегі; 16-тақтайша; 17-қалған; 18-ұзартқыш; 19-артқы аспа; 20-төменгі елек; 21-жоғарғы елек; 22-саусақты тор; 23-топса; 24-ось. Тасымал тақтайшасы 5 дегеніміз – бетінде бедері бар бітеу жазықтық. Оның алдыңғы бөлігі дека астында орналасады, яғни декадан бөлініп шыққан дәндер мен топан қоспасы оның алдыңғы бөлігіне түседі. Артқы бөлігі жоғарғы елекпен жалғасқан. Ол жерге саусақты тор бекітіледі. Осылайша орналасқан тасымал тақтайшасының міндеті топан мен дән қоспасын екшеп, дека астынан елекке жеткізу болып табылады. Дән мен топан қоспасын екшеу кезінде екі қабатқа бөлінеді, меншікті салмағы ауыр дәндер астыңғы қабатқа түседі, жеңіл топандар үстіңгі қабатқа шығады. Осылайша екі қабатқа бөліну дәндердің електен тез бөлініп шығуына мүмкіндік жасайды. Екшелген қоспа тақтайша артындағы саусақты торға беріледі. Саусақты тор тазаланатын қоспаның бірден үйіліп елек алдына түсуіне жол бермейді, яғни қоспа електің алдынан бастап орта шеніне дейін таралып біртіндеп түседі. Елек етанына екі түрлі елек бекілген. Олар жалюзді електер деп аталады. Жалюздер аралығындағы саңылаудан дәндер өтіп кетеді де, топандар оның үстімен сырғып отырады. Жоғарғы електің жалюздері ірі, төменгінікі ұсақ болады. Жалюздерді бұрылмалы етіп бекітіп бәрінің иіндерін тұтқаға бекіткен. Сол тұтқамен жалюз аралығындағы саңылауды өзгертіп тұруға болады. Желдеткіштен 9 келген ауа ағыны електердің өн бойымен жүріп тұрады. Тақтайшадан келген қоспа жоғарғы елекке түседі. Бұл кезде дәндер мен майда масақтар төменгі елекке өтеді де кесек топандар ауа ағынының және тербелудің әсерінен жоғарғы елек ұзартқышына 18 жеткізіледі. Төменгі електе таза дәндер бөлініп шығады да дән шнегіне 12 түсіп, элеватормен бункерге жеткізіледі, ал майда масақтар төменгі елек бойымен жылжи отырып, масақ шнегіне 15 түседі. Масақ шнегі оларды элеватор арқылы бастырғыш аппаратқа қайта береді. Сөйтіп олар екінші рет бастырылады. Жоғарғы елек ұзартқышының мақсаты - топан арасынан ірі масақтарды бөліп алып, қайтадан бастыруға жіберу. Оның құрылысы да жалюзді етіп жасалған, бірақ ол жалюздердің тісі болмайды. Сол жалюздері аралығынан масақтар өтіп, шнекке түседі де топан нығыздағыш арқылы шөмелелегішке жеткізіледі. Пзартқыш жалюздері аралығындағы саңылауды да өзгертуге болады. Тазалау жұмысы қанағаттанарлықтай болу үшін тазалағыш механизмдерге мынадай реттеулер жүргізеді. Желдеткіш арқылы келетін * жел күшін өзгертеді, үстіңгі және астыңғы електер арасындағы саңылауды ұзартқыш жалюздер арасындағы саңылауды, астыңғы елек пен ұзартқыштың жалюздері арасындағы саңылауды, астыңғы елек пен ұзартқыш көлбеу бұрышын және масақ қалғанының орналасу жағдайын өзгертеді. Үрлейтін жел күшін өзгерту үшін желдеткіштің сору тесігін өзгертеді. Ол үшін арнаулы тұтқа қойылған. Жел күшінің дұрыс реттелгендігін шөмелелегіштегі топанды тексеріп біледі. Егер топанға дән ілесіп ысырап болып жатса, онда жел күшін азайтады. "Нива" мен "Колос" комбайндарында желдеткіштің, айналыс санын минутына 432-725 шамасына дейін өзгертуге мүмкіндік беретін белдікті вариатор бар. Жел күшін желдеткіштің айналыс жылдамдығын өзгерту арқылы реттеуге болады. Астыңғы, үстіңгі електердің жалюздері дұрыс қойылса, онда дәндер оның артқы шетіне 10-15 см жетпей, толық бөлініп шығады. Осы кезде масақ шнегіне дән түспеуі тиіс. Тазалағыш механизмнің жоғарыда баяндалған реттеу жұмыстары өзара тығыз байланысты. Бір рет ғана реттеумен жұмысты қалыпқа келтіру өте қиын. Баяндалған реттеу жұмыстарын қайта-қайта жүргізу арқылы тазарту жұмысын қалыпқа келтіреді. Бункерге тек тазаланған дәндер ғана түсуі, шөмелелегішке дән кетпеуі керек. Егер шанаққа дәнмен бірге топан да келетін болса, онда електердің жалюзін жабыңқырап, желдеткіштің сору тесігін үлкейтеді. Ал шөмелелегішке топанмен бірге дән кетіп жатса, онда елек жалюздерін ашыңқырап, желдету күшін азайтады. Шөмелелегішке толық бастырылмаған масақ кетсе, онда ұзартқыш жалюзін ашыңқырап, оның көлбеу бұрышын ұлғайтады. Озартқыш пен електер дұрыс реттелмесе, масақ шнегіне дән мен топан көп келеді де олар тығылып жүрмей қалады. Олар екінші рет бастыруға беріледі де шағылып сынады. Шанақта шағылған дәндер кездессе, оның себебін бастыратын аппаратпен бірге тазалағыш механизмінен іздеу керек. Шөмелелегіш. Шөмелелегіш молотилкадан шыққан сабан мен топанды белгілі шамаға дейін жинайды да шөмеле түрінде жерге түсіріп кетеді. Оның қорабы молотилка қорабының жалғасы болып табылады. Ол екі жақтаудан, үстіңгі торлы қоршаудан, астыңғы және артқы клапандардан тұрады. Артқы және астыңғы клапандар топсалы етіп бекітіліп, өзара рычагтар жүйесімен жалғастырылған. Артқы клапанда шаппалы механизм бар. Ол клапандар жабулы кезінде өздігінен ашылып кетуіне жол бермейді. Шөмелелегішке сабандарды тығыздағыш итеріп беріп тұрады. Ол тербелмелі қозғалыс жасайтын айырдан құралады. Оны шынжырлы беріліс арқылы артқы топты беріліс білігі қозғалысқа келтіреді. Шөмелелегіш мөлшерден тыс толып кеткен кезде беріліс механизмінде іске қосылатын автоматты қондырғы бар. Бұрынғы комбайндарда шөмелелегіш клапандарын ашып-жабу үшін рычагтар жүйесі пайдаланылған. Олардың негізгі кемшілігі шөмеле түскеннен кейін клапандар өз салмақ күштері әсерінен жабылатын еді. Егер шөмеле кейбір себептерге байланысты толық түспесе клапандар жабылмайды да сабан шашылады. Осы жағдайды ескеріп, кейінгі шығарылып жүрген комбайндарда клапандарды ашып-жабатын гидравликалық жүйе бар, яғни клапандар гидроцилиндр күшімен ашылып жабылады. Шөмелелегішті жұмысқа қосу алдында оның механизмдерін ретке келтіру керек. Шөмелелегіш түбі комбайнға белгілі бір деңгейде болатындай етіп, оның өзін артқы клапанмен жалғайтын тартқыш арқылы реттейді. Топан тығыздағыштың астындағы астаушық қырымен шөмелелегіш түбі бір деңгейде, немесе 50 мм төмен болуы керек. Егер осы көрсетілген шамадан төмен болса, онда комбайнның артқы басқару дөңгелегіне шөмелелегіштің түбі тиіп майысуы мүмкін. Ал шөмелелегіш түбінің қыры топан тығыздағыштың астаушыңынан жоғары болса, онда топан шөмелелегішке түспей жерге құлап қалып отырады. Сабан мен топанның тығыздалуы сақтандырғыш муфтаның серіппесіне байланысты. Сақтандырғыш муфта сол серіппе көмегімен 8 кгкПм күш шамасына ылайықты реттеледі. Сақтандырғыш муфтамен бірге шөмелелегішті автоматты түрде босататын механизм қойылған. Бұүл механизм шөмелелегішті босату жұмысын комбайнер ұмытып кетсе ғана іске қосады. Ол механизмде мынандай реттеулер жүргізіледі. Роликтің ішкі жаны мен эксцентрлі дискі арасындағы саңылау 10 мм мөлшерінде болу керек. Оны реттегіш болт арқылы қалыпқа келтіреді. Ролик пен эксцентрлі дискі арасындағы тік бағытпен өлшенгенде саңылау 2-3 мм болуы керек. Оны да реттегіш болтпен қалыпқа келтіреді. Шөмелелегіштің басқару механизмдеріндегі тартқыштар салбырамай, керіліп тұруы тиіс. Ол үшін олардың ұзындығын өзгертеді.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 2197 | Теги: Комбайн молотилкасының жұмыс технол | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: