-->
Главная » Статьи » Разные

Картоп отырғызу технологиясы
Картопты екі түрлі әдіспен: шаршы ұялап және бір-бірлеп отырғызады. Ол екі әдіске байланысты отырғызғыштардың да жұмыс технологиясы әртүрлі болады. Қазіргі өндірістен шығатын картоп отырғызғыштар картоптың қатар аралығын 60, 70 және 90 см етіп отырғызады. Картоп отырғызғыштың технологиялық схемасы 3.8.-суретте көрсетілген. Картоп отырғызғыш мынандай негізгі бөліктерден тұрады: шанақ 1, қозғағышы 11, сіліккіші 12 бар қоректендіргіш 10, шөміштер бекітілген отырғызғыш аппарат 3, сошник 5, көмгіш 6, тыңайтқыш себетін аппарат 4 және беріліс механизмдері. Кейбір картоп отырғызатын машиналар органикалық тыңайтқыштар себетін Ау-4 қондырғысымен жабдықталады. Ол картоп отырғызғыштың артына тіркеледі. 2.8.-сурет.Картоп отырғызғыштың жұмыс технологиясы: 1-шанақ; 2-қоректендіргіш қабырқасы; 3-шөміштер; 4-тыңайтқыш аппараты; 5-түтік; 6-көмгіш диск; 7-жазық серіппе; 8-сошник; 9-шнек; 10-қоректендіргіш; 11-қозғағыш; 12-сіліккіш. Машинаның негізгі жұмысшы мүшесі – отырғызғыш аппарат. Ол шынжырлы беріліс арқылы қозғалысты трактордың қуат білігінен алады. Әр қатарда бір-бір отырғызғыш аппарат орналасады. Ол білікке қозғалмайтын етіп орналасқан дискіден тұрады. Сол дискінің бетіне қысқыштары бар шөміштер бекітілген. Қысқыштардың бір ұшы шөміштегі тесікке кіріп тұрады, ал екінші ұшы иілген. Серіппе қысқышты шөмішке қарай үнемі итеріп тұрады. Дискінің төменгі жағында лекало бар. Ол қозғалмайтын етіп рамаға бекітілген. Дискі айналып, төменгі қалыпқа келгенде, қысқыштың иілген басы осы лекалоға тіреледі де серіппені қысып, қысқышты шөміштен алыстатады. Сол шөміш пен қысқыш ашылған қалпында қоректендіргіштегі картопқа келеді. Шөміш картопты аралап өткендіктен оған картоп түйнегі ілінеді. Шөміш картоп арасынан шығар кезде қысқыш лекалодан шығады да серіппенің күшімен ілінген картоп түйнегін шөмішке қарай қысып ұстап тұрады. Диск әрі қарай айналып төменгі қалпына келгенде, яғни сошник үстіне келгенде, қысқыш лекаломен кездеседі де картопты босатып жібереді. Ол картоп сошникке түседі. Қысқыш сол ашылған күйінде қоректендіргіштегі картопқа қайтып келеді де жоғарыда баяндалған процесс осылайша қайталана береді. Қоректендіргіш бункердің жалғасы болып саналады. Ол жазықтыққа 30 градус бұрыш жасап орналасқан және соңы диск диаметріне сөйкестендіріліп иілген. Бункердегі картоп қоректендіргішке қозғағыш пен сіліккіштің көмегімен жеткізіледі. Қозғағыш имек саусақтары бар біліктен құралған. Білік айналған кезде имек саусақтары қоректендіргіштегі кесікке кіреді де ондағы картоптарды төмен қарай итереді. Ал қозғағыш саусақтарқа картопты жеткізу қызметін сіліккіш атқарады. Сіліккіш бункер түбіне топсамен орнатылған және серіппе арқылы оған тартылып тұрады. Қозғағыш білігінде екі ролик бекітілген. Олар білікпен бірге айналған кезде сіліккішке тиеді де оны жоғары көтереді. Ролик өтіп кеткеннен кейін серіппе сіліккішті бастапқы қалпына келтіреді. Сөйтіп сіліккіш тербелмелі қозғалыс жасайды, ал оның үстіндегі картоп тербелмелі қозғалыстың әсерінен бункерден төмен қарай сырғиды. Қоректендіргіштің төменгі ұшында шнек 9 орналасқан. Ол қозғағыш жеткізген картоптарды көлденең бағытта жылжытады. Сөйтіп шөміш өтетін жерде үнемі картоп тұрады. Отырғызғыш аппарат түсірген картоптар сошник роторындағы қалақшаға жиналады. Ол жерге тыңайтқыш та түседі. Сошник сына тәрізді және рамаға параллелограмды механизм арқылы жалғасқан. Сошник алдына тірек дөңгелегі, артына көмгіш дискі бекітіледі. Сошник роторының төрт қалақшасы бар. Оған карданды білік арқылы қозғалыс беріледі. Бұл беріліс екі дискілі төрт ұялы автомат арқылы орындалады. Ал автоматтың жұмысқа қосатын рычагы ұстағыш механизммен жалғасқан. Рычагтың ролигі автомат дискенің ұясына кіріп тұрған кезде роторға қозғалыс берілмейді. Өлшегіш сымның түйіні ұстағыштың тұтқасын бұрған кезде автоматты іске қосатын рычаг ролигі ұядан шығады. Осы кезде автомат іске қосылып айналады. Онымен бірге карданды білік арқылы ротор да айналады. Рычаг ролигі келесі ұяқа кіргенше осындай айналыс болады. Рычаг келесі ұяға кірген кезде қозғалыс берілісі тоқталады. Бұл ротордың бір айналысының төрттен біріне тең яғни ротордың бір қалақшасының орынына екінші қалақшасы келіп тоқтайды. Сөйтіп бұрынқы бірінші қалақша тік бағытқа келеді де оған жиналған картоп пен тыңайтқыш төмен сырғып жерге түсіп қалады, ал екінші қалақша көлденең тұрғандықтан, оның үстіне түйірлер жинала береді. Қартоп отырғызғыштың жұмыс технологиясы мынадай болады. Жұмыс басталмас бұрын картоп пен тыңайтқышты салынатын ыдыстарына толтырады, ал жұмыс басталғанда, яғни агрегат жылжиды да куат білігі арқылы отырғызғыштың жұмысшы мүшелерін қозғалысқа келтіреді. Осы кезде картоп сіліккіш пен қозғағыштың көмегі арқылы бункерден қоректендіргіш түбіне жеткізіледі. Қоректендіргіш түбіндегі шнек картопты отырғызғыш аппаратқа жақындатып отырады. Отырғызғыш аппарат жоғарыда көрсетілген ретпен картоп түйірлерін бір-бірлеп сошник роторына тастай береді. Машина жұмыс қалпына келтірілген кезде сошниктер жерге батады да онда арықша жасайды. Ол арықшаның тереңдігі сошник пен тірек дөңгелегінің өзара орналасу жағдайына байланысты. Тірек дөңгелегі ылғи жердің бетімен жүреді де жер бедеріне сәйкес сошниктің қазу тереңдігін өзгертіп отырады. Осы сошниктің жер бедеріне сәйкес икемделіп, өз қалпын өзгерткен кезде оның топыраққа кіру бұрышы өзгермеу үшін параллелограмды механизм орнатылған. Ротор айналған кезде сошник жасаған арықшаға жиналған картоп пен тыңайтқыш бір жерге түседі де бір ұя жасалады. Ол ротордың айналасын, жоғарыда айтылғандай, автомат арқылы өлшегіш сым түйіндері басқарады, яғни өлшегіш сымның бір түйініне бір отырғызу ұясы келеді. Пайда болган ұяны сошник артында келе жатқан дискілі жасырғыш жауып көмеді. Отырғызылған картопты көмудің екі түрі бар. Ылғалды аудандарда оны жал етіп, ал құрғақ аудандарда тегіс етіп көмеді. Соған байланысты көмгіш мүшелер де өзгереді. Жал етіп жасырған кезде тек дискіні ғана тіркейді, ал тегістеп көмген кезде дискі артына ұзын тіс тырма тіркеледі. Картопты шаршы-ұялап отырғызбай, бір-бірлеп отырғызған кезде отырғызғышқа біраз өзгеріс енгізеді. Ол үшін роторлы сошниктерді роторсыз сошникпен алмастырады. Осы кезде отырғызғыш аппараттан келген картоп түйірлері сошник жасаған арықшаға бір-бірлеп түсіп отырады. Картоп отырғызатын машиналар тетіктерін реттеу. Машинаны жұмысқа дайындау. Картоп отырғызушы аспалы машиналарды жұмысқа қоспас бұрын, оның барлық механизмдерінің жұмысын тексеріп, ретке келтіреді. Барлық қозғалатын бөліктер қолдан жеңіл қозғалуы тиіс. Отырғызғыш аппараттардың қысқыштарының серіппесі тексеріліп, сынғандары алмастырылады. Шөміш қысқыштарының тұтқасы бағыттаушы лекалодан шыққан кезде қысқыштар шөміштің айырына ешбір тоқтаусыз өтуге тиіс. Егер шөміш керегелеріне тірелетін болса, онда қысқышты тиісті жағына майыстыру арқылы қалыпқа келтіреді. Отырғызғыш аппараттардың шөміштері дискі ортасынан бірдей қашықтықта орналаспаған болса, оларды бекіткен орнынан жылжыту керек. Осымен қатар, себілетін тұқымның мөлшеріне қарай, шөміш пен жақтаудың ара қашықтығын реттейді. Егер тұқым ұсақ болса, жақтауды шөмішке тимейтін етіп жақындатады. Бұл қашықтық тұкым мөлшерінен артық болса, бір шөмішке екі тұқым қысылуы мүмкін, ал егер аз болса, шөмішке тұқым қысылмай қалады. Сол себепті тиісті отырғызу нормасы бұзылады да жұмыс сапасы нашарлайды. Барлық шынжырлы берілістегі шынжырлардың керілуі және жұлдызшалардың бір жазықтықта жататындығы тексеріледі. Автомат жұмысын, отырғызғыштың карданды білігін тракторға жалғап, айналдыру арқылы тексереді. Түйін ұстағыштың айыр тұтқасынан қолмен тартқан кезде барлық сошниктердегі роторлар айналуы керек, яғни автомат жұмысқа косылуы тиіс. Автомат ажыраған кезде ротордың қалақшасы сошниктің артқы кесігін жауып тұруға тиіс. Алшақтық болса роторлы қозғалысқа кедтіретін карданды біліктегі қосалқы гайка мен негізгі гайканы босатады. Карданды білікті ось бойымен жылжытады да, роторды тиісті бағытта айналдырып, қалыпқа келтіреді. Соңынан босатылған гайкаларды қайтадан бекітеді. Сошниктерді реттеу. Картоп отырғызудағы жұмыс сапасы негізінен сошниктерге байланысты. Сондықтан да сошникке көптеген реттеулер жүргізіледі. Сошниктің, схемалық көрінісі 3.9.-суретте берілген. 2.9.-сурет.Сошник схемасы: 1-скоба; 2-брус; 3-жоғарғы тартқыш; 4-қосалқы гайка; 5-винт; 6-сектор; 7-штыр; 8-төменгі тартқыш; 9-шектегіш; 10-тірек; 11-сошник; 12-реттегіш тесіктер; 13-тартқыш; 14-кронштейн; 15-шайба; 16-штанга; 17-серіппе; 18-тырма; 19-тірек дөңгелегі. Сошниктерді тиісті қатар аралыққа қою үшін, брусқа 2 бекітілген сошник кронштейнін босатады. Бруста 2 бірнеше тесіктер жасалған. Олардың сеялка ортасына ең жағыны қатар аралық 60 см екенін көрсетеді. Сол тесік ортасына сошник кронштейнінің ішкі шеті келіп тұруы тиіс. Сонымен сошник арасын өлшемей-ақ, брустағы белгілер арқылы берілген қатар аралыққа қоюға болады. Сошниктерді берілген тереңдікке мына ретпен қояды. Сошникті көтеріп, тірек дөңгелектерінің 19 астына тиісті тереңдікке тең тіреу қойылады. Тірек дөңгелегінің тізгіні бекітілген штырды 7 шығарады. Сошникті 11 жерге жанасқанша түсіреміз де тірек дөңгелегінің тізгінін сектордағы 6 тура келген тесікке штыр 7 арқылы қайта бекітеміз. Жұмыс кезінде тірек дөңгелегі жер бетіне жанасқанда сошник тереңдеп топыраққа енеді. Тірек дөңгелегі жер бетіне жанасқаннан кейін, әрі қарай сошник тереқдей алмайды. Осыған орай жер бетінің ойлы-қырлылығымен үйлесімді түрде сошник бір қалыпты тереңдікте жүреді. Сошник кронштейнге параллелограмм тәріздес механизм арқылы бекітіледі. Сол механизмнің көмегімен сошник тереңдігі өзгерсе де оның жерге кіру бұрышы өзгермейді. Егер сошниктің жерге кіру, бұрышы өзгерсе, мысалы, тұмсықы өкшесінен биік болса, сошник көтеріліп кетеді де бір қалыпты тереңдікте жүрмейді. Сошник бір қалыпты тереңдікте жүруі үшін, оның тұмсығынан өкшесі 42 мм жоғары болу керек (3.9.-суретте көрсетілгендей). Егер бұл шама дәл болмаса, параллелограмның орталық тартқышының 3 ұзындығын өзгертеді. Ол үшін қосалқы гайканы босатып, тартқыш винтті 5 тиісті жағына бұрайды. Сошниктерді жоғарыда көрсетілгендей реттегеннен кейін, олардың жоғары көтерілу және төмен түсу шегін реттейді. Жоғары көтерілу шегін реттеу үшін параллелограмм тәрізді механизмнің диагоналы бойымен шектеуші тартқыш 9 қойылған. Сол шектеуші тартқыштың ұзындығын өзгерту арқылы сошниктің көтерілу шегін реттейді. Егер сошник шектелмесе, жұмыс кезінде отырғызушы аппараттардың қоректендіруші шөмішін майыстырып, жұмыс процесін бұзады. Сошниктердің төмен түсу шегін тіреу винті 10 арқылы реттейді. Сол винттің ұзындығын өзгертсе, сошниктердің төмен түсу шегі өзгереді. Сошниктердің төмен түсу шегін реттеу отырғызғышты бір жерден екінші жерге тасымалдау үшін қажет. Сошниктердің төмен түсіп тұрған кезінде параллелограмды механизмнің орталық тартқышы 3 мен отырғызғыш рама екеуінің арасындағы бұрыш 300 шамасынан аспаса, шектеуші, тірек винтінің 10 дұрыс реттелгендігін көрсетеді. Картоп отырғызғышты нормаға қою. Картоп отырғызғышты тұқым шамасына және отырғызу тәсіліне қарай нормаға қояды. Егер жеке түйнек салмақы 70 грамнан ауыр болса, оларды ортасынан бөліп жарады. Одан тұқымға зиян келмейді. Картоп отырғызу нормасын өзгерту үшін, отырғызушы аппарат білігіндегі жүлдызшаны алмастырады. Картоп отырғызғыштың алдыңғы айтылған тұқым себетін машиналардан айырмашылығы, мұның себу аппараты қозғалысты трактордың қуат алу білігінен алады. Олай болса тұқым себу нормасы сол агрегаттың жүріс жылдамдығына тәуелді болады. Сондықтанда әрбір картоп отырғызатын машиналардың заводтық нұсқасында трактордың жүріс жылдамдығына байланысты картоп отырғызғыш аппараттың жетегіне қандай жұлдызшалар орнатылатындығы кесте түрінде көрсетіледі. Әрине, ондағы себу нормасы шамамен алынады. Ал жұмыс кезінде агрегатты тексеріп, тиісті себу нормасына келгенше реттеу керек. Тұқым жапқыш механизмдерді реттеу. Картопты отырғызу терендігіне байланысты жапқыш дискілердің тереңдігін өзгертеді, яғни тірек шайбасын 15 (3.9. - сурет) штанга тесіктерінің 16 басқасына қояды. Дискілердің көлбеу бұрышын өзгерту арқылы жалдың биіктігін өзгертеді. Ол үшін тіркеме тартқышындағы 13 тесіктерді 12 кронштейндегі тесіктердің 14 басқасына алмастырып бекітеді. Диск осьтері қисық жасалғандықтан осы кезде көлбеу бұрышы өзгереді. Қартоп өсімдігінің қатар аралығына байланысты дискілердің ара қашықтарын өзгертеді. Ол үшін кронштейнді тіркеме тартқышының иінді білігіне бекітеді. Диск артынан тырма тіркелген кезде серіппенің 17 тірек шайбасын 15 ұстап тұрған шплинтті шығарып тастайды. Диск өз салмақы және тырма салмақы әсерінен жерге батып жүреді. Тырма тістерінің бағытын, топырақ ерекшелігіне байланысты, бекітілген орнындағы тесіктерді алмастыру арқылы реттейді. Көмгіш механизмдердің жұмысын картоп отырғызғыштың бірінші жұмыс жүрісінде тексеріп, реттейді. Маркер ұзындығын реттеу. Картоп отырғызу технологиясындағы негізгі жұмысқа маркер ұзындығын дәл реттеп қою жұмысы жатады. Себебі осы жұмыс дұрыс орындалмаса, онда отырғызғыштың екі жүріс аралығындағы жапсардың қатараралығы дұрыс болмай қалады. Ол әрі қарай жұмыстың басқа технологиясын бұзады. Маркер ұзындығы тракторды ол қалдырған ізбен қалай бағыттайтындығына байланысты болады. Ал тракторды маркер ізімен екі түрлі бағыттауға болады: біріншісі маркер ізімен трактордың оң немесе сол жақ дөңгелектерін бағыттайды; екіншісі маркер ізімен трактордаң ортасын бағыттайды. Маркер ізімен трактордың оң жақ дөңгелегін бағыттаған кездегі маркер ұзындығы мына формуламен есептеледі. lоң = , ал lсол = , мұндағы : lоң, lсол - оң және сол жақтағы маркер ұзындығы, м.; В - картоп отырғызғыштың алым кеңдігі, м.; Вт - трактор дөңгелектерінің із аралығы, м. Маркер ұзындығының дұрыс қойылғандығын жұмыс кезінде екі жүріс аралығындағы жапсарда орналасқан қатараралығын өлшеп анықтайды. Картоп отырғызғышты жұмыс кезінде реттеу. Шаршы-ұялап отырғызу кезінде отырғызғыштың барлық механизмдері жұмысын тексереді. Қозғалатын механизмдер жеңіл қозғалуы және түйін ұстағыш механизмнің айыр тұтқасы түйіннен босағаннан кейін тез орнына келуі тиіс. Керісінше жағдайда оны кері қайтаратын серіппені тексереді. Ұялардың тереңдігі мен орналасуын берілген қатар аралық бойынша тексереді. Ол үшін отырғызғыштың бірінші жүрісінен кейін, ұялардың бетін ашады. Тұқымды қозғап алмау үшін ұялардың бетіндегі топырақты қолмен аз-аздан сырғытып ашады. Бір жүрістің барлық қатардағы ұялары бір түзудің бойында орналасуы қажет. Егер ұялар бір түзу бойында орналаспаса, жоғарыда көрсетілгендей, ауытқықан сошниктің роторын тиісті бағытқа бұрады. Агрегат бір - екі жүріп өткен кезде машинамен орындалатын барлық технологиялық процесстер толық ретке келуге тиіс. Олардың негізгілері картоп себу нормасы, тыңайтқыш беру нормасы, картоп отырғызу тереңдігі, маркер ұзындығы және т.с.с.
Категория: Разные | Добавил: admin_ (27.10.2013)
Просмотров: 4992 | Комментарии: 1 | Теги: Картоп отырғызу технологиясы | Рейтинг: 2.3/10
Всего комментариев: 1
1 ТОпас   (16.05.2018 13:23)
рахмет бирак комектеспид екен


Имя *:
Email:
Код *: