-->
Главная » Статьи » Экономика

Кәсіпкерліктің классификациясы

Кәсіпкерліктің классификациясы

Кәсіпкерлік істің сан алуан түрлерін істің түріне қарай, меншік формасына қарай, иелік етуіне қарай, ұйымдастыру-құқықтық және ұйымдастыру-экономикалық түрлеріне қарай, жалдама еңбекті пайдалануына қарай. т.б. әртүрлі нышандары бойынша классификациялауға болады.

Кәсіпкерлік істі түріне немесе мақсатына қарай өндірістік, коммерциялық, қаржылық, кеңестік (консультативтік) деп бөлуге болады. Аталған кәсіпкерлік істің түрлері жеке түрде немесе бәрі бірге қызмет ете алады.

Меншік формасына қарай кәсіпорын мен оның мүлкі жеке меншік, мемлекеттік, жергілікті, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің (ұйымның) меншігі болуы мүмкін. Мемлекет бұл жерде жоғарыда аталған меншік формаларына ешқандай шектеуді немесе артықшылықты, басымдықты қоя алмайды.

Меншік иелерінің санына қарай кәсіпкерлік іс жеке немесе ұжымдық болуы мүмкін. Жеке кәсіпкерлік істе меншік иесі жеке тұлға болып табылады. Ұжымдық меншік жағдайында мүлік бірнеше субъектілердің иелігінде болады және ол үлестік меншік немесе жалпы меншік болып бөлінеді. Мүлікке иелік ету, пайдалану, басқару меншік иелерінің келісімі негізінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлік істің түрлерін өз кезегінде ұйымдастыру-құқықтық және ұйымдастыру-экономикалық деп бөлуге болады. Ұйымдастыру-құқықтық кәсіптік іс түрлерінің қатарына шаруашылық серіктестіктер мен қоғамдар, кооперативтер жатады.

Шаруашылық серіктестіктер (толық) – арнайы кәсіпкерлік іспен айналысуға арнайы құрылған тұлғалардың бірлестігі. Серіктестіктер кәсіпорындарды ұйымдастыруға екі немесе одан да көп әріптестер шешім қабылданғанда құрылады. Серіктестіктердің артықшылығы қосымша капиталды тартудың мүмкіндігінің болуы. Сонымен қатар бірнеше меншік иелерінің болуы әріптестердің әрқайсысының білімі мен біліктілігі кәсіпорын ішінде мамандануды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік істің бұл түрінің кемшілігі – қатысушылар салым көлеміне қарамастан толық материалдық жауапкершілікте болады.

Командиттік серіктестерде қатысушылардың бір бөлігі толық жауапкершілікте, ал екінші бөлігі шектеулі жауапкершілікте болады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер екеуден кем емес азаматтардың немесе заңды тұлғалардың кәсіпкерлік істі жүзеге асыруға керекті салымдарын біріктіруі арқылы құрылады. Жауапкершілігі шектеулі қатысушылар өз салымының шегінде ғана жауап береді. Ал капиталды басқарушылар өз мүлкіне толық жауапкершілікте болады.

Акционерлік қоғамдар – кеңінен таралған форма. Ұйымдасудың басқа түрінен айырмашылығы акционерлік қоғамдар бағалы қағаздар – акцияны сату арқылы керекті капиталды тарта алады. Бұл жерде қатысушы акционерлердің жауапкершілігі сатып алған акциялардың шегінде ғана болады.

Акционерлік қоғам. Өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып табылады. Акционерлік қоғамның акционерлері осы заң актілерінде көзделген басқа жағдайларда оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өзіне тиесілі акциялар құнының шегінде қоғамның қызметіне байланысты шығындар тәуекелін көтереді. Қоғамның барлық акцияларын бір акционер сатып алған жағдайда акционерлік қоғамды бір адамның құруы немесе бір адамнан тұруы мүмкін. Акционерлік қоғамдар ашық және жабық болып та кездеседі. Ашық акционерлік қоғамның қатысушылары басқа акционерлердің келісімінсіз өз акцияларын басқа біреулерге сата алады. Бұндай акционерлік қоғамдар өздерінің шығарып жатқан акцияларын еркін сата алады, сонымен бірге көпшіліктің назарына жыл сайын жылдық есеп беруде, бухгалтерлік баланста пайда мен шығын есептерін жариялап отыруға міндетті.

Жабық акционерлік қоғамда шығарылатын акциялар тек құрылтайшыларарасында немесе алдын ала белгіленген тұлғалар арасында бөлінеді. Бұндай қоғамның шығарылатын акциялары көпшілікке жарияланбайды.

Жабық акционерлік қоғам акционерлерінің осы қоғамның басқа акционерлерінің акцияларын сатып алудағы мүмкіндіктері жоғары. АҚ-ның құрылтайшы құжаты – қатысушылар бекіткен жарғы болып табылады. Оның ішінде жалпы мәліметпен бірге қоғамның шығаратын акцияларының категориялық жағдайы, оның номиналдық бағасы және саны көрсетілуі керек, қоғамның жарғылық капиталының мөлшері акционерлердің құқығы, басқарушы органдардың құрамы мен міндеті және олардың шешім қабылдау тәртібі болуы тиіс.

Кооператив - өндірістік және басқа да іспен бірлесіп айналысу үшін тұлғалардың тобы бірігіп құрған кәсіпорын. Кооперативте оның мүшелері еңбек етуі немесе басқа іспен айналысуы шарт. Сонымен қатар олар мүліктік, үлестік жарналарын біріктіруі шарт.

Кәсіпкерлік істің негізгі ұйымдастыру-экономикалық формаларына концерндерді, ассоциацияларды, консорциумдарды, синдикаттарды, картельдерді, қаржылық-өнеркәсіптік топтарды жатқызуға болады.

Концерн – кәсіпорынға қатысу жүйесі арқылы бақылау жасайтын көп салалы акционерлік қоғам, кәсіпорындардың неғұрлым дамыған бірлестігі. Концерн өзінің бөлімшесі болып табылатын әр түрлі компаниялардың бақылау пакеттерін сатып алады.

Ассоциациялар – экономикалық тұрғыда дербес кәсіпорындардың, ұйымдардың ерікті бірлестігі, қауымдастығы.

Ассоциация құрамына әдетте анықталған жерлерде орналасқан біртекті мамандандырылған кәсіпорындар кіреді. Ассоциацияны құрудың негізгі мақсаты – ғылыми-техникалық, өндірістік, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа мақсаттарды бірлесіп шешу.

Консорциум – ірі қаржылық операцияларды бірлесіп өткізу мақсатымен құрылған кәсіпкерлердің бірлестігі, шаруашылық жағынан тәуелсіз фирмалардың уақытша одағы. (Мысалы, ірі өндірістік жобаға елеулі инвестициялауды жүзеге асыру). Кәсіпкерлердің бір бірлестігі құралдарды ірі жобаға салым жасауға мүмкіндік береді, бұл жерде ірі салым кезінде пайда болатын қауіп деңгейі елеулі төмендейді, өйткені жауапкершілік көптеген қатынасушыларға бөлінеді. Ғылыми-техникалық революция жағдайында консорциумдар жаңа салаларда және әр түрлі салалардың қиылысуында пайда болады және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қарастырады.

Синдикат – бір саладағы кәсіпкерлерді өнімінің өткізілуіне артық бәсекелестікті жою мақсатымен біріктіру.

Картель – бір саладағы кәсіпорындар арасындағы өнімнің қызмет бағасы, өткізу нарығын бөлу жалпы өндіріс көлеміндегі үлес туралы келісім, кәсіпорындардың баға, өткізу нарығы, өндіріс пен өткізім көлемі т.б. туралы келісім.

Кәсіпкерлік істің жаңа ұйымдастыру-экономикалық формасы ретінде қаржылық-өнеркәсіптік топтар қызмет етеді. Олар өнеркәсіптік, банкілік, сақтандыру және сауда капиталдарының, сонымен қатар кәсіпорындар мен ұйымдардың ақыл-ой потенциалының бірлестігі болып табылады.

Экономикасы дамыған мемлекеттердегі коммерциялық кәсіпорындардың формалары:

Оларға жеке кәсіпкерлік фирма, серіктестік, корпорация жатады. Фирма - өндірістік басқа да іспен айналысатын және шаруашылық дербестігі бар экономикалық субъекті деп түсінеміз.

Жеке кәсіпкерлік фирма – иесі жеке мүддесінің жүзеге асуына қажетті іс-қимылдарды жүзеге асыратын кәсіпорын. Ол фирманы басқарады, пайданың барлығын өзіне алады, фирма алдындағы міндеттемелер бойынша толығымен өзі жауап береді.

Фирманың иесі, жалдау және жұмыстан шығару құқығы бар келісімшарт жасайды. Жеке кәсіпкерлік фирманың артықшылығы – оның ұйымдастырылуының, басқарылуының қарапайымдылығы, еркін іс-қимыл жасауға мүмкіндігінің болуы (бір тұлға барлық пайданы өзіне алады). Бұл фирманың кемшілігі – қаржылық, материалдық ресурстардың шектеулі болуы, өндіріс пен басқарудың ішкі мамандануының дамыған жүйесінің жоқ болуы және шексіз жауапкершілік.

Серіктестіктер – бірнеше тұлғалардың ұйымдасуымен бірлесіп иелік ететін және басқаратын кәсіпорын, фирма. Серіктестіктер жауапкершілігі шектеулі, шексіз немесе аралас болуы мүмкін.

Серіктестіктер кәсіпорынның ашылуымен және ісінің жалғасуымен байланысқан қаржылық мәселелерді шешуге ыңғайлы. Жеке кәсіпкерлік фирмамен салыстырғанда, бұл жерде өндіріс пен басқаруды – еңбекті бөлу мен мамандануды пайдалануға болады. Серіктестіктің бір кемшілігі – қызметті бөлуде, осының нәтижесінде іс-қимылда келіспеушілік туындаумен бірге сәйкессіздік болуы мүмкін.

Корпорация – заңды тұлғалы формасы бар иелік етушініңжауапкершілігі, осы кәсіпорынға салынған салым көлемі мен шектелген кәсіпорын немесе фирма деп түсінеміз.

Корпорация – үлес негізіндегі қоғам, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру нысаны. Қоғамның акцияларын сатып алған жеке тұлғалар корпорацияларының иесі болады. Осылайша оған көп адамдардың қаржылық құралдары тартылады. Акцияны иелік етушілер акцияны сатып алуға төленген соманың шегінде ғана қауіпке бас тігеді және сол сома көлемінде сыйақы  дивиденд алады.

2.1. Қазіргі уақыттағы Қазақстандағы кәсіпкерлік істің түрлері

Қазақстанда Азаматтық кодекске сәйкес кәсіпкерлік (коммерциялық) істің мынадай ұйымдастыру құқықтық формасы құрылуы мүмкін: шаруашылық серіктестіктер мен қоғамдар, өндірістік кооперативтер, мемлекеттік кәсіпорындар.

Шаруашылық серіктестіктер – құрылтайшылардың салымдары есебіне құрылған, сондай-ақ шаруашылық серіктестік өз қызметі үрдісінде өндірген және алған мүлік меншік құқығы бойынша серіктестікке тиесілі болады.

Шаруашылық серіктестіктер толық серіктестік, сенім серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік, акционерлік қоғам нысандарында құрылуы мүмкін. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттары болып табылады. Жарғы бір адам (бір қатысушы) құрған шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаты болып табылады. Шаруашылық серіктестік жарғысымен барлық мүдделі адамдар танысуға құқылы. Серіктестіктің құрылтай құжаттарын нотариат куәландыруға тиіс. Шаруашылық серіктестіктердің акциялар шығаруға құқығы жоқ.

Толық серіктестік. Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктердің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп аталады. Жеке тұлға, Қазақстан азаматы бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады.

Сенім серіктестігі (командиттік). Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктестігімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушыларымен қатар, серіктестіктердің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан да көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестігі сенім серіктестігі деп аталады. Сенім серіктестігіне қатысатын толық серіктестіктердің құқықтық ережесі және олардың серіктестік міндеттемелері бойынша жауапкершілігі толық серіктестіктің қатысушылары туралы ережелермен белгіленеді.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп аталады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың саны 100-ден сапауға тиіс. Егер ЖШС-ға қатысушылардың саны 100-ден асып кеткен жағдайда, ол бір жыл ішінде бөлінуге, не бөліп шығарылуға, не өзге де шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғамдар немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға, ал бұл мерзім өткен соң, егер қатысушылар саны 100-ге дейін азаймаса, серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органның немесе өзге мүдделі адамның өтініші бойынша сот тәртібімен таратылуға жатады.

Кәсіпкерлік істің түрлері

Өндірістік кооператив. Азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызметі үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі өндірістік кооператив деп аталады. Кооператив мүшелері екеуден кем болмауға тиіс.        

Мемлекеттік кәсіпорын. Мемлекеттік кәсіпорындарға: 

      1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген;

       2) оралымды басқару құқығына негізделген (қазыналық кәсіпорын) кәсіпорындар жатады.  

          Мемлекеттік кәсіпорынның мүлкі бөлінбейді және оны салымдар (үлестер, жарналар) бойынша соның ішінде кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлуге болмайды. Мемлекеттік кәсіпорындардың фирмалық атауында оның мүлкін меншіктенуші көрсетілуге тиіс.

2.2.Кәсіпкерліктің нарықтық- коньюнктурасы. 

Нарықтық экономика дегеніміз – ерікті, өзінен-өзі реттелетін, кәсіпкерлер мен меншік иелері және өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы экономикалық қатынастардың жиынтығы.

Нарық жағдайындағы кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық ролі елеулі түрде өзгереді. Өзгеру бірқатар бағыттарда байқалады.

1. Нарықтың кәсіпорынға қоятын басты талабы – істің нәтижесі тек өнім мен қызмет өндіру ғана емес, сонымен қатар пайда түсіру болуы керек, атап айтқанда, кіріс деңгейі ресурстар шығынан жоғары болуы тиіс – кіріс жоғары болған сайын пайда да жоғары.

2. Өндірілетін өнім көлемі - өткізілетін, сатылатын көлемге тең болуы керек. Өнімнің көлемін ұлғайту – тек сату кепілдігі болған жағдайда ғана ақылға қонымды.

3. Кәсіпорынның шаруашылық немесе басқа да істеріне қатысты мәселелер бойынша бұрынғы кездегі мемлекеттік және жергілікті органдардың шектеулері мен бақылауларының орнына, кәсіпорынның өз бетімен шешім қабылдап, жұмыс істеуі бой алып келеді. Бірақ өз бетінше жұмыс істеудің арқасында шамасы жоқтыққа – банкроттыққа келіп тірелуі мүмкін; кәсіпорын нарық жағдайында жұмыс істей алмағандықтан, экоеомикалық ортадан шығып кетуге мәжбүр болады.

Сондықтан, шаруашылық жүргізудің нарықтық жағдайында кәсіпорынның іс-қимылы бірқатар өзгеріске ұшырайды және бұл өзгерістер кәсіпорын ісінің біраз мәселелерін қамтиды.

Кез-келген кәсіпорын ұйымдастыру-құқықтық, меншік формаларына қарамастан, қай салаға жатпасын, қандай өнім шығармасын, суретте көрсетілгендей ашық экономикалық жүйе болып табылады.

1. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – ресурстарды керекті өнімге айналдыру.

2. Ресурстар (кіріс) – еңбек, материалдық, қаржылық.

3. Ресурстар (шығыс), өзгеріске ұшыраған ресурстар – дайын өнім, өндіріс қалдықтары, пайда, ақша құралдары.

4. Әлеуметтік орта – кәсіпорын мемлекетпен, жергілікті органдармен, заң орындарымен байланысады.

5. Табиғи ортаның табиғи ресурстарын, қазба байлықтарын, ауаны, суды пайдалану.

6. Нарықпен байланысу, бұл байланыс ресурстардың кірісі мен шығысында да болады.

7. Кіріс ресурстары мен шығыс ресурстарының арасындағы қатынас кәсіпорынның экономикалық жұмысын, кәсіпорын экономикасын құрайды.

Берілген суретті қарастырайық.

Жоғарыда айтылғандай нарық жағдайында кәсіпорынның екі негізгі мәселені шешуіне болады: өнім өндіру және оны өткізу.Осы мәселелерді шешу нәтижесіне қарай кәсіпорын өркендеп дамиды немесе жұмыс істеуге мүмкіндігі жоғалады.

Кәсіпорын. Қажетті нені өндіру керек, оның ассортиментін, қандай көлемде шығарылу керектігін білу үшін нарықты зерттеуі керек, нақты өнімді дайындауға ресурстарды шығындау алдында маркетингпен айналысуы керек. Сондықтан суретте нарық өндірістің басынан аяғына дейін қамтылып көрсетілген.

Шешім қабылдау үшін, дұрыс ақпаратты жинау және талдау қажет. Оның құрамына енетіндері:

1. Тауардың сипаттамасы: түпкі немесе аралық тауар, дайын өнім немесе жартылай өнім, сервис қызметі керек пе, әлде жоқ па, бағасына тұтынушылардың қанағаттануы, бәсекелестердің мақсаттары қандай?

2. Нарықтың жалпы сипаттамаларына жататындары: тұтынушылар санының көп немесе аз болуы, сатып алушылардың тауарларға, оларды жеткізіп беру шарты мен уақытына қатынасы, бәсекелестердегі сату жағдайы.

3. Тауарды тарату жолдары мыналар: өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы делдалдардың болуы және олардың саны.

4. Нарықтың нақты жағдайын талдау: тауар өндірушілер арасында бәсекелестік бар ма және оның деңгейі қандай?

5. Заңдық шектеулер: заңдық шектеулер бар ма, олар маркетингтік іске кедергі жасай ма?

6. Маркетинг бағытындағы басқару ісінің деңгейі: ішкі және сыртқы нарықтағы жағдайды және оның даму бағытын есептейтін фирманың ұзақ уақыттық мақсаттары (10-15 жыл).

7. Осы мақсаттарға жетуге керекті қаржылық материалдық және басқа рестурстар.

8. Фирманың перспективті мақсаттары (5 жылға дейін) және бұл жердегі пайда болатын өзекті мәселелер және оны шешуге керекті ресурстармен қамтылуы.

9. Ұзақ уақыттық стратегиялық мақсаттарға қайшы келмейтін, нарық талап ететін, оперативтік, ағымды мақсаттар мен мәселелер.

Өнімді өндіруде және маркетингтік саясатты жүзеге асыруда, бірнеше сатыдан тұратын өнімнің өмірлік циклін есепке алу керек.

1. Енгізу сатысы – көп шығынды талап етеді. Сондықтан бұл сатыдағы сауда, әдетте, пайдасыз.

2. Өсу сатысы – тауарды сатып алушының тануының нәтижесінде, оған сұраныстың ұлғаюы. Сату көлемі өскен сайын пайда да жоғарылайды, жарнама шығындары бірқалыпты болады.

3. Жетілу сатысында – сатып алушылардың көпшілігі тауарды сатып алғандықтан, сату қарқыны өзінің жоғары шегіне жетіп, төмендей бастайды, жарнамаға шығын жоғарылаған сайын пайда да төмендейді.

4. Толығу сатысында – қолданылған шараларға қарамастан, сауданың өсуі байқалмайды. Пайда өндіріс шығындарын төмендету арқылы ұлғаюы мүмкін.

5. Құлдырау сатысы – сату, одан кейін пайда күрт төмендейді.

Кәсіпорын ресурстардың нақты анықталған түрін тұтынады, одан кейін өндірістік процесс нәтижесінде өзгертілген тұтыну бағасы басқа өнімді алады.

Ресурстардың кірісі мен шығысының қатынасын кәсіпорын экономикасы деп түсінуіміз керек. Кәсіпорын экономикасын өндірілетін өнім таңдалған өндірістік технология кадрларының құрамы мен біліктілік деңгейі деген шамалар қызықтырмайды. Оны қызықтыратын нәрселер – кірістің шығыннан көп болуы (кәсіпорынның тиімді жұмыс істеуі), шығынның кірістен жоғары болуы (кәсіпорынның тиімсіз жұмыс істеуі), кіріс пен шығынның тең болуы (өз шығынын өзі өтеуі).

Әдебиеттер тізімі

1. Закон РК  «О частном предпринимательстве» (с изменениями и дополнениями) от 11. 11. 2006г

2. Гражданский кодекс РК. – Алматы,1995 г.

3. Правовые основы предпринимательской деятельности (Учебное пособие в двух частях). Сост.В. Ермаков. - Алматы: «Центр обслуживания предпринимателей», 2001.-148с

4. Коуз Р. Фирма, рынок, право.- М 1993г.

5.И Шумпетер.Теория экономического развития. М.1999

6. Курс предпринимательства. Учебник для ВУЗов. Под ред.проф.Горфинкеля В.Я.- М.: Финансы, ЮНИТИ,1997.-439с.

7. Малое предпринимательство: теория, мировой опыт и Казахстан. Под. ред. Жатканбаева Е. Б.-Алматы,2001.

8. Тулегенова М.С. Финансовый капитал в постсоветской экономике. - Алматы, 2003.

9. Умбеталиев А.Д., Керімбек Ғ.Е. Кәсіпорын экономикасы және кәсіпкерлік. – Астана, 2005

10. Ерали А.Қ., Қабылбеков М.Ғ. Кәсіпорын экономикасы. – Алматы, 2004

11. Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік. Нормативтік актілер жиынтығы – Алматы: ЮРИСТ, 2006.

12. Әбдікерімова Г.И. Кәсіпорын экономикасы. – Алматы, 2008.

Категория: Экономика | Добавил: admin_ (13.12.2013)
Просмотров: 5851 | Теги: Кәсіпкерліктің классификациясы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: