-->
Главная » Статьи » Экономика

Экономикалық саясаттың негізгі бағыттарындағы мемлекеттің ролі

Экономикалық саясаттың негізгі бағыттарындағы мемлекеттің  ролі

1. Қаржы жүйесінің мәні мен құрылымы

2. Салық жүйесінің мәні

3. Ақша-несие жүйесі

4. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты

 

1.Қаржы жүйесі- бұл экономикалық, ақшалай қатынастардың белгілі бір жүйесі, осы арқылы ұлғаймалы ұдайы өндірісті, сондай-ақ қоғамның басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті ақшалай қаражаттар құралып, тиісінше бөлініп, қайтадан бөлініп, одан әрі пайдаланып отырады.

Қаржының 3 түрі болады: мемлекеттік, кәсіпорындық, халықтық.

Қазіргі кезде қаржы жүйесінде әртүрлі типтегі шаруашылық жүйесінің қаржыларын көруге болады. Оларға: бірлестіктердің, фирмалардың, трестердің, ассоциациялардың, концерндердің, қоғамдық ұйымдардың қаржылары жатады. Ал өндірістің салалары ерекшеліктеріне қарай қаржылар: өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, құрылыстық, көліктік, өндірістік емес салалар қаржысы болып бөлінеді.

Қаржы жүйесі қаржы қатынастары жиынтығынан және оны реттейтін институттардан тұрады. Қаржы қатынастары кез келген қоғамдық жүйеде орын алатын жалпыэкономикалық қатынастардың құрамды бөлігі. Қаржы жүйесінің звенолары: әртүрлі деңгейдегі бюджет, әлеуметтік, мүліктік және жкек сақтандыру қорлары, мемлекеттің валюталық резервтері, кәсіпорындардың, ақшалай қорлары, арнайы ақшалай қорлар.

Қаржы жүйесінің жағдайы ұлттық экономиканың тұтас алғандағы сенімді қозғаушысы.

Қаржы саясаты- мемлекет тарапынан экономиканы реттеудің формасы.

Қаржы жүйесінің орталық бөлігі мемлекеттік қаржыдан қалыптасады. Мемлекеттік қаржының шешуші буыны- мемлекеттік бюджет.

Бюджет дегеніміз- мемлекеттің, кәсіпорынның немесе жеке адамның белгілі бір мерзімдегі ақшалай қаражаттарының кірістері мен шығыстары.

Мемлекетттік бюджет-мемлекеттік қаржыларды реттеп отыратын негізгі мемлекеттік бөлімше. Осы арқылы мемлекет ЖҰӨ- ді территориялық және салааралық бөлуді, қайта бөлуді қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бюджет құрылымы кірістен және шығыстан тұрады. Мемлекеттік бюджеттің кірісі салықтардан, салықтық емес түсімдерден, мемлекеттік қорға әртүрлі қорлардың міндетті аударымдарынан тұрады. Мемлекеттік бюджеттің шығысы әлеуметтік қызметке жұмсалатын шығындардан, шаруашылық мұқтаждық шығындарынан, әкімшілік басқару органдарын ұстауға, мемлекеттік қарыздарды өтеуге, сыртқы саясатты материалдық қамтамасыздандыру және қаруландыруға жұмсалған шығындардан тұрады.

Егер де бюджеттің кірісі шығысынан төмен болатын болса, онда бюджет тапшылығы қалыптасады. Оның қалыптасуының негізгі себебі: қоғамдық өндірістің құлдырауы. Жинақталған бюджет тапшылығы мемлекеттік қарызды көрсетеді. Мемлекттік қарыздың 2 түрі болады: ішкі және сыртқы.

Мемлекеттік қарыздың экономикалық тигізетін әсерлері:

ұлттық экономикада өндірістік мүмкіншіліктердің қысқаруы;

халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі;

ұлттық байлықтың қайта бөлінуі;

жиынтық ұлттық шығындардың көбеюі.

Банктер- елдің қаржы жүйесінің ажырамас бөлігі. Олар жалпы қаржы істерін рынок қатынастарын реттеуде жетекші ролді атқарады.

Банк-қаржы кәсіпорны, мекемесі, ол  ақша қаражаттарын өз қолында шоғырландырып сақтайды, ақша операциялары мен есеп айырысуды жүргізеді, ақша қаражатына қатаң бақылау жасайды, несие береді, айналысқа ақша мен бағалы қағаздарды шығарып отырады.

Ұлттық экономикада елдегі банктердің жиынтығы банк жүйесін құрайды. Банк жүйесі 2 деңгейден тұрады:

а) орталық немесе ұлттық банк;

ә) коммерциялық банктер.

Ұлттық банк ақша –несие қатынастарын реттеп отыратын мемлекеттік бөлімше. Ол  ақша  мен бағалы қағаздарды шығару, елдің алтын қорын сақтауға құқылы. Ол коммерциялық банктерге міндетті резерв нормасын белгілейді, қарыз процентінің мөлшерін анықлайды. Негізгі қызметтері: эмиссиялау, несие, ақша айналысы саласында мемлекеттік саясат жүргізу.

Коммерциялық банктер- бұл коммерциялық бастамада көп қырлы қаржы-несие операцияларын жүргізетін банктердің әмбебап түрі. Олар өз капиталдарын пайдалана отырып, кәсіпорындарға несие береді. Мұндай банктер бірқатар коммерциялық қызметтер мен банк операцияларын атқарады.

Коммерциялық банктердің түрлері:

инвестициялық;

ипотекалық;

жинақ немесе халықтық;

халықарлық;

салалық.

 

2. Мемлекеттік бюджет түсімдерінің ең басты көзі – салықтар. Өнеркәсібі дамыған елдердің бюджетіндегі салықтардың үлесі 90 процент.

Салық жүйесі дегеніміз- мемлекеттегі алынатын салықтар, түсімдер, баж салықтары және т.б. төлемдер, оларды құрау формалары мен әдістерінің жиынтығы. Салық жүйесі белгілі бір заң актілері арқылы жұмыс істейді. Ол заңдарда салықты алу және құраудың нақты әдістері, яғни салық элементтері анықталады. Салық элементтеріне жататындар: салық субъектісі немесе салық төлеуші; салық алу объектісі; салықты алу көздері; салық ставкалары.

Салық дегеніміз- мемлекеттік бюджетке адамдардың, кәсіпорындардың және мекемелердің міндетті түрде аударатын төлемі.

Салық салудың нормасы- салық ставкасы объектінің бір өлшеміне салынған мөлшері. Салық ставкаларының көптеген түрлері бар: а) қатаң ставкалар- салық алынатын объектінің дифференциалдық деңгейіне, оның құнына байланыссыз бірдей көлемде салынатын ставка; ә) пропорциялы ставкалар – бұл табыстың көлеміне байланыссыз салық төлеудің бірыңғай проценті тағайындалған ставка; б) прогрессивті ставкалар- табыстың өсуімен көбейетін салық ставкасы; в) регрессивті ставкалар- табыстың өсуіне қарай салықтың орташа ставкасының төмендеуі.

Қазіргі кезде салықтардың маңызды ролі мемлекеттік органдарды қаржы ресурстарымен қамтамасыз етумен шектелмейді. Олар ұлттық табысты мемлекеттендірудің басты құралы. Олардың макроэкономикалық шешуші ролі артып келеді, мұны ЖҰӨ-нің көлеміндегі салық үлесінің ұлғаюынан көруге болады. Салықтар экономикалық белсенділікті арттырудың, ұдайы өндіріс процесіне әрекет етудің басты бір тұтқасы ретінде жаңа сипатқа ие болуда.

Салық арқылы реттеу әдістері салалардың бәсекелестігін ынталандыруға, капиталдың қорлануына қолайлы жағдай жасауға, корпорациялардың әлеуметтік қызметін қолдауға кеңінен пайдаланады.

Мемлекеттік бюджет пен салық скавкаларының арасындағы тәуелділік графикалық бейнесі "Лаффердің қисық сызығы” деп аталады. Болашақта шектен тыс салықты азайту қор жинауды, инвестицияны, жұмыспен қамтуды арттырып жиынтық табыстың көлемін арттырады. Нәтижесінде салықтық түсімдердің нәтижелігі өседі, тапшылық азаяды, инфляция бәсеңдейді. Әрине Лаффердің қисық сызығының тиімділігі рынок механизмінің қалыпты жағдайында ғана тиімді болады.

Төлем қабілетіне қарай салықтар 2-ге бөлінеді: тікелей немесе тура салықтар және жанама салықтар.

Тура салықты тікелей салық субъектісі төлейді. Олар нақты жеке және заңды тұлғадан алынады. Салықтардың негізгі түрлеріне табыс салығы , одан басқа қоғамның құқықты мүшелерінің табыстарына, корпорация пайдаларына салынатын салықтар жатады. Өндірістік бірлестіктер, кәсіпорындар, капитал иелері жариялаған мәмілелері бойынша салық төлейді.

Салық мәлімдемесі салық төлеушілердің өз табыстарының мөлшері туралы хабары, ал жалдамалы еңбек адамдарынан салық жалақы алған кезде ұсталады.

Табыс салығын алу белгілі бір төменгі деңгейден басталады. Номиналдық табыстың ұлғаюына сәйкес табыс салығын өсірудің базасы жасалады, салық төлеушілердің саны артады, мемлекеттің шоғырландырылған жалпы қаржы-қаражаттары көбейеді.Салық салу жүйесінің басты буыны- бірінші дүниежүзілік  соғыс кезінде пайда болған корпорациялардан алынатын салық. Салық акционерлік қоғамның таза пайдасынан алынады.

Салық салу тарихында жоғары пайдаға салық салу деген де бар. Ол пайданың белгілі мөлщерден артық болуына байланысты салынады. Мұндай шара әдетте төтенше жағдайларда, соғыс, экономикалық күйзеліс кездерінде қолданылады. Табыс салығының қатарына мүлік салығы және капиталды пайдаланумен байланысты атқарылған істер салығы да жатады. Бірінші жағдайда салық мүліктің құнына қарай әрбір адамнан және заңды тұлғалардан алынады.

Капитал ісінен алынатын салық корпорацияның бағалы қағаздарды сату, сатып алуынан түскен табыстардан алынады.

Тікелей  табыс салықтарымен қатар жанама салықтар да маңызды рөл атқарады. Олар тауарлар мен қызмет көрсету бағаларына қосылады. Бұл салықты тауарды тұтынушылар төлейді.

Жанама салықтар үш түрде көрінеді: акциздер, фискальды, монопольді салықтар және кеден салығы. Бұлардың ішіндегі ең бастысы- акциздер. Олар тауар бағаларына немесе қызмет көрсету тарифтеріне қосылады. Әрбір елдің ерекшкліктеріне қарай акциздер халық тұтынатын тауарларға, транспорт, байланыс, тұрмыстық қызмет көрсету түрлеріне салынады. Қазіргі кезде акциздің бір түрі- қосымша құнға салық салу кеңінен таралуда. Бұл жағдайда салық тауарды өткізгеннен түскен барлық түсімге салынбай, тек осы кезеңдегі өндірістік қызметтің нәтижесінде қосылған құнға салынады.

Фискальді, монопольді салық мемлекеттің монопольдй өндіретін тауарларына салынатын жанама салық. Нақты елдердің ерекшеліктеріне қарай бұлардың қатарына темекі бұйымдары, алкогольдік ішімдіктер, сусындар, тұз және т.б. болуы мүмкін. Олардан түсетін түсімдер әдетте мемлекеттік бюджетке, біраз бөлігі жергілікті үкіметтің бюджетіне түседі.

Жанама салықтың қатарына кеден, баж салықтары да жатады. Олар тауарларды мемлекеттік шекарадан әрі-бері өткенде төленетін салықтар.

 

3.  Дүние жүзінде әр түрлі ақша айналымының жүйелері бар, ол тарихи даму кезеңдерінен өткен және әр мемлекеттің заңымен бекітілген. Ақша айналымының басты компоненттері мыналар:

1. Ұлттық ақша өлшемі (доллар, теңге, сом, марка, йена және т.б.) олар арқылы тауарлар мен қызмет көрсету бағалары көрсетіледі.

2. Несие және қағаз ақшалар, монеталар жүйесі, олар қолма-қол айналымдағы заңды төлем құралдары болып саналады.

3. Ақша эмиссиясы жүйесі, яғни айналымға ақша шығарудың заңды түрде бекітілген тәртібі.

4. Ақша айналымын реттеп отыратын мемлекеттік органдар.

Ақша айналымы жүйесінің негізгі 2 түрі бар:

1. Металл ақшалар айналымы жүйесі. Мұнда толыққанды алтын немесе күміс монеталар айналымда болады, олар ақшаның барлық қызметін атқарады.

2. Несие және қағаз ақша айналымы жүйесі. Бұлардың ерекшелігі алтынға айырбастала алмайды, алтынның өзін айналымнан ығыстырады.

Тарихи металл ақша айналымының (жүйесінің) биметализм және монометализм деген түрлері қалыптасқан. Биметализм алтын мен күмісті пайдалану негізінде ХҮІ-ХІХ ғасырларда Бстыс еуропа елдерінде пайда болды. ХІХ ғасырдың соңында күміс өндірісі жағдайларының өзгеруіне сәйкес ол құнсызданып, алтынмен арасалмағы өзгереді. Күміс монетелардың көбеюі оларды шығаруды тоқтатты. Сөйтіп биметализмді монометализм ауыстырады, мұнда ақша материалы болып, бір ғана металл- алтын есептелетін болды. Қағаз және несие ақшалары осы металға еркін айырбасталды.

Монометаллизмнің үш түрі белгілі: 1-шісі- алтын монеталы стандарт. Ол 1-ші дүниежүзілік соғысқа дейін қолданылып, қағаз және несие ақшалардың алтынға еркін айырбасталуымен сипатталады. 2-шісі- алтын кесек стандарты. Ол Англия мен Францияда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде енгізілді. Мұның ерекшелігі құн өлшемінің алтынға айырбасталуы, тек ол өлшем алтын кесегі стандартының бағасына сәйкес келуі тиіс. 3-шісі- алтын девиздер стандарты, ол 20 жылдарда көптеген елдерде енгізілді, мұнда банкноттарды алтынға шағылған шетелдік валюталарға айырбастады. 1929-1933 жылдардағы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстардыан кейін монометаллизм дәуірі тоқтады.

ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап батыс елдерінде бірте-бірте несие ақша жүйесі қалыптаса бастады. Оның айрықша белгілеріне мыналар жатады: несие ақшалардың үстемдік жағдайы, алтынның айырбастан кетуі, банкнотты алтынға айырбастауды жою және оның алтындық мазмұнын жоққа шығару; жеке кәсіпкерлерге, мемлекетке несие беру мақсатында ақша эмиссиясын көбейту; ақша айналымын мемлекеттік реттеу.

Қазіргі кезде қағаз және несие ақшаларды шығаруды мемлекет тікелей өз билігіне алды.

Ақша массасы дегеніміз - халық шаруашылығындағы тауарлар мен қызметтің айналымын қамтамасыз ететін сатып алу мен төлемдердің жиынтығы. Олар жеке адамдарға, кәсіпорындарда, бірлестіктер мен ұйымдарда және мемлекетте болады.

Ақша массасы құрылымының белсенді-активті бөлігіне шаруашылыққа нақты қызмет ететін ақша құралдары, ал пассивті бөлігіне ақша қорының есепшоттағы қалғандары жатады, соңғысы есеп айырысу құралдары ролін атқарады. Ақша массасының құрамына тікелей сатып өткізу мен төлем құралы ретінде пайдаланылмайтын компоненттерде кіреді. Әңгіме коммерциялық банктердегі мерзімді есепшоттарындағы жинақ салымдары, басқа да несие-қаржы ұйымдарының қаржылары, депозиттік сертификаттар, инвестициялық қорлардағы акциялар туралы болып отыр. Ақша айналымының аталған компоненттері "квази-ақша” деп аталады. Профессор П.Самуэльсон квази-ақшаларды өтімді активтер деп атады. Өтімді түсінігі ақша категорияларын анықтау үшін маңызды. Қандай болмасын мүліктің немесе активтің өтімділігі дегенде оның оңай сатылуы және құнын жоғалтпай ақша түріне айналуы мүмкіндігін айтады.

 

Мемлекеттің монетарлы саясатты жүргізу мақсаты:

- баға тұрақтылығын қамтамасыз ету;

- ЖҰӨ нақты көлемін өсіру;

- толық жұмыспен қамту.

Монетарлы саясат ақшаға сұраным мен ұсынымды қалыптастыру, яғни ақша нарығын құру үшін жасалады.

Ақшаға сұраным келесі жағдайларда қалыптасады:

а) айналым құралы ретінде ақшаға сүраным туады;

ә) құнды сақтау құралы кезінде туады.

Айналым құралы ретінде ақшаға сұранымды анықтайтын көрсеткіштер: номиналды ЖҰӨ немесе ақша деңгейі.

Құнды сақтау құралы ретінде ақшаға сұраным номиналды прцент ставкасының деңгейіне байланысты.

Ақшаға деген жалпы сұраным номиналды процент ставкасының деңгейі мен номиналды ЖҰӨ көлеміне байланысты.

Макроэкономикалық тепе-теңдік ақша рыногында белгілі бір пропорциялардың болуын қалайды. Олардың ішіндегіең бастысы ақшаға деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі.

Ақшаға сұраныс шарушылық агенттерінің сақтап жүрген ақша қаржыларының мөлшерімен анықталады. Шын мәнінде ол ақша қорына немесе қалған номиналды ақшаға деген сұраныс. Ақшаға сұранысты теориялық талдау мен рыноктағы теңдік жағдайын зерделеу бұл мәселелерде екі негізгі экономикалық мектептің "монетарлық және кейнстік макроэкономикалық үлгілердің” пайда болғанын көрсетеді.

Ақшаға деген сұраныстың монетарлық теориясы неоклассикалық дәстүрлерге сүйеніп, ХҮІІІ ғасырда пайда болды. Бұл теория экономика ғылымында үстіміздегі ғасырдың 30-40 жылдарына дейін үстемдік жүргізген ақшаның сандық теориясының ұсыныстарын басшылыққа алды. Бұл мектептің негізгі идеяларын ағылшын ғалымдары Д.Юм, Дж.Милль, А.Маршалл, А.Пигу,  американ ғалымы И.Фишер, шведтік Г.Кассель мен Б.Хансен.

Монетаристер экономиканы дамытуда ақшаның рөліне үлкен мән береді. Рыноктық шаруашылықтың циклдық өзгеруін түсіндіруде де ақша массасының маңызы бар деп есептейді. Кейнсиандық және монетарлық тәсілдердің айырмашылықтарын жақсы білу үшін алдымен неоклассикалық варианттың сандық теориясына талдау жасайық. Сандық теорияның негізгі жорамалы мынада: бағаның абсолютті деңгейі номиналды ақша қалдығының ұсынысымен анықталады. Басқаша айтқанда, ақшаны көп ұсынған сайын, бағаның деңгейі жоғары және керісінше болады. Мұндай тәуелділік белгісі кембридж теңдігі деп аталады.

Несие жүйесі дегеніміз - мерзімділік, төлемділік және қайтарымдылық шарттарында ақша қаражаттарын қалыптастыратын, айналысқа түсіретін, ұсынатын ақша несие бөлімшелерінің жиынтығы.

Несие жүйесі 2 бөлімнен тұрады: банк жүйесі және банктік емес банктер жиынтығы, яғни банктік емес қаржы несие институттары. Оларға жататындар: инвестициялық, қаржы және сақтандыру компаниялары, зейнеткерлер қоры, жинақ кассалары, ломбардтар және несие кооперациялары.

Несие дегеніміз - белгіленген мерзімге процентін қосып қайтару шартымен ақшалай қаржы беру. Әдетте несие төлем мерзімін ұзарту түрінде немесе заемшының қарыздық міндеттемесін сатып алуға берілуі мүмкін.

Ссудалық капитал дегеніміз - процент түрінде ақыға қайтарымдылық шартында меншік иесінің ссудаға беретін ақшалай түрдегі капиталы.

Несиенің түрлерін төрт белгісіне қарай топтастыруға болады:

берілу мерзіміне қарай:  қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді болып бөлінеді;

қамтамасыз ету түріне қарай: кепілденген және қамтамасыз етілмеген;

қарыз алушылардың түріне қарай: жек тұлға, өнеркәсіптік өндіріс кәсіпорны, мемлекеттік, басқа банктерге берілетін, шетел мемлекеттерінің ресми органдары, ауылшаруашылық болып бөлінеді;

қолдану бағытына қарай: инвестициялық, бағалы қағаздармен операцияларға, уақытша қаржылық қиындықты жоюға, тұтыну, экспорттық және импорттық.

Несие формаларының 2 түрі бар: коммерциалық және банктік.

 

4. Адамның экономикалық іс-әрекеті өз өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін материалдық база құруға мақсатталған. Адамдар экономикалық қызмет кезінде өзара тығыз байланыста болғандықтан, олардың өмір сүру жағдайы 1-1-іне әсерін тигізеді. Сондықтанда әрбір адамның өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасау талап етіледі. Осы көрсетілген қызмет әлеуметтік саясат болып табылады.

Әлеуметтік саясат дегеніміз - жеке индивидтердің өмір сүруі үшін ыңғайлы шарттармен қамтамасыз етуде мемлекеттің жүргізетін іс-әрекеті.

Әлеуметтік саясаттың 2 жақты рөлі бар:

1-ден, ол экономикалық өсуге байланысты құрылған ұлттық байлық азаматтар үшін ыңғайлы әлеуметтік жағдайларды құрудағы экономикалық қызметтердің басты мақсаты;

2-ден, әлеуметтік саясат - экономикалық өсу факторы.

Әлеуметтік саясаттың нәтижелік көрсеткіштеріне жататындар:

халықтың өмір сүру деңгейі;

халықтың өмір сүру сапасы;

тұтыну қоржыны;

Күнелту минимумы.

Нарыққа өту кезінде әлеуметтік қорғау жүйесінде әлеуметтік кепілдіктер маңызды орын алады. Ондай кепілдіктерге жататындар:

ең төменгі жалақы; ең төменгі зейнетақы;

стипендия; жәрдем ақы;

еңбек ету құқы;

тегін және ақылы білім беру;

дәрігерлік қызмет;

еңбек ету жағдайына қарай берілетін жеңілдіктер;

демалу құқы;

мемлекет белгілеген механизм бойынша халықтың табысын индексациялау;

жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік қорғау;

меншікке және одан түскен табысқа иелік ету.

Нарық экономикасы кезінде әлеуметтік саясатты жүргізу табысты құру және халықты жұмыспен қамтамасыз етуді қолдау механизмдері арқылы жасалады.

Табыс дегеніміз - жеке қажеттілікті қанағаттандыратын игіліктер мен қызметтерді алу үшін тағайындалған және белгілі уақыт ішінде алынатын ақша қаражаттарының жиынтығы. Халықтың тұтыну деңгейі олардың табыс деңгейіне байланысты.

Ақша табысын құрудың 3 негізгі көзі бар:

еңбек ақы;

меншіктен түсетін табыстар (дивиденд, процент, рента);

әлеуметтік төлемдер.

Нақты өмірде табыстың дұрыс бөлінбеуін "Лоренц қисығы” деп атайды.

Табыстың 2 түрі бар:

а) Номиналды табыс- жұмысшылардың атқарған қызметтері және жұмыстары үшін қолына алған ақша сомасы.

ә) Нақты табыс- халықтың нақты тұтынатын игіліктерінің құны.

 

5.Әлемдік экономика немесе дүниежүзілік шаруашылық дегеніміз- ұлттық шаруашылықтардың жиынтығы. Ол үздіксіз қозғалыста және өсу үстінде болады.

Дүниежүзілік шаруашылық өзара байланысты 2 жүйеден- ұлттық шаруашылықтардың жиынтығы мен халықаралық экономикалық байланыстардан тұрады. Оның дүниежүзілік шаруашылықты байланыстыратын бірнеше элементтері бар. Мысалы, егер бұл категорияғатехникалық-экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, дүниежүзілік шаруашылықтың дамуы  жалпы бір заңдылыққа бағынады. Сондай-ақ, қоғамдық құрылымның сипаты мен жекелеген елдердің ұлттық шаруашылығы, әр мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты- оның басқа елдермен экономикалық байланыстарының бағытын, дүниежүзілік шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық сипатын көрсетеді.

Әлемдік экономика- экономикадағы жалпы заңдылықтармен бірге, нақтылы болып жатқан құбылыстарды да зерттейді.

Ұлттық экономиканың дүниежүзілік шаруашылықпен қосылуының өзіндік ерекшеліктері бар. Кез келген мемлекеттің  сыртқы экономикалық байланыс жүйесіндегі ең сезімтал тұсы- оның экономикалық саясаттағы, яғни халықаралық байланыстар жүйесінде атқарып отырған қызметінде.

Қазіргі кезде кез келген мемлекеттің сыртқы экономикалық байланысы, оның көлемі, құрылымы, ол байланыстардың бейнесі барлығы- ұлттық шаруашылықтың дүниежүзілік байланыстағы деңгейін көрсетеді.

Әлемдік шаруашылық және оның бір бөлігі болып халықаралық экономикалық қатынастар саналады.

ХЭҚ-тың негізгі формаларына жататындар:

- халықаралық сауда;

- капитал қозғалысы;

- жұмысшы күші миграциясы;

- халықаралық  жұмысшы күші миграциясы;

- халықаралық өндірісті кооперациялау;

- ғылыми-техникалық айырбас;

- валюта-несие айырбасы.

Дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымы және әлемдік экономикалық қатынастар – елдер арасындағы өндірістік күш пен өндірістік қатынастардың деңгейімен анықталады. Әлем әртүрлі әлеуметтік-экономикалық жүйеге бөлінген. Олар халықаралық топтарға бірігеді.

Халықаралық тәжірибеде елдерді топтастырғанда негізгі үш топқа бөлеміз:

1. нарық экономикасы дамыған елдер;

2. экономикасы-нарық жүйесіне өту барысындағы елдер;

3. дамушы елдер.

І топқа нарық экономикасы дамыған 24 мемлекет кіреді.

а) "Үлкен жетілік”;

ә) Еуропалық одаққа кіретін елдер;

б) Еуропалық еркін сауда ассоциациясына кіретін елдер.

ІІ топқа шығыс Еуропаның бұрыңғы социалистік жүйедегі елдері, бұрыңғы ССРО елдері жатады.

ІІІ топқа Азия, Латын Америкасы, Африка елдерінің 141 елі кіреді.

Халықаралық еңбек бөлінісі  - мемлекет ішінде және мемлекетаралық еңбектің даму қортындысы болып табылады. Еңбек бөлінісі- ол нақты еңбектің бөлінуі. Еңбекті бөлудің түпкі мақсаты- өнім шығарудың әдісі, яғни халықаралық еңбек өнімін өсіруге саяды.

Қоғамдық еңбек бөлінісі өзінің кәсіптік қызметіне байланысты мынадай формаларға бөлінеді:

а) жалпы,

ә) меншіктік;

б) бірыңғай кәсіпорындар.

Халықаралық еңбек бөлінісін дамытуға ықпал ететін бірнеше факторлар бар:

1.Елдердің табиғи-географиялық орны;

2. Ғылыми-техникалық прогресс;

3. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар.

Халықаралық еңбек бөлінісі қоғамдық еңбек бөлінісінің ең жоғарғы көрінісі, мемлекетаралық экономикалық байланыстардың негізі және жалпы экономикалық өзара тәуелділіктің объективтік бастамасы.

Еңбек бөлінісінің 4 формасы бар:

1. адамдардың жасы мен жынысы арасындағы еңбек бөлінісі;

2. қоғам ішіндегі;

3. территориялық еңбек бөлінісі;

4. халықаралық еңбек бөлінісі.

Дүниежүзілік шаруашылық байланыстардың күрделі жүйесінде халықаралық сауда ерекше орын алады.

Халықаралық сауда - әртүрлі елдердегі тауар өндірушілер арасындағы байланыс формасы болып табылады, яғни ол халықаралық еңбек бөлінісі негізінде қалыптасады және елдердің өзара тәуелділігін көрсетеді.

Ұлттық экономикадағы ұлттық нарықтардың жиынтығы - дүниежүзілік нарықты көрсетеді.

Ұлттық нарық – бұл халықаралық еңбек бөлінісі негізінде елдің ішкі және сыртқы сауда операцияларын жүзеге асыратын сфера.

Сыртқы сауда дегеніміз- белгілі бір елдің басқа елдермен сауда жасауы.

Сонда барлық елдердің сыртқы сауда операциясын жүзеге асыратын сфера- халықаралық нарық деп аталады.

Сыртқы сауда операцияларының төрт түрі бар:

- экспорттық;

- импорттық;

- реэкспорттық;

- реимпорттық.

Халықаралық сауда- бұл халықаралық тауар-ақша қатынастарының сферасы, дүние жүзіндегі барлық елдердің сыртқы саудасының жиынтығы.

Халықаралық сауданың формалары төмендегідей жіктеледі:

аукциондар мен аукциондық сауда;

биржалық сауда;

халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер;

лизингтік қатынастар;

қарама-қарсы сауда;

шекаралық сауда.

Категория: Экономика | Добавил: admin_ (01.12.2013)
Просмотров: 4920 | Теги: Экономикалық саясаттың негізгі бағы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0

Имя *:
Email:
Код *: